Көкшетауды абаттандыру сапалы әрі қарқынды жүргізілсін
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласында жаңадан іске қосылғалы отырған және қүрделі жөндеу жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарда болды. Жол құрылысы мен жол жөндеу барысымен танысып, кейбір абаттандыру жұмыстарының барысына ескерту жасап, облыс орталығын көркейту жөніндегі міндеттердің ойдағыдай орындалуын тапсырды.
Биылғы жылы облыс аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылдың қараша айында өтетін Қазақстан мен Ресейдің ХҮІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына орай, облыс орталығында көптеген жаңа нысандар бой көтеруде әрі бірқатар жолдар жөнделуде. Аймақ басшысы форум мақсатында және қала ішін көркейту тұрғысында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен нысандардың бірқатарында болып, ондағы істің жай-күйімен жан-жақты танысты. Алдымен облыс басшысы Абай-Набережная-Әуелбеков-Алтынсарин көшелерінің қиылысында орналасқан үйлердің ауласында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарына назар аударды. Бұл жердегі жұмыстардың мердігері – «Норд Жолдары» серіктестігі. Жұмыс 2018 жылы басталған, алайда, әлі күнге дейін аяқталмаған. Өңір басшысы серіктестік директоры Арман Манукянға осыған орай ескертулер жасай келе, бөлініп жатқан қаржыны мақсатты жұмсап, бар шаруаны ағымдағы жылы тиянақтауды тапсырды. Осындай ауланы абаттандыру жұмыстары Жайлау шағын ауданында да қолға алынған.
М.Ғабдуллин көшесінің бойында жол құрылысы жұмыстары 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Биыл көктем басталғалы бұл жұмыс қайта жанданды. Қазір онда жылу құбырларын ауыстыру қолға алынған. Мұндағы жұмыстарды «Көкшетау Автодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жобаның құны – 985,4 миллион теңге. Өткен жылы оның 200 миллион теңгеге жуығы игерілді, ағымдағы жылғы қалған 788 миллион теңгесі де бөлінген. Облыс әкімі қысқы жылу беру маусымында осы аймақтағы жылу құбырлары жарылып, келеңсіз жағдай орын алғандығын тіліне тиек ете келе, мердігерден сапалы жұмыс нәтижесін талап етті. Қыруар қаржыны желге ұшырмай, толықтай игеріп, басталған істі уақытылы аяқтауды тапсырды. Мамандардың айтуынша, бұрынғы металл құбырлардың жарылуы, тексеріс нәтижесі көрсеткендей, шірігендіктен орын алған көрінеді. Енді қазіргі заманға сай жасалған құбырлар төселуде.
Облыс орталығының негізгі мәдени ошағы –«Көкшетау» мәдениет сарайы жиырма жылдан кейін міне, биыл қайта күрделі жөндеуден өткізілгелі жатыр.
Оның сырты жаңадан қапталып, кіре беріс фойесіне, көрермен залына жөндеу жүргізіледі. Мұндағы құрылыс жұмыстарын «ПМК-5» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынып, оған 207 миллион теңге қаражат бөлінген. Осы күні онда 30 жұмыс орны ашылып, 21 адам жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша еңбек етуде. Мердігер серіктестік солтүстік қазақстандық компания болғандықтан, әкім оларға құрылысқа жүрдім-бардым қарамай, жұмысты жауапкершілікпен атқарып, уақытында әрі сапалы аяқтап шығуды тапсырды.
Бұдан әрі Ермек Маржықпаев Бұқпа тауының ұшар басында орналасқан қарау алаңында болып, ол жердегі Ту тұғырды орналастыру үшін әзірленіп жатқан орындағы жұмыстың барысымен танысты. Қазіргі Ту тұғыр Абай көшесінің бастапқы тұсында тұрғаны белгілі. Ол жерге ұлы ақын, ғұлама Абайдың ескерткішін қою жоспарланған. Осы орайда, Ту тұғыр бұрынғы «Огни Көкшетау» мейрамханасының қасында әзірленіп жатқан алаңға орнатылмақшы. Бұрынғы қоғамдық тамақтандыру ғимараты қазір өте нашар күйде екен. Қаланың бетке ұстар азаматтарының бірі, кәсіпкер Әсен Жақсылықов осы ғимарат пен оның аумағындағы жерді өз қарамағына алып, көркейту жұмыстарын қолға ала бастапты. Оның айтуынша, бұл жер алдағы уақытта қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналады. Ту орнатылатын алаң ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін толық дайын болмақшы.
Түс ауа аймақ басшысы облыстық әдебиет және өнер музейінде болды. Нысан осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңартылған болатын. Қазіргі уақытта ондағы жүздеген жәдігерлерді үйлестіріп, орналастыру үшін заманауи экспозицияларға тапсырыс беру қажет болып тұр. Ал, оған қыруар қаржы керек. Осы орайда, аймақ басшысы музей директоры мен мәдениет басқармасының басшылығына өзіне жеке қабылдауға келулерін өтінді. Бұл ретте, әлемде 4 нұсқасы ғана бар Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» кітабының бір нұсқасы осы музейде екенін де атап өткеніміз жөн.
Сонымен қатар, облыс әкімі атақты ұшқыш Полина Осипенконың ескерткіші орнатылған сквердің жөндеу жұмыстарымен, қала көшелеріндегі биік үйлердің қабырғаларына салынып жатқан суреттердің нұсқаларымен танысты. Осы ретте, суретшілерге үйлердің қабырғаларына тұлғалардың бейнелерінен гөрі, пейзаждар салуды тапсырды. Тұлғаларға қатысты даулы мәселелер қазірден туындап жатқандығын ескертті. Аймақ басшысы №8 орта мектепте де болып, аталмыш білім ордасындағы күрделі жөндеу жұмыстарын оқу жылының басына дейін, тіпті, тамыз айына дейін бітіруге тапсырма берді.
Таяу арада Көкшетау қаласында үш жерде «INMART» сауда желілері ашылмақшы. 8 мыңнан астам тауар түрі сатылатын сауда орны Көкшетау қаласында Боровской, Вернадский және Әуелбеков көшелерінде іске қосылады. Өңір басшысы дүкен әкімшілігіне осындай сауда желілерін облыстың Щучье, Степногорск қалаларында да ашуға болатынын атап көрсетті.
Күн тәртібіндегі ең соңғы нысан – «Dent Smile» жеке меншік балалардың тіс емханасы. Қазіргі заманға сай технологиялар мен құрал-жабдықтар орнатылған мекеме балалардың қызығушылығын туғыза отырып, олардың тістерін емдеуге арналған. Бұл жоба «Даму» бағдарламасы аясында және әкімдіктің қолдауымен іске асырылып отыр. Ондағы құрал-жабдықтардың құны 120 миллион теңгенің шамасында. Балалардің тісін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан арнайы шақырылған тіс дәрігерлері емдейді әрі емдеу құны елордадағы бағадан 30 пайызға төмен болады.
–Бұл біздің өңірде тек балалардың тісін емдеуге мамандандырылған тұңғыш жоба. Жан-жақты қолдау негізінде өте керекті және пайдалы бизнес қалыптасты. Істеріңізге сәттілік тілеймін! Бірақ, сіздерден жауапкершілік пен сапалы жұмыс қана күтеміз, – деп атап өтті облыс әкімі әңгіме барысында. Сондай-ақ, сөзінің қорытындысында мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылып жатқан жобаларды іске қосуға жергілікті жердің адамдарын тартуды да қатаң тапсырды.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.