Алматының өртке қарсы қызметінің тарихындағы ең ірі апат 1989 жылдың 20 мамырында болған еді. Атап айтсақ, сол күні Алматы-ІІ теміржол станциясының кіре беріс жолдарында сұйытылған газ және жиһаз бен бояу тиеген екі тепловоз соқтығысқан.
Өртті сөндіру де және төтенше жағдайлар зардаптарын жоюда 9 өрт сөндіруші қызметтік міндетін орындау кезінде көз жұмған. Осы оқиғаның орын алғанына биыл 31 жыл толып отыр.
Осы қаралы датаға орай, күні кеше Көкшетау техникалық институтында оқу орнының басшылығы, ардагерлер және жеке құрамның қатысуымен қаза болған өрт сөндірушілерді еске алу рәсімі болып өтті. Сонымен қатар, іс-шараға Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Елдар Әбуев қатысып, сөз сөйледі. Ерлігімен есте қалған өрт сөндірушілерді еске алу бір минут үнсіздікпен басталды.
Іс-шараны институт бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Шәріпханов жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде бұл ерлік тек қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген құтқарушылар үшін ғана емес, сондай-ақ, болашақта өз өмірін осы мамандықпен ұштастырғысы келетін жас мамандар үшін де өз ісіне шексіз берілудің үлгісі болып қалатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құрметті ардагері Сапарғали Асылбеков те сөз сөйлеп, болашақ құтқарушылардың өз ісіне адал болуы, жүктелген міндеттерді бұлжытпай және кәсіби тұрғыдан жоғары деңгейде атқаруы керектігін алға тартты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.