Бұландылық диқандар көктемгі егіс жұмысын толық аяқтап шықты. Олар 202,4 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар, 17,4 мың гектар жерге майлы дақылдар, 7,2 мың гектарға көпжылдық және 9,1 мың гектарға біржылдық екпе шөп екті. 762 гектарға картоп, 50 гектарға көкөніс отырғызылды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амангелді Камелиновтың айтуынша, дәнді және бұршақты дақылдардың ішінде 163,1 мың гектар алқапқа бидай себілген. Бұл белгіленген жоспардан 4 пайыз артық. Сондай-ақ, 36,2 мың гектар жерге арпа, 2,9 мың гектарға сұлы, 80 гектарға күздік қара бидай, 223 гектарға тары сіңіріліпті. Майлы дақылдардың ішінде 10,7 мың гектар алқапқа зығыр, 5,2 мың гектар жерге рапс, 1,5 мың гектарға күнбағыс, 80 гектарға соя егілген.
Аудан бойынша егіс науқанын «Журавлевка-1», «Партизанский-1», «Даниловский и К», «Нанар фирмасы», «Аскоп», «Шаруа Көкше» серіктестіктері, «Игілік», «Рамазанов» шаруашылықтары алғашқылардың бірі болып аяқтап шықты. Мәселен, Қуантай Сұлтанов басқаратын «Журавлевка-1» серіктестігі 48,9 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар, 10,4 мың гектар жерге майлы дақылдар сеуіпті. Бұл аудан бойынша жоғары көрсеткіш. Орманға бай ауданның жері құнарлы болып келеді. Оның үстіне өткен қыс айларында қар қалың түсіп, мол ылғал қоры жиналды. Енді диқандар агротехникалық шараларды уақытында жүргізіп, мол өнімнің негізін қаламақшы.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.
Бұланды ауданы.