Браконьер! Тоқта!

Жан-жануарларды қорғау бүгінде мемлекеттік маңызы бар мәселе болып отыр. Табиғат байлығын сұраусыз жатқан ен дүниедей көріп, заңды белден басып аң-құс, балық аулайтын браконьерлер қай жерде де бар. Өткен жылы, тіпті мемлекеттік инспекторға оқ атқан жағдайдың орын алғаны да есімізде.

Содан болар, бұл мәселені прокуратура ұдайы бақылауында ұстайды. Ақмола облысы бойынша мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жергілікті құзырлы органдармен бірлесе отырып, браконьерлікпен күрес бағытында мақсатты жұмыстар жүргізуде. Биылғы жылдың басынан бері аң аулау ережесін бұзудың 190 оқиғасы анықталыпты. Сонымен бірге, балық аулауға қатысты заң бұзушылықтың 272 оқиғасы тіркелген. Браконьерліктің алдын алу үшін облыс аумағындағы өзен-көлдерді аулардан тазарту жұмыстары да үзбей жүргізіледі. Биылғы жылдың 14 мамырында облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Зеренді ауданының аумағында орналасқан Мырзакөлсор көлінен ұзындығы 5 шақырымнан асатын ауды тауып алды. Браконьерлер құрған ауға көптеген балықтар түсіп қалған. Балықтардың ішінде соңғы жылдарда қолдан өсіріле бастаған «Тұқы» балығы да бар екен.
Тағы бір айта кетерлік жай, Көкшетау қаласында сатылып жүрген балықтардың ішінде лас ағынды сулар жинақталған судан ұсталған балықтардың барлығын да атап өткен артық болмас. Канализация суы құйылып жатқан тоғаннан балық аулап, соны еш қымсынбастан қала тұрғындарына сатып жүргендер туралы бірнеше жыл бұрын КТК арнасы көрсеткен болатын. Прокуратура балық сатушылардың құжаттарын, оның ішінде зертханалық анықтаманы қатаң тексеруде. Десе де, құқық қорғаушылары айналып өтіп, заңсыз балық сататындар әредік кездесіп жатады. Осы орайда, қадағалушы орган өкілдері балық сатып алғанда оның заңды құжаттарының болуына назар аудару қажеттігін ескертеді.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар