Біз бүгін халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегмановтың этнограф Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбат түрінде жазған «Этнографпен әңгіме» кітабынан алып, өз ұлтымызға қажетті деген кейбір әңгімелерін жариялауды жөн көрдік.
Жағда Бабалықұлы: –Бұл жөнінде біраз жинағаным бар. Оларды мен қағаздарымның арасынан қазір таба алмаймын. Оған көп уақыт керек. Сондықтан, есімде барын айта берейін. Құстар бауырлап ұшса, күн райы бұзылады. Құстар қанатын тарап, денелерін тазалай бастаса, келесі күні жаңбыр жауады. Балапан баспана іздесе, не енесінің бауырына тығылса, ауа райы дымқылданады. Қараторғайлар топталып ұшып, аспанда неше түрлі қимылдар жасаса, күз ұзаққа созылады. Қарлығаштар аспанға самғап, биіктеп ұшса, күн ашық, төмендеп ұшса, жаңбыр жауып, жел болады. Құстар ертемен жем іздеуге асықса, күн жауын-шашынды болады. Шағалалар өзен, теңіз бетінде ұшып жүрсе, күн ашық болады, егер жиекте жүрсе, күннің бұзылатындығының белгісі. Бозторғай ән салса, күн ашық. Ал бозторғай көрініп, үнсіз жүрсе, жауын жауады. Қыста торғайлар ұясына мамық таси бастаса, күн кенеттен қатты суытады. Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады. Тауық жерге аунап, қанатын қағып, тазалана бастаса, жаңбыр жауады. Қыстыгүні әтеш бір аяғын көтеріп тұрса, аяз болады. Жаңбырлы күндері әтеш таң ата шақырса, күн ашылады. Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса, аяз болады. Аязды күні қанатын желпінсе, аяз сынады. Қыста қаздар қаңқылдаса, жылы болады, аяқтарын бауырына тығып жатып алса, күн суытады немесе боран болады. Қаз бен үйректер суға шомылып, қиқулап, қанаттарын қомдап, мазасыздана бастаса, ауа райы бұзылады. Қызылқаз былтырғы ұясын жөндемей жұмыртқаласа, жаз құрғақшылық болады. Егер ескі ұяны жөндеп, биіктететін болса, жаз жаңбырлы болады. Бұл құстарға байланысты болжамдар деп жазып қой. Енді төрт түлік малдың іс-қимылын байқайық… Қой сүзіссе, жел болады. Түйе мизам түнінде басын құбылаға беріп жатса, алдағы қыс жайлы болады, ал егер жайсыз жатса, қыс қатты болады. Жылқы күзде іш тастаса (құлын тастаса), ол жылы қыс қатты болады. Жылқы өте текті жануар ғой, құлынын қыстан шығара алмайтынын біліп, әдейі іш тастайды. Алдын ала сезеді ғой. Өгіз құйрығын шошайтып жоғары көтерсе қатты жел, шошқа қасынса жылы, шыңғырса жауын-шашынды болады. Егер шошқа сабан тасыса дауыл болады. Жылқы ішін тартса күн бұзылдады, пысқырса жаңбыр жауады. Қой өрістен қайтқанда аузына шөп тістеп қайтса жұт болады. Сиыр өріске шықпай қойса немесе өрістен ерте қашып келсе ауа райы бұзылады. Сиырлар кең тыныстап жатса, ұзамай жауын жауады.