Ұлттық киім ұмытылмасыншы

немесе жас кәсіпкер Динара Смағұлованың алғашқы қадамы сүйсінтеді

Жұмысын жаңа бастаған жас кәсіпкер Динара Смағұлова көздің жауын алатын ұлттық киімдер тіккісі келеді. Құрбыларының аңсары өзгенің әлем-жәлем киіміне ауып тұрғанын қаламайды.

Әуел баста банк қызметкері еді. Кейін ай сайын қолына тиетін жарытымсыз жалақыға қарап отырмай, өз алдына бір кәсіпті дөңгелеткісі келген. Он ойланып, мың толғанды, қабырғасымен кеңесті. Ақыры өзінің жан дүниесіне біртабан жақындау, қолынан келуі әбден мүмкін тігіншілікке ден қойған. Бизнес әлемінің кез-келген адамның уысына түсе бермейтін қыр-сырын біршама танып қалған жас қыз өңірде бұл саланың серпін алмай тұрғанын да іштей түйсінген. Демек, талғампаз тұтынушының көңілінен шығатын киім-кешек тіксе, өнімі сөреде жатып қалмайды ғой. Өз ісін бастамас бұрын сәл-пәл зерттеу жүргізген. Облыста киім-кешек тігетін 13 қана орын бар екен. Демек, нарықтың бұл тұсы бос жатыр деген сөз.
–Ең алдымен бизнес жоба әзірледім. Сауатымды жетілдіру үшін арнайы курста оқыдым. Кейін «Даму» қорына өтініш білдіргенмін. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2 миллион теңге көлемінде грант рәсімдеді. Осы қаржыға 8 тігін машинасын, басқа да керек-жарақтарымды сатып алып, тәуекелге бел буып, ісімді бастап кеттім,–дейді жас кәсіпкер,–мен ең алдымен ұлттық киімдер тіккім келген. Біз әлдебір мереке күндері, айталық, Наурыз тойында ғана ұлттық киімдер киеміз, қалған уақытта жұрттың иығына іліп жүргендігін көрмедім. Жастар тіпті, ұлттық киім киюге ұялатын тәрізді. Осы орайда, қаншама әдеби дүниелерді оқыдым. Ертедегі қолөнер шеберлерінің тіккен киім-кешегіне көз салыңызшы, тұтас бір ғылым. Қазақы тәрбиенің қағидасы өне бойынан есіп тұрады. Біздің бар болмысымыз, табиғатымыз осы киімнен танылады. Әттең, қазір дизайнерге зәру болып отырмын.
Зәрулік жалғыз ол емес екен, кәсіпкердің айтуына қарағанда, киім-кешек тігетін сапалы материал тауып алудың өзі мұң. Елімізде сәнді киім матасы өндірілмейтіндіктен, бір шеті Мәскеуден, бір шеті Қырғызстаннан тасымалдауда.
– Оны айтасыз, өзімізде ине мен жіп те жоқ қой,–дейді Динара,–шикізатты шеттен тасымалдаған соң барлығы қымбатқа түседі. Әйтсе де біз қарапайым көпшіліктің қолы жетімді болсын деп бағаны тым асыруға құштар емеспіз.
Бәсекелестіктен қорықпайды екен, өйткені, әр өніміне әр бітіріп, бар ынтасымен тігеді. Маркетинг мәселесі де жолға қойылған. Карантин кезінде де қарап отырмапты, жаңа форматта жұмыс істеген. Тапсырыс берушілердің дене бітімін онлайн қабылдап, киім тіккен. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде өзінің тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып алған. Қазір ателье ұжымы күзде Көкшетауда өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындалуда. Онда ең керегі шеттен келген қонақтың көзіне түсетін, көңілін арбайтын кәдесыйлар. Ал, кәдесыйлар қандай болуы керек, Динараның пайымдауынша, қазақ халқының бар жақсылығын жарқыратып көрсеткені ләзім.
Қазір үш тігіншіге жұмыс беріп отыр. Екеуі тұрақты істесