Ел ағасы, қасиетті Көкшеге танымал тұлғалардың бірі Болат Сүлейменұлы туралы әлдебір шаруаның ретімен сөз сабақталғанда жазушы Жабал Ерғалиев «ағамыз елдегі жібі түзу адамның бірі әрі бірегейі ғой» деп жалғыз ауыз сөзбен лайықты баға беріп еді. Жібі түзу адам. Жөпшеңді адамның аузына түсе бермейтін, бұл күнде архаизмге айналып бара жатқан ұғым. Аузы уәлі ағаның аузынан шыққан осы бір сөзді кейін көңіл таразысына салып салмақтасам, дәл айтылған екен. Әманда жер қозғалса қозғалмайтын салмақпен, әр нәрсені парасат биігінен өлшеп бастайтын, бойындағы жаратқан ие сыйлаған қайтпас қайсар табандылықпен жеріне жеткізе орындайтын, кісілік келбетін, адамгершілік ажарын ел таныған Болат Сүлейменұлының болмыс-бітіміне шеберлер тіккен шапандай дәл келетін, арыдағы қазақтың тілімен айтқанда, құйып қойғандай өлшем екен дағы.
Өз ағамның өскен өңірін, тәлім алған ортасын жап-жақсы білеміз деуге болар. Бөкеңнің туған ағасы Төлеу Сүлейменұлы туралы өнегелі өмірінің өрісті сәттерін індете іздеп кітап та жазғанбыз. Сол тарапта жерлес, елдес ағаның ет жақын туыстарымен толайым жақын танысып, оқыған мектебін көрдік. Әрідегі тарихқа, балалық шаққа бойлап барғанбыз. Сөз әдебін сол тұстан сабақтасақ тым ұзап кетер едік.
Жарты ғасыр тынымсыз жұмыс істеген. Жұмыс болғанда қандай?! Жалпақ жұртқа жақсылық шарапаты тиген, бірақ, сол жақсылығын «мен осылай істедім» деп дабыралап айтып көрмеген, ақырын жүріп анық басқан, бүгінде сексеннің сеңгіріне табан іліктірген адам артында қалған ғұмыр соқпағына ой көзімен қараса, күнді түнге, түнді күнге ұластырып, жанын жалдап еңбек еткен сәттері көз алдыңа оралар еді. Ең алдымен 1965 жылы Қарағанды медицина институтының емдеу факультетін бітіріп келіп, облыстық ауруханаға орналасқан сәті. Ол кезде облыстық аурухана денсаулық сақтау саласындағы атақ-даңқы облыста ғана емес, республикада дүрілдеп тұрған ұжым. Өз ісін жетік білетін мықты мамандар көп. Жас маман да осы қатарға ілігуге тырысқан. Жоғары оқу орнында алған берік білімді тәжірибемен шымшымдап байытқан ләзім. Бүгінгі күннің биігінен қараса, ақ адал еңбегі, мол мұраты дәл сол күннен бастау алған екен. Ұжым кілең сайдың тасындай мықты мамандармен құралса да, анестезиолог жоқ. Бар салмақ Болат Сүлейменұлының иығына түскен. Жалғыз өз ауруханасына ғана емес, іргедегі қатерлі ісік ауруханасына да қол ұшын беруге тура келді. Ақ халатты абзал жанның бірі, кешегі ел сыйлаған Өмірбек аға Бәйкенов ота жасар алдында өтінішін айтатын. Жұмысы бастан асып жатса да, қол ұшын беру парыз. Адам үшін, адам өмірі үшін. Жоспарлы оталардан бөлек айтпай келетін апаттарда зардап шеккен адамдарға ота жасауға тура келеді. Күн-түніңе қарай ма, жан алқымнан алғанда өз басын күйттеп отыратын жайы жоқ. Бірақ, қажыдым, талдым демеді. Аудандарда да анестезиолог қат. Сондықтан, сапарға жиі шығатын. Кейін оңы мен солын бажайлай келе, бұл кемшіліктің орнын толтыруға ұмтылды. Алдымен медбикелерді наркоз беруге үйретті.
Ол уақытта облыстық ауруханада жан сақтау бөлімі де болмады. Осындай қиындықтарды ескере келе, жедел сараптама жасайтын зертхана ашуға тура келді. Пайдасы шаш-етектен. Сараптаманы тәуліктің кез-келген уақытында жасауға болады. Денсаулық сақтау саласын барынша жетілдірсем деген байыпты қадам тың арнасын ашқандай. 1968 жылы анестезиология бөлімшесі ашылды. Жұмыс біршама жеңілдегендей. Өз ісіне барынша жауапкершілікпен қарайтын жас маманның келешегі үміт күттірерлік. Білімі мен білігін әріптестері мойындаған. Сондықтан, 1970 жылы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Несін айтасыз, күре тамырға қан құю әдісінің өзі талас тудыратын. Болат Сүлейменұлы жоғары оқу орнында алған байыпты теориялық білімінің арқасында бұл орайдағы жаңа әдістің жетістігін дәлелдеп шықты. 1973 жылы Көкшетау облыстық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалды. Табиғатынан тынымсыз, жаңалыққа жаны құмар Болат Сүлейменұлы облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсартуға бар күш-жігерін жұмылдырды. Хирургия корпусы және патологоанатомиялық бөлімшенің жапсарлас құрылысы салынды. Жаңа заманның талабына толық жауап беретін көлік қоятын орын да ұмыт қалған жоқ. Ең бастысы жаңа медициналық құрал-жабдықтар алына бастады. Осы арада сыналап айта кететін бір жай, Болат Сүлейменұлы облыстық аурухананы басқарып тұрған кезінде дәрігерлердің білімін жетілдіруге айрықша көңіл бөлді. Кеңес Одағының медицинасы жетілген түкпір-түкпіріне мамандар толассыз жіберіліп жататын. Оларсыз жаңа жабдықтан не пайда бар? Жаңалығы мол жақсылықтың тілін білетін де адам керек емес пе?
Дәрігерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жайға өкпелейтін кезі ол кезде де орын алған. Ең бастысы баспана. Кадрдың тұрақтамауына себеп болып жататын жай осы. Істің көзін тапқан соң көптен қордаланып қалған бұл мәселе де әр жыл сайын оң шешімін тауып отырды.
Ол кезде де жүрек аурулары көп кездесетін. Бурабай баурайында инфаркт алған адамдарды емделіп шыққан соң сауықтыратын шипажай ашылды. Сырқаттар бұл жерде отыз күнге дейін болып, қуат жинайтын.
–Әр аурудың кардиограмма картотекасы сақталатын еді,–дейді Болат Жанәділов,– олардың әрқайсысын ұдайы қадағалап отыратынбыз.
Ең қиыны кішкентай балаларға ота жасау болған екен. Сырқаты жанына батып шырылдаған, жанарына жас тұнған балалардың бабын табу қандай қиын. Ата-аналары сөйлескісі келеді, тілдескісі келеді, хал-жайын сұрағысы келеді. Осы түйіннің шешімін табу үшін 1980 жылы бейне телефон орнатылыпты. Бүгінгі күні бұл жаңалыққа ешкімнің селт етпеуі мүмкін, ал, ол тұста тіпті ертегідей естілетін жай еді. Тұзды шахта да осы тұста орнатылған. Сырқаттардың өтінішіне дер кезінде құлақ асу үшін әр палатаға шақыру кнопкасы түзілген. Кез-келген емделуші осы қоңырау арқылы дәрігерді шақырта алады. Оттегі баллондарын тасу да өз алдына бір жыр. Оны қабат-қабатқа көтеріп жүру керек. Болат Сүлейменұлы бұл қолайсыздықтың тамырына балта шабу үшін оттегімен тыныстау аппаратурасы зауытына тапсырыс беріп, мыс тұрбалар орнатты. Осы бір жаңалықтың арқасында жұмыс ырғағы көп-көрім түзеліп қалды. Дәрігерлердің қағазбастылығы ол заманда да болатын. Қол байлаудан арылу үшін диктофонды орталық ұйымдастырылды. Төрт құбыласы тегіс түгенделіп келе жатқан облыстық аурухана 1980 жылы Бүкілодақтық ауыспалы қызыл туға ие болды.
1992 жылдың ақпан айында жалпақ жұртқа жақсы атымен танылған Болат Сүлейменұлы Көкшетау облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. 1997 жылы Көкшетау облысы әкімінің орынбасары болды. Осы жылдары облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, әсіресе, денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосты. Облыс орталығындағы «Милосердие», неврологиялық сырқаттары бар балаларды емдейтін «Болашақ», медицина-генетикалық орталықтарының ашылуына мұрындық болды. Психикалық жетілуі кешеуілдеген, есту қабілеті төмендеген балаларға арналып ғимарат бөлінді. Денсаулық сақтау саласындағы қадау-қадау қажырлы еңбегі осылай өрілсе, Көкшетау жұртшылығы үшін айрықша оқиға болған Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ драма театрының ұйымдастырылуына себепкер болды. 1985 жылы Көкшетау қаласындағы диагностикалық орталық салынып бітіп, пайдалануға берілді. Айтпақшы, осы орталықтың сол уақыттағы ең жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілгендігін ерекше екпін түсіріп айта кетуіміз керек.
Болат Сүлейменұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Халық депутаттары қалалық кеңесінің бірнеше шақырылымының депутаты болды. Қалалық партия комитетінің мүшесі ретінде де келелі істердің оңынан оңғарылуына өз үлесін қосты. 1990 жылы баламалы негізде Қазақ ССР Халық депутаттары Жоғарғы кеңесінің ХХІІ шақырылымының депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы қоғамдық өмірге белсене араласып, егемендікті жаңа алып жатқан жас мемлекеттің жаңа заңдарын қабылдауға бел буып араласты. Оның ішінде Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылдарда өз пікірін білдіруі тарихи оқиға. Алғашқы Ата Заңның сомдалуына да қосқан салмақты үлесі бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы сайлауы қарсаңында сенімді өкілі болуы көп жайды аңғартса керек.
Тіршіліктің шаңы кілкіп тұрған ортада тұла бойына кіршік жұқтырмай келе жатқандығы ар тазалығын, жан тазылығын көрсетеді. Тұла бойынан тектіліктің лебі есіп тұратын абзал аға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі, басқа да көптеген қоғамдық жұмыстарға араласып, ақыл-кеңесін айтып жүретін парасат иесі екендігін жалпақ жұрттың бәрі біледі. Ізгілік тұнған омырауына «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендері тағылды. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, елге сіңірген еңбегіне орай Көкшетау қаласының құрметті азаматы атанды.
Елу жылғы ел үшін еткен еңбекті бір сәт те толайым теріп шығу мүмкін де емес. Біз ел есінде қалған тұстарына ғана тоқталдық. Әрдайым ақ сөйлеп, ақиқатты ғана айтатын арды аға бүгінде пенде ғұмырының бір биігіне шығып, ат шалдыруда. Алдағы ғұмыр сәулелі болсын, Арлы аға!
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.