Сұхбат

Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов: «Тарихи өлкенің жаңалығы да мол»

Ертіс өңірімен шектесетін шығыс аймағында орналасқан Ерейментау ауданы өзінің өткен тарихымен, толағай тұлғаларымен әмсе қазаққа аян. Топырағын Бөгенбай батыр басып, аспанында Үмбетей жыраудың үні қалған шежірелі өлкенің бүгіні мен кешегісін сөз етсек, тым әріге кетер едік. Бүгінде тәуелсіз еліміздің тұғырлы бір аймағына айналып отырған Ерейментау жері еңсесін тіктеп, ертеңгі күнге сеніммен қарап отыр. Аудан басшылығына осы елдің тума азаматы Абай Әлжанов келгелі небір келелі шаруалар шешімін тауып, аймақ тірлігі жанданып жатқаны тағы да рас. Біздер биылғы жарты жылдықтың қарсаңында аудан әкімін аз ғана сұхбатқа тартқан едік.

–Абай Еламанұлы, сіздің аудан басшылығына келгеніңізге сәуір айының 9-ы күні бір жыл толды. Оның алдына төрт жыл аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болдыңыз. Және өзіңіз осы елдің тумасы болып табыласыз. Былайша айтқанда Ерейментау жерінің тыныс-тіршілігін бір кісідей білетін адамсыз. Сондықтан, аймақтың бүгінгі жай-күйі жөнінде аздаған әңгіме өрбітсеңіз.
– Әрине, аймақ тіршілігі жайлы айтар әңгіме көп. Мен ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани келбеті жайлы қысқашалап қана әңгімелеп өтейін. Бүгінде басты назарда тұрған халықтың әл-ауқаты екенін білесіз. Ол әрине, өңірдің экономикалық дамуына байланысты. Егер ауданда кәсіпорындар мен шаруашылықтар тұрақты түрде тірлік жасап, сырттан инвестиция тартылып, тұрғындар еңбекпен қамтылып жатса, әл-ауқат дегеніміз міне, осы. Кешегі кеңес заманында «нан болса – ән болады» деп тегін айтылмаса керек. Егер халықтың дастарханында ас болып, қарыны тоқ болса ғана ол өзінің тарихын да іздейді, руханиятын да жаңғыртады, мәдениетін де түзейді. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен халықтан бірдеңе талап ету мүмкін емес. Сондықтан ең бастысы, халықтың жағдай жақсы болуы керек және осы бағытта жұмыс жүргізу біздің басты міндетіміз.
Өзіңізге белгілі, аудан экономикасы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік деген екі салаға тәуелді. Енді осы бағытта аздаған ақпарат берейін.
Былтырғы жылы аудан бойынша жалпы егіс көлемі 74 мың гектар еді, биыл 84 мыңға шықтық, яғни, 10 мың гектар қосылды деген сөз. Жыл өткен сайын аграрлық саладағы серіктестіктер іргеленіп, жаңадан шаруашылықтар қосылып, егіс алқабы молайып келеді. Енді алдағы 2021 жылы 100 мың гектарға шықсақ деген жоспарымыз бар. Аудан бойынша мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Сондықтан бидайдан басқа мал азығына қажет дақылдар да егіліп жатыр.
Ауыл шаруашылығындағы диханшылықтан кейінгі екінші сала – мал өсіру ғой. Соңғы жылдары ауданда мал басы да барынша көбейіп келеді. Қазір ірі шаруашылықтар мен жекеменшік аулаларды қоса есептегенде, 60 мыңға таяу ірі қара бар (биылғы туған төлдерін есепке алмағанда). Жылқының саны 30 мыңға жетіп қалды. 100 мыңға жақын қой малы бар. Жалпы төрт түліктің өсімі жаман емес. Осының барлығы халықтың ертеңгі берекесі. Бұл салада жүздеген адамдар еңбек етіп, нәпақа тауып жатыр. «Елде болса – ернің тиеді» деген осы.
Ең бастысы, мал өсіретін шаруашылықтар мал басын асылдандырумен түбегейлі айналысып, шет елдерден, тіпті сонау Германиядан, Ресей жерінен, Қазақстанның басқа облыстарынан асыл тұқымды мал әкеліп жатыр. Қазір ірі қараны асылдандыруға көп көңіл бөлеміз. Себебі, ол болашақта үлкен табыс әкелетін кәсіп, шаруашылықтар үшін өте пайдалы.
Бір ғана мысал айтайын. Ел ішінде ірі қара өсірумен айналысып жүрген адамдар біледі, шаруашылықтар үшін жыл сайын тұқымы жақсы бұқа тауып алу қиындық туғызады. Көптеген адамдар шығынданып, бұқаларды үлкен сомаға сатып алып жатады. Осы мәселе біздің ауданда шешімін тауып отыр. Міне, екі жыл болды, Новомарковка ауылдық округіндегі «Жаңа-Береке» атты серіктестік аудандағы барлық мал ұстайтын шаруашылықтарға өз бұқаларын күзге дейін тегін таратып береді. Биыл да міне, 250 бұқа таратты. Сосын күзде сол бұқаларын жинап алады. Ал, оларды пайдаланған шаруашылықтар «Жаңа-Берекеге» еркек бұзауларын сатады. Сөйтіп, «Жаңа-Береке» өзінің де, басқалардың да мәселесін шешіп отыр. Бұл жалпы тәжірибеге енгізетін бастама. Осы «Жаңа-Берекенің» басшысы Нығметов Айдар атты азамат 3 мың басқа арналған бордақылау алаңын да ашқан. Өткен жылы 1700 бас ірі қара бордақылады. Биыл тағы да көбейтпек, басқа да жоспарлары бар. Мысалы, қазақтың алабас сиырларын әкеліп, кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Жалпы ауыл шаруашылығында осындай ауыз толтырып айтарлық жетістіктер мол.
– Қазір қай аймақ болмасын инвес-тиция тартуға мүдделі. Себебі, бұл өңір экономикасын жандандырады, тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарын ашады. Сіздерде бұл жағы қалай болып жатыр?
– Жалпы республикамызға белгілі, Ерейментау ауданы алғашқылардың бірі болып жел электр станцияларын іске қосқан аймақ. Бұдан бірнеше жыл бұрын осындай 22 жел электр қондырғысы орнатылып, қазір олар ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Бұл қондырғылардың өндірген энергиясы астанамыз Нұр-Сұлтан қаласына жіберіледі. Бізге осыдан қомақты салық төлемі түсіп отыр.
Бұлардан бөлек «Golden Energy Corp» серіктестігі аудан орталығы мен Торғай ауылы арасынан осындай 18 қондырғы орнатпақ. 2019 жылы жұмысын бастаған бұл серіктестік қазір он сегіз қондырғының онын тұрғызып үлгерді. Жобаның жалпы құны – 6 миллиард теңге. Қазір бұл жұмыстан да ауданға салық төлемі түсіп, жаңадан жұмыс орындары ашылуда.
Бұл екі жоба өз алдына, қазір Ерейментау қаласының оңтүстік-шығыс бетінен тағы да осындай үлкен жел электр станциясы қондырғылары орнатылып жатыр. Оны жүргізіп жатқан – «Ereimentau Wind Power» компания-сы. Аталмыш құрылыстың жобалық құны – 26 миллиард теңге. Бұның ана екі жобадан анағұрлым қомақты екені белгілі және аудан экономикасы үшін пайдасы қаншалықты зор екенін түсінесіз. Қысқартып айтсақ, Ерейментау республикамыз бойынша жел электр станцияларының үлкен бір паркіне айналмақ.
– Қазір бизнесті дамытып, халықты жұмыспен қамтуда «Жол картасы» бағдарламасының орны ерекше. Осы бағдарламаның аудан бойынша қолданылуы қандай деңгейде?
– Шындығын айту керек, кез-келген аудан экономикалық тұрғыдан даму үшін, облыс басшысының қолдауы ауа-дай қажет. Осы тұрғыдан алғанда, облыс әкімі Ермек Боранбайұлы біздерге барынша көмек жасап, жанашырлық танытып отыр. Ең бастысы, сұраған қаржымыз бөгеліссіз бөлініп жатыр. Биыл «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ауданымызға рес-
публика және облыс бюджетінен 3 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Көп жылдардан бері Ерейментау қаласының негізгі бөлігін жылумен қамтамасыз етіп келе жатқан №5 жылу қазандығының мәселесі шешілмей жүр еді. Кеңес уақытында іргесі қаланған бұл кәсіпорынның тозығы жетіңкіреп қалған болатын. Биыл міне, облыс басшысы 743 миллион теңге қаражат бөліп, жылу қазандығында қайта құру жұмысы басталып кетті. Енді жылу қазандықтары алмастырылып, түтін айдайтын 45 метрлік мұржасына дейін ауыстырылып, 60 метрлік шыныталшықты пластик мұржа қойылмақ. Қаланың ішіндегі Атан батыр көшесінде жаңадан 650 метрлік жылу құбырлары төселіп, бұрын пешпен жылытылып келген 1 Май көшесіндегі үйлер жылу жүйесіне жалғанбақ. Сонан соң ретімен басқа да көшелер жалғана бермекші. Осы жұмыстарды жүргізу барысында бүгінде 98 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Сөз арасында айта кетейін, ауданымыздағы «Сарыадыр» деп аталатын жалғыз көмір кеніші бар. Кейінгі жылдары бұл кәсіпорынның да басы даулы болып жүрген еді. Енді Алла жазса оның да мәселесі шешіліп қалар деп отырмыз…
– Аудан тіршілігі жайлы әңгіме қозғалғасын, ауылдарды айналып өте алмаймыз. Ауылдағы ағайындардың халы нешік?
– Ауылдар өз тіршілігін жасап жатыр. Десек те, ауыз суы, жол құрылысы деген секілді мәселелер жоқ емес. Мысалы, аудандағы Сілеті, Бестоғай, Ақмырза секілді ауылдарға кеңес уақытынан бері ауыз суы тартылмаған. Биыл осы үш ауыл үшін ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттар) жасалып тапсырылып, қазір 300 миллион теңгеден артық қаражат бөлініп, Бестоғай ауылында су құбыры төселуде. Келешекте қалған екі ауыл да қамтылмақ. «Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша Бестоғай ауылында қазір жұмыссыз жүрген 38 адам еңбекке тартылып отыр.
Сондай-ақ, Ерейментау қаласымен жапсарлас, аудан орталығының құрамына кіретін Известковый, Шахта деп аталатын ауылдар бар. Биыл қаражат бөлініп, осы елді мекендерге баратын грейдерге жолға асфальт төселуде.
– Бүгінде қала мен ауылдағы басты мәселелердің бірі – тұрғындарды бас-панамен қамту. Себебі, жыл өткен сайын жастарымыз өсіп, отау құрып дегендей, халық саны артып келеді. Бұл жағы қалай шешіліп жатыр?
– Биылғы жылы 45 пәтерлік екі тұрғын үйге қаражат бөлінді, қазір құрылыс компаниялары келіп, жұмыс жүргізіп жатыр. Аманшылық болса, ол да бітіп, қоныс тойы тойланар. Құрылыс демекші, бірер жылдан бері бізде дене тәрбиесі-сауықтыру орталығының (ФОК) құрылысы тоқтап тұр еді, оған да биыл қаражат бөлініп, құрылыс компаниялары келіп, жұмысы басталмақ. Жалпы осындай 8 жобамыз, үш құрылысымыз бар биыл, осылар іске асып кетсе, еңсеміз біраз көтеріліп қалар еді.
