Ел тарихын насихаттап, болашақ жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру біздің борышымыз деп білемін. Осы орайда, Алтын Орда тарихына көз жүгіртсек… Алтын Орда – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ұлысы аумағында құрылған мемлекет. Осыдан тура 750 жыл бұрын Талас өзені бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада-нояндары жиналып, ұлы құрылтай өткізген. Тарихта оны «Талас құрылтайы» деп атайды. Түрік деректерінде Бату ханның әскерлері «қыпшақтар» деп аталды. Себебі, ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болатын.
Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиетте «Қыпшақ ұлысы» деп те аталды. Сондай-ақ, палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі Алтын Орда аристократтарына гендік, қандық тұрғыдан қазақтар ғана жақын деген болжам айтты. Биыл Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы датаны мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы ретінде насихаттап, Жошы ханның есімін ұлықтауды ерекше атап өтті. Алтын Орданың 750 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Атап айтар болсақ, Парижде өтіп жатқан Халықаралық Түркі Академиясының «Ұлы дала: мәдени мұра және оның әлем тарихындағы рөлі» атты форумда Алтын Орданың 750 жылдығы аталды. Аталған шараға Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия, Голландия және Мажарстан сынды елден жетпіске жуық ғалым және ЮНЕСКО өкілдері қатысты.
1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда империясының 750 жылдық тарихы жастарға мұра. Жошының ұлдары Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен Алтын Орда Мөңке Темірдің билігі тұсында 1269 жылы Талас өзенінің бойында шақырылған Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында бір-бірімен татулықты сақтай отырып, өз ұлыстарында тәуелсіз саясат жүргізуге өзара мәміле жасасып, өз алдына дербес империя екенін толық мойындатуға қол жеткізді. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында Алтын Орданың 750 жылдығын біздің тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристердің назарын аудару тұрғысынан атап өту керектігін, сонымен қатар, Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның саяси қайраткер ретіндегі мемлекеттік идеологияның қалыптасуындағы маңызды тарихи өзектілігін ұмытпауымыз керектігін атап өтті.
Моңғол империясының ыдырауынан кейін құрылған мемлекеттердің ішінде Алтын Орда түріктердің саяси және этникалық тарихы үшін ерекше маңызға ие болды. Алтын Орда Еуразиядағы орта ғасырлық мемлекет. 1224-1266 жылдары Моңғол империясының құрамына кірді. Хандықтың құрылу тарихы мен мұрасын жалғастырушы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының игілігінде болды. Жошы ұлысы кең байтақ Алтын Орда мемлекетіне айналды. Алтын Орда шығыста Ертістен Балқашқа дейін, батыста Қара теңізден Дунайға дейін созылды. Бату Жошының ұлы, Шыңғыс ханның немересі, батысында Венгрия мен Польшаны, ал, оңтүстігінде – Кавказдың көп бөлігін жаулап алды. Алтын Орданы басқарған хандар өз мүмкіндіктерінің күшімен Алтын Орданың иеліктерін кеңейтіп, оның күшін нығайтты. Алтын Орданың найза мен қылыштың бағындыруымен бодандықта келген шығыс бөлігінің тұрғындары алашұбар болды.
Олар ислам, христиан, тенгриан және басқа діндерді ұстанды және ұйғыр жазуын қолданды. Мемлекеттік тіл – шағатай тілі болды. Алтын Орданың астанасы – Беркеде және Бату, Үргенч, Хорезм, Сығанақ қалаларында гуманитарлық ғылымдар, әдебиет және қолданбалы өнер дамыды. Ғұлама ғалымдар Әбу Насыр Әл-Фараби, Авиценна, Бируни, Сығанақ, С.Бақырғани шығармаларын зерттеп, сонымен бірге, жеке зерттеулер жүргізген. Алтын Орда Еуразия халықтарының арасында үлкен маңызға ие болды. Қазақтар Алтын Орданың заңды мұрагері деп мақтанышпен айта аламыз. Республика көлемінде Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтілуде. Соның ішінде ақындар айтысы, танымдық сағаттар, ғылыми танымдық конференция-
лар, дөңгелек үстелдер, кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Осы орайда біздің білім ордасының ұстаздары мен оқушылары, мектеп кітапханашылары, тарих және құқық пәні бірлестігінің мұғалімдері бұл шараға белсенді қатысып, жеке үлестерін қосты. Мектеп кітапханашылары М.Жұмабекова мен А.Аязбекова Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Тарихымыздың алтын дәуірі – Алтын Орда» атты кітап көрмесін жасады. «Алтын Орда – қазақ мемлекетінің алтын бесігі» тақырыбында танымдық-конференциялар, дөңгелек үстелдер, ашық сабақ, сыныптан тыс жұмыстар өткізілді. Мектебіміздің білікті ұстазы, тарих пәні мұғалімі Гүлбану Тұрымтаева «Ел тарихы – Алтын Орда» тақырыбында 9-10 сыныптар арасында дөңгелек үстелде басымызды қосты. Жүздесу барысында оқушылар Алтын Орда мемлекетінің тарихымен таныс болды. Алмагүл Рзақұлова тарих пәнінің мұғалімдеріне «Ұмытылмас тарих» атты танымдық сағатын ұйымдастырды.
10 «Б» сыныбына Ұлпан Ибраимова «Алтын Орда мемлекетінің құрылуы» тақырыбында ашық сабақ өткізсе, «Алтын Орда – қазақ мемлекетінің алтын бесігі» тақырыбында Гүлжан Сәбитқызы 9-10 сыныптар арасында ғылыми-танымдық конференция өткізді. Конференцияда оқушылар ойларын ортаға салып, пікір алыс-
ты. «Ұлылар үндестігі» қазақ хандарына, билеріне, батырларына арналған танымдық кешті 5-8 сыныптар арасында Гауһар Жакебайқызы жүргізді. Қорытындылай келе, Алтын Орданың 750 жылдығына әлемнің назарын аударып, Жошы ханның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру өте маңызды міндет. Өйткені, Мемлекет басшысы «Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы болуы тиіс», – деп атап көрсетті.
Ресейлік антрополог Л.Яблонский отыз жыл бойы Алтын Орда көшпенділерінің бас сүйегін, қаңқасын зерттей келе, орта ғасырлық бұл жасампаз жұрттың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды, – деген қорытынды жасаған. Жошы ұлысының Жетісу, Талас, Шу, Қаратау, Сыр және Мауереннаһр аумағында ежелден мекендеген байырғы түрік тайпалық одақтары Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне айрықша үлес қосты. Қазақ хандығының тарихы Жошы ұлысымен қатар, Моғолстанның бай тарихымен тығыз байланыста өрілді. Бұл Жошы ұлысының тарихы үшін ғана емес, оның қазіргі мұрагері Қазақ елі үшін де маңызы зор. Алтын Орданың құрылуы Талас құрылтайынан бастау алғанын еш уақытта ұмытпауымыз керек.
Екіншіден, Жошы хан бүкіл қазақ қастерлейтін Ұлытау ауданында жерленді. Алтын Орданың 750 жылдығы туризмді дамыту тұрғысынан да тойланады. Әсіресе, экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі қажет. Алтын Орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлану керектігін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше атап көрсетті. Аумағының басым көпшілігі қазіргі біздің жеріміз. Сондықтан, қазақ елі – Алтын Орданың заңды мұрагері санатында екенін айрықша мақтанышпен атап айта аламыз.
Гүлжан СӘБИТҚЫЗЫ,
Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің тарих пәні мұғалімі.
Қармақшы ауданы,
Қызылорда облысы.