Целиноград ауданының Талапкер, Қосшы, Қоянды, Қараөткел ауылдарының аумағында рұқсатсыз төгілген күл-қоқыс тазартылды.
Аталмыш фактілер бойынша облыстық экология департаменті Целиноград ауданының әкімдігіне рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша жедел шаралар қабылдау жөнінде хат жолдады. Мұндағы қалдықтардың жалпы көлемі 50 тоннадан артық болып шықты. Оны жою үшін 5 жүк тиегіш, 7 «КамАЗ» жүк көлігі жұмылдырылды. Бүгінгі күні қалдықтар жақын маңдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылды.
Бұланды ауданы аумағында жер бедеріне қалдық сулардың ағызылғандығы анықталды.
Тексеріс кезінде белгілі болғанындай, «Макинск жылу» коммуналдық кәсіпорны тарапынан ҚР Экологиялық кодексінің 73 және 225-баптары бойынша құқық бұзушылықтарға жол берілген. Осыған байланысты аталмыш коммуналдық кәсіпорын әкімшілік жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта кәсіпорын тарапынан құқық бұзушылық толығымен жойылып, айыппұл толық көлемде төленді.
Степногорск қаласының Ақсу кентіндегі жергілікті кәсіпорында апат орын алып, қойыртпақ зат далаға төгілді.
Аталмыш факті бойынша кәсіпорын ескерту жасалды. Өз кезегінде кәсіпорын басшылығы апаттың болғанын растап, оның салдарын жойды. Және де алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеуге міндеттелді.
Көкшетау қаласында Қопа көлінің жағасына төгілген өндірістік және тұрмыстық қалдықтар тазартылды.
Департамент қызметкерлері көлдің жағасын ластаған ұйымды анықтап, қоқысты шығару туралы нұсқау берді. Нәтижесінде аталған аумақ толығымен қоқыстан тазартылып, бұдан былай мұндай жағдайға жол бермеу туралы ескерту жасалды.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай, республикалық «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» тақырыбында суреттер байқауы ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті ұйымдастырған байқауға балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Байқау жеңімпаздары сурет тақырыбын ашу мен сюжеті, түпнұсқалығы, композициясы, эстетикалық және көркем бейнесі бойынша анықталды. Өңірдегі жеңімпаздар Ақмола облыстық экология департаментінің арнайы дипломымен марапатталды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.