Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлағатты ұстаз - АРҚА АЖАРЫ

Ұлағатты ұстаз

Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған, нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ.., жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп… қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Әл-Фараби.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби уақыт өтіп, заман озса да бейнесі мен қасиеті өзгермейтін, алдында адамзат бас иетін мамандық иесі – ұстаздың қандай болмағын дәл сипаттап берген. Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық қасиет, табиғат дарытқан құдірет екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Бүкіл ұстаздар қауымын әр баланың жан дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.
Бүгінде мұғалім мамандығын игерген жандар арамызда өте көп, ал, ұстаздық қасиетті бойына сіңіріп, шәкіртінің бойына қуат, жанына жігер беретін, өмірлік ұстанымын айнытпай табуға ықпал ететін ұстаздар қатары көп емес.
Бурабай ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Бағила Батырғалиқызы Қасенова осындай қасиетке ие абзал жан. Бұған дейін де Бағила Батырғалиқызы туралы мақалалар жазылды, кездесу кештерінде жылы лебіздер көптеп айтылуда. Дегенмен, мен өз білгенімді, өзімнің ойыма түйгенімді ортаға салуды жөн көрдім.
Бағила Батырғалиқызының есімі Көкше өңірі мен Бурабай жерінде кеңінен таныс. Себебі, бүкіл өмірін шәкірт тәрбиесіне, балаларға білім нәрін себуге арнаған ұстаздың алдынан талай оқушы қанат қағып ұшты. Олардың ішінде билік тізгінін ұстағандар да, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де, ұстазының жолын қуған мұғалімдер де, дәрігерлер де, тағы басқа толып жатқан кәсіптен нәсібін тапқан жандар көп-ақ.
Мен атын қадірлеп атайтын ұстазды Щучинск қаласындағы №5 орта мектептің директоры кезінде сырттай танитынмын. Қала халқы «Капай» деп атайтын қаланың бұл бөлігінде түрлі ұлт өкілдерімен қатар, қиын отбасылар да көп тұрады. Мұндай отбасылардың балаларының да тәрбиесі қиыс кетіп жататыны белгілі жайт. Іргетасы ертеде қаланған мектепті құстың ұясындай етіп ұқыпты ұстау, жоғарыда айтылғандай қиыс жолдың үстінде тұрған балаларды қатаң қадағалау, білім, тәрбие-тәлім беріп, жібі түзу адам етіп, қанат қақтыру нағыз жүрек жұтқан батыл, әрі өз ісіне адал берілген жанның ғана қолынан келері хақ.
Қазір ол азаматтардың көпшілігі есейген, ақыл тоқтатқан, отбасылы, ел ағасы қатарына қосылған апталдай азаматтар. Ұстазын көрген жерде құрақ ұшып қарсы алып, бәйек болып жатады.
Бағила Батырғалиқызы зейнет жасына жеткен соң да қол қусырып қарап отырған жан емес. Ауданымыздың қоғамдық өміріне де белсене атсалысып жүреді. Қазақтың тұңғыш ағартушы-ұстазы Ыбырай Алтынсариннің: «Қашанда бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, одан соң қолыңызды жұмылдырыңыз, егер де ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін тауып мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға ерік беріңіз», –
деген нақыл сөзі бар. Ұлы ағартушының сөзін неге мысалға келтіріп отырмын?
«Арман» мектептен тыс оқу-тәрбиелеу жұмыс орталығының аты ересектер мен балаларға кеңінен таныс. Орталықта қала мен аудан тарихынан сыр шертетін керемет мұражай жұмыс істейді. Осы мұражайды ашуға себепкер болып, оның басы-қасында Бағила Батырғалиқызы өзі жүрді, әрі бірегей көне жәдігерлерді өз қолымен жинады. Қазіргі таңда орталық мұражайына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, соңғы үлгідегі жиһаздар қойылды.
Өмір сынынан өтіп, еңбекте шыңдалып, тәжірибе жинақтаған ардагер ұстаз қолы қалт еткенде шығармашылықпен айналысады. Көркем шығармаларды оқып шығып, қазақ тіліндегі туындыларды орыс тіліне аударады. Оның бірнеше аудармалары баспасөз беттерінде жарияланып үлгерді. Авторлары да ризашылықпен жылы лебіздерін білдірді. Әдетте, қайбір аудармаларды оқып отырып, қарның ашатыны рас қой. Әсіресе, қазақ тіліне аударылғандарды айтамын да. Не ой, не мағына, бірізділік жоқ, қойыртпақ. Бағила Батырғалиқызының аудармаларын салыстыра отырып оқығанда байқайтыным, тілі жатық, мағынасы мен бояуын жоғалтпаған, оқылуы жеңіл. Дегенмен, осындай жемісті еңбектің артында қаншама ұйқысыз түндер мен мазасыз күндердің тұрғанын ойлағанда, ол кісінің ерен еңбегіне еріксіз бас иесің.
Ұлағатты ұстаздың есте сақтау қабілетіне де біз, жастар тамсанамыз. Абай ақынның 175-жылдығына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр ғой. Соның бірі, ақынның өлеңдерін жатқа оқу челленджі. Бағила Батырғалиқызы ақынның «Көзімнің қарасы» өлеңін түгел жатқа айтты. Тағы бірде, «Татьянаның хатын» нақышына келтіре оқып, тыңдарманның ризашылығына бөленді, жүректерге терең бойлады.
Түрлі тақырыптық кездесулер мен кештерге құрметті қонақ ретінде шақырту алады. Байқайтыным, жайшылықта еркіндік тиіп, сыбыр-күбірі мен күлкісі көбейіп кететін балалар Бағила Батырғалиқызы сөйлегенде сілтідей тына қалады. Зейін қоя тыңдап, құрметпен шығарып салады.
Бүгінде жетпістің бесеуіне келген ардагер ұлағатты ұстаз әлі де болса еңбекқор, біздермен бір сапта қызмет етіп келеді. Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра деген даналық сөз бар емес пе. Осы жасаған азды-көпті жасында Бағила Батырғалиқызының кейінгі жастарға берер өнегесі мен өсиеті, тәлім-тәрбиесі мол. Талғаммен киінетін апайымыз көпшілік ішінде көзге бірден түседі. «Сырлы кесенің сыры кетсе де, сыны кетпейді», – деген сөзді аталарымыз осындай керім апа-әжелерге қарап тұспалдап айтса керек. Ал, біз, ұжым атынан Бағила Батырғалиқызына денсаулығы мықты, өмір жасы ұзағынан болып, соңынан ерген ұрпағының қызығын көруіне тілекпеспіз.
Ләззат Егембердиева.
Щучинск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар