Бебеу қағып, күнменен шағылысып, Ақ күміске шомылар жапырақтар!

Мұхаммед Қонқаев

Ауыл суреттері

Арайлы таң хабары ерте жетіп,
Найза сәуле түседі өлкеге тік.
Ақ шұғыла бұйра бас ормандарды,
Маңдайынан сипайды еркелетіп.
Тәңір өзі нәр берген топыраққа,
Аты – ауыл, бұл жердің заты – мақпал.
Бебеу қағып, күнменен шағылысып,
Ақ күміске шомылар жапырақтар.

Жауын жауар бұтақтан нұр тамдырып,
Көгерерін қайың мен тұр тал біліп.
Тау шыңымен сәт сайын дидарласып,
Тәкәппарлау көрінер сұңқар бұлт.

Ұмыттырып шерді де, құсаны да,
Жетелейді бір тылсым мысалына,
Бар айнала ұйыған іңір түссе,
Мамыр күйдің енеді құшағына.

Тоқылдақтың мезі боп жалқы үнінен,
Қоңыр қоян жылт етер тал түбінен,
Қас қарая есінеп бар тіршілік,
Бұлбұл құстан сұрайды ән түнімен.

Нұр ойнайды аспанның қабағында,
Бір тылсым бар даланың самалында.
Барқыт түнде елбіреп, мұң елжірер,
Жұлдыздардың кірпікті жанарында.

Ауыл,ауыл

Ауыл, ауыл,
Босайды көңіл неден?
Жүрегімнен соны ойлап төгілді өлең.
Тек ауылдан шығады кербез жандар
Тек ауылдан басталар өмір деген.

Тал бесікпен болмаймыз неге бірге,
Елемедің, білмеймін, еледің бе?
Шеберлігі Тәңірдей суретшінің,
Тұнып тұр ғой ауылдай шедеврде.

 

Ауылдың сыры тауында, шоқыларында,
Ауылым жаққан жастықтың оты жанымда.
Өмірде қандай бақыт бар атамекеннің,
Еркелеп келіп аунасам топырағында.

Таң атса шықтың көретін тірлігін жаңа,
Мың күнімнен мұндағы бір күнім дара.
Тұман әукесі салбырап басқанда естимін,
Шашбау таққан өзеннің сылдырын ғана.

Бір сәт құлақ сап даланың қоңырауына,
Маздаған мақпал кеште де толы мағына.
Қиялға шомып кетемін қап-қара аспан,
Жұлдыздан түйме таққанда омырауына.

Күн ұлы
(Әбілмағжан Бекмағанбетұлына)

О, Күннен жаралған Пайғамбар!
От Ақын!
Бозінген ғасырды іздейді бота күн!
Көр көзден жасы аққан түссіз жын перілер,
Сендегі жалыннан тұншығып, демігер!
Көзіңнен от төксең, аузыңнан от бүркіп,
Қара түн баласы қасыңнан өтті үркіп…
Лап етсең Күнбатыс перзенті құрыған,
Оларды көмдің бе Күншығыс нұрына?!
Уай, Ақын, Ақ Жалын, Рауандай Жарығым,
Заманның құлағын шулатты зар үнің!
Биіктен құштың ба Мұсаның аяғын,
Бірақ та жалғанның жоқ екен баяны…
Сен едің айдынын қызғыштай қорыған,
У іштің өмірдің мүңкіген қолынан…
Мұңайсаң ішіңде байғыздар анталап,
Сыздайды Сасықкөл, Түн беті қанталап…
Ар жақта Қорқыт жүр ішінде қан қатып,
Бер жақта Қойлыбай қобызын зарлатып,
Кесапат сөз естіп ауыздан кесірлі,
Елестер күбірі шығарып есіңді,
Түрменің сұп-суық демінен түршігіп,
Шыбын жан шырқырап аспанға құлшынып,
Тор бөлме сыртында зәре мен құтыңды ап,
Қу өлім күтті ме тістері шықырлап?!
Қайдасың? Қайдасың Ақынның Ақыны,
Қай қырдан мәңгіге жай таптың ақыры?
Тариxи шимайдан адасты түркі ұлы,
Іздедім жамалмай көңілдің жыртығы.
Оралсын мөп-мөлдір поэзия тұнығы,
Оралшы қайтадан қысық көз Күн Ұлы!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар