Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кенжелеп қалған саланы ілгері дамытуымыз қажет - АРҚА АЖАРЫ

Кенжелеп қалған саланы ілгері дамытуымыз қажет

Халықтың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту болып табылады. Осы ретте, жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Ол – азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орынды иеленеді. Сондықтан, қарапайым жұрттың қамын ойлаған елдің экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға айрықша басымдық берілуі тиіс. Соңғы жылдары осы мәселеге елімізде үкімет тарапынан зор көңіл бөлініп келеді.

Бұны «Бизнестің жол картасы–2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерде жүзеге асырылып, жаппай кәсіпкерлікпен айналысып жүрген адамдардың санының көп болуынан байқауға болады.
Осы ретте, облысымызға келетін болсақ, бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіпті өңірдегі кенже қалған сектор деп айтуға болады. Себебі, экономикада өңдеуші салаға айрықша басымдық беріл­гендіктен, бұл бағыт ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалып келді. Жеңіл өнеркәсіп экономиканы түрлендіруге, әсіресе, пайдалы қазбалар қорының азайып, мұ­­най бағасының төмендеген ке­зінде дағдарыс толқынына қарсы тұ­ру мүмкіндігінің бірі саналады. Пандемия кезінде жеңіл өнеркәсіп саласының өнімдеріне сұраныс артты. Адамдар жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне сұраныс жоғары екенін түсінді. Бір сөзбен айтқанда, елімізде саланың әлеуеті зор деуге негіз бар. Басты мақсат – басым бөлігі импорт есебінен жабылып отырған ішкі сұранысты қанағаттандыру, одан әрі «Қазақстанда жасалған» брендін халықаралық деңгейде дамыту. Біздің облысымызда да сапасы жөнінен шетелдік үлгілерінен еш кем түспейтін тауар өндіруші кәсіпорындар жоқ емес. Біразы қазірдің өзінде сыртқы нарықты бағындырған. Мысалы, пандемия кезінде коронавирусты алдын алып, күресуде медициналық маскалар және эпидемияға қарсы арнайы киімдермен өзіміздің жеңіл өнеркәсіптер қамтамасыз етті. Бұлардың арасында Көкшетаудағы полиэтиленнен биг-бэг қаптары мен сөмкелерін шығаратын «Новопэк» серіктестігі, ерлер мен әйелдердің аяқ киімін  тігетін «SAMHAT» аяқ киім фабрикасы» серіктестігі, киізден жасалған аяқ киім шығаратын «Киіз фабрикасы» серіктестігі, арнайы киім мен төсек-орын тігетін «Диас» тігін фабрикасы» серіктестігінің табысты жұмыс істеп отырғанын атап өтуге болады.
Облыста үстіміздегі жылдың қаңтар-cәуір айларында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 2 043,0 миллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 145,4 пайызды құрап отыр. Нақтырақ айтсақ, оның ішінде тоқыма бұйымдарын өндіру көлемі 1,5 миллиард теңге, киім өндіру көлемі 172,3 миллион теңге, былғары және оған жататын өнімдер өндіру көлемі  297,5 миллион теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі құрылымында жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,7 пайызды құрады.
«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша жобалық кеңсенің жұмысы шеңберінде өнеркәсіптің бірқатар салаларының жұмысына мониторинг жүргізіледі. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін 2019-2021 жылдары ұлғайту көзделген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 31 пайызды құраса, биылғы жылғы меже 52,4 пайыз болады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Бәйтерек» ҰБХ», «KazakhExport», «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы», «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамдары және Қазақстанның сыртқы сауда палатасы сияқты даму институттарын шақыра отырып, кәсіпорындарды қолдау шаралары туралы белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» акционерлік қоғамының мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін «SAMHAT» аяқ киім фабрикасы» серіктестігінің (аяқ киім өндірісі) құзыретін арттыруға арналған шығындар өтелді. Биыл аталмыш фабрика тауарларды шетелдік нарықтарға жылжытумен байланысты шығындарды өтеуге өтінім берді.
2019 жылы Ақмола облысында «Ақмола өнімдері» жәрмеңке-көрмесі форматында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқауы өтті. Онда «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында облыс орталығындағы «Диас» тігін фабрикасы» серіктестігі үздік атанды. Аталмыш фабрика қаланың байырғы тұрғындарына «Комсомолдың 40 жылдығы» Көкшетау тігін фабрикасы» ретінде таныс. Тоқсаныншы жылдарды бастан өткерген кәсіпорын бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Фабриканың екі жүзден астам қызметкері жыл сайын миллиондаған тапсырысты абыроймен орындайды. Өйткені, жеке тапсырыстар емес, ведомстволар мен кәсіпорындардан тапсырыс алады. Арнайы киім-кешек, форма тігумен айналысады. Тапсырыс берушілердің қатарында ҚР ІІМ, ҰҚК, ШҚ, ТЖК, Ұлттық Ұлан сияқты ведомстволар бар. Алдыңғы жылы фабрикада автоматтандырылған қондырғылары бар жаңа пішу цехы іске қосылды. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, еңбек өнімділігін арттырды.
Жалпы, облысымызда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, нарықта өз орнын таба білген бұдан басқа да жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары жеткілікті. Жаңадан ашылып, жұмысын енді бастап жатқандары да жоқ емес. Бұлардың барлығына мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қолдау көрсетіліп келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба беретін болады.

Ербол ОСПАНОВ,
Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар