Төрткүл дүниені дүрліктірген пандемия диқан қауымды да алаңдатып тастаған еді. Ел де елеңдеулі болатын. Астық өсірмей бола ма? Биыл облыс диқандары 4 миллион 900 мың гектар алқапқа дән сіңірді. Еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру міндеті қойылып отыр. Бұл межеден шығудың жолы қайсы?
Астық экспорттаушылардың алдыңғы легінен табылатын, әр жыл сайын 20 миллион тоннадан астам ақық дәнді қоймаға құйып алатын қазақ елі үшін бұл стратегиялық маңызы бар мәселе. Үстіміздегі жылғы қиыншылыққа орай, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер емшегін емген шаруаларды қолдауға бағытталған шешім шығарды. Бұл шешім аздап абыржып отырған диқан қауымның сенімін арттырып, соны серпін бергендігін де баса айта кеткен дұрыс. Қолдауға бөлінген қаржының едәуір бөлігі тұқым шаруашылығына жұмсалды. Осал жеріміз де осы еді. Облыстың астықты алқаптарына соңғы отыз жылдан астам уақыт бойы екінші, үшінші репродукциялы тұқым себіліп келеді. Әлмисақтан келе жатқан «не ексең, соны орасың» дейтұғын қанатты сөздің астарындағы мағына шын екен. Әне бір қиын кезде озық технологияларды игеруге мұрша болмай, жерді өңдеуге қарымы қаптал жетпеген соң күзде сеуіп, көктемде орып алумен ғана шектелген өнім сапасы жылдан-жылға құлдырай берді. Ал, төмен сұрыпты тұқым егудің нәтижесі топырақтың азуына әкелді.
–Үкіметтен бөлінген 70 миллиард теңге қаржының 20 миллиардын облыс шаруашылықтары игеруде. Қазір тұқым мәселесіне де айрықша мән беріліп отыр. «Азық-түлік келісім-шарт» корпорациясы бір жарым мың тонна сапалы тұқым босатты,–дейді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов.
Көп нәрсенің тұқымға байланысты екенін егін егумен көзі шыққан тәжірибелі диқандар да, ғалым-агрономдар да айтады. Өткен жыл аса қолайлы бола қойған жоқ. Әйтсе де, ақмолалық диқандар гектар берекесін 11 центнерден айналдырып, 5 миллион тонна төңірегінде астық жинады. Сараптап қарап отырсаңыз, өнім көлемін арттыруға сапалы тұқым еккен шаруашылықтардың қосқан үлесі мол екен. Тұқымға қоса жер өңдеудің жайын ескерген ләзім. Жасыратыны жоқ бүгінгі шаруалар химиялық тыңайтқыштарға иек артады. Әрине, мамандардың айтуына қарағанда, фосфар, азот пен калий топыраққа ауадай қажет. Бірақ, оның да өз өлшемі бар. Әр нәрсе өз мөлшерімен болған ләзім.
Бүгінде жер тынысын, оның нені қажет ететіндігін білу бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңілдеген. Қазір ғарыштан бақыланады. Жерге жаны ауырып, жайын ойлайтын шаруалар алқапқа қанша минерал сіңіруді, оның өнімділікке әсерін сандық технологиялар арқылы бақылай алады.
– Біз әр 25 гектардан 50 сантиметрге дейін тереңдіктен топырақ үлгісін алып, зертханаға тапсырамыз. Нәтижесі белгілі болғаннан соң шаруаға ғылыми ұсыныс картасы беріледі. Барлық мәліметтер республикалық «Қолдау» деректер базасына енгізіледі. Ендігі арада шаруашылық басшылары өз иеліктеріндегі қай алқапқа қанша фосфор керек немесе қай алқапты белгілі бір тыңайтқыштармен байытуға болмайтындығы туралы нақты ақпарат ала алады, – дейді «Kazagrolab» зертханасының директоры Әділбек Ғазизов, – егер күкірт, кальцийді белгілі бір мөлшерден артығырақ қолданса, егін бір жерге шығып, екінші жерге мүлде шықпай қалуы да ғажап емес. Фосфор жетіспесе, өзге тыңайтқышқа жұмсаған ақшаңыз зая. Міне, осындай білместіктің салдарынан топырақ өзінің бойындағы бар құнарынан айрылады. Сауатсыздық ақыр соңында мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржының желге ұшуына себепші болады.
Мамандардың айтуына қарағанда, қолда бар мүмкіндікке көңіл бөлмей отырған диқандар қаржысын бей-берекет жұмсап жүрген сыңайлы. Оның үстіне жердің жүдеп, тозып бара жатқандығын да баса айтуымыз керек. Бұл енді өте үлкен мәселе. Сөз арасын нақты деректермен көмкеру қажет болатын болса, облыста күні бүгін 234 мың гектар жыртынды жердің тусырылып жай жатқандығын екпін түсіре айтқанымыз ләзім. Қазір бұл жерді арамшөп басып жатыр. Ынта болса бір кезде кәдеге жаратылып, кейін қауқардың болмауы-нан бос қалған жерлерді игеруге әбден болады. Мысал келтіре кетелік, Зеренді ауданының Қазақстан ауылының іргесіндегі бос жатқан жерді «Берекет-2050» серіктестігі бірнеше жылдан бері игеруде. Қазір мол өнімге қалай қол жеткізуге болатындығын көрсететін тәжірибе алаңы іспетті.
– Осы істі қолға аларда жергілікті жердің жайын білетін талай адам жұмысымнан бәтуа шыға қоймауы мүмкін екендігін бетіме айтқан болатын,–дейді серіктестік құрылтайшысы Борис Козлов,–бірақ мен бекем бел будым. Бір сенгенім, мемлекеттің көмегі. Мына қараңыз, гербицидке 50 пайыз, минералды тыңайтқыштарға 50 пайыз субсидия беріледі. Жеңілдетілген несиесі тағы бар. Биыл Президенттің пәрменімен жанар-жағар май бағасы арзандатылды. Енді осыншама тиімділікті қалай пайдаланбауға болады? Шаруашылықты сандық технологияға көшірдік. Жыл бойы жер өңдеу технологияларын үздіксіз әрі тиянақты жүргіземіз. Бұл ретте қаржы аямаймыз. Өткен жылы 280 миллион теңгеден астам ақша жұмсадық. Қоңыр күзде сол қаржының бәрі еселеп қайтып келді.
Шынында да «береген қолым алаған» демекші, жер өңдеуге қаржы аямайтындардың күні оңынан туып тұр. Енді «Берекет-2050» серіктестігінің жұмыс нәтижесін де айта кетелік. Мәселен өткен жылы облыс диқандары әр гектардан 11 центнерді әрең-әрең жинағанда, серіктестік гектар берекесін 22 центнерден айналдырып, облыстағы орташа көрсеткіштен екі есе артық өнім жинап, жердің өзіне жаны ашығанға ғана жомарт екендігін дәлелдеп шықты.
Үстіміздегі жылы облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарын субсидиялау үшін қазынадан 37 миллиард теңге бөлініп отыр. Қазіргі күні экологиялық таза табиғи тыңайтқышпен өсірілген дәнге сұраныс мол. Біз жақсы ісін мысал еткен «Берекет-2050» серіктестігі бұл жайды да күні бұрын ойлап қойған. Астық шаруашылығындағы ісін оңынан оралтқан соң мал шаруашылығын да қатар өрістетпек. Қазір шаруалар 9 түрлі дақыл өсіруде. Мұның да өз сыры бар. Негізгі мақсат өсімдік түрлерін алмастырып отыру арқылы жердің құнарын арттырып, ырысты еселеу.
–Өсімдік түрлерін әр дақылдың өзіндік ерекшелігіне қарай алмастырып отырамыз. Бір жылы зығыр ектік, кейін арпа тұқымын отырғыздық,–дейді серіктестік директоры Борис Козлов, – енді биыл бұршақ пен күнбағыс өсіруді де қолға алып жатырмыз.
Биыл қар қалың түсті. Көктем де жауын-шашынды болды. Тұқым сапасын түзеткен, жерінің жайын ойлаған шаруаның астықсыз қалмайтындығы анық.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.