– Ерейментау елі ежелден шежірелі аймақ. Тарихи ескерткіштері де мол. Осы тақырыпты бір шолып өтсеңіз.
– Әрине, бүгінде ел болып, еңсе тіктеп жатқан уақытта, руханият мәселесін бір сәтке естен шығаруға болмайды. Өзіңіз білесіз, Ерейментау қаласының орталық алаңында ерте заманда соғыс ардагерлеріне арнап орнатылған ескерткіш бар. Өкінішке орай, сол қанды соғысқа қатысып қаза болған немесе елге аман-сау оралған аталарымыздың аты-жөндері еш жерде жазылмаған. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында сол олқылықтың орнын толтырып, майдангер аталарымыздың есімдерін тасқа қашап жазып, үлкен мемориал орнаттық.
Қазір өзіңіз білесіз, туристік кластерді көтеру жайлы көп айтамыз. Осы тұрғыдан алғанда Ерейментау жерінің әсем табиғаты өз алдына, бұл аймақ тұнып тұрған тарих. Мысалы, Бөгенбай батырдың тікелей ұрпақтары, қазақ қара сөзінің жүйріктері әкелі-балалы Бапан мен Саққұлақ билер өздерінің атамекені Қоржынкөлдің жағасында жатыр. Бөгенбай батырдың жорық жырауы, ХVІІІ ғасырдағы алапат ақындардың бірі Үмбетей бабамыздың зираты Мыңшұқыр деген жерді. Олардан бөлек Құлболды әулие Шуманақұлы, Айдабол Олжабай батыр Толыбайұлы, Қаржас Шорман би Күшікұлы, Едіге би Төлебайұлы, Есіргеп Тоқан хазірет Домаұлы, Қозған Түйте әулие Дүйсенейұлы, Абылай заманының адуынды ақыны Күлік Көтеш Райұлы, Күлік Өтеміс абыз Жанайдарұлы секілді тарихи тұлғалардың бәрі Ереймен жерінен мәңгілік мекен тапқан. Анау солтүстік-шығыс бетте атақты Қоянды-Қойтас жатыр…
Қоржынкөлдегі Саққұлақ бабамыздың мазары ертеде көтерілгенімен, кейінгі жылдары есік-терезесі ашық, ішіне құс саңғып, күйі кете бастаған еді. Сол кесенені биыл қоршатып, маңайын жайландырмақпыз. Осы өңірде Көбей тұзы, Жамантұз деген тұзды көлдер бар. Бұл көлдерді жергілікті халық атамзаманнан күні бүгінгі дейін емге пайдаланып, тұзға түсіп келеді. Осындай емдік қасиеті бар жерлерге инвестиция тартып, шипажайлар ашсақ деген де жоспар бар. Бұның бәрін ескеріп, жасап қойған туристік маршрутымыз да дайын.
Енді руханият жайлы сөз қозғағасын, мәдениетті айналып кете алмаймыз. Аудан орталығында Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйі бар. Былтыр іші-сырты күрделі жөндеуден өткен. Биыл облыс әкімі Ермек Боранбайұлы өзінің тікелей нұсқауымен 27 миллион теңге қаражат бөлгізіп, мәдениет үйіндегі көрермендер залының креслоларын ауыстырып, сахна төріне заманауи лэд-экран, киім ілгіштер, сахналық костюмдер алып, мәдениетіміз де бір түлеп қалды. Міне, Ерейментау елінің жалпы тірлігі жайлы қысқаша айтсақ осындай.
Сөз соңында айтарым, мәңгілік ештеңе жоқ қой. Уақыты келгенде мен де орнымды ауыстырармын. Бірақ, соңымызда жақсы атымыз қалсын деп, елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Ел мерейі үстем болсын!

Сұхбаттасқан
Сайлау Байбосын.
(Арнайы «Арқа ажары» үшін).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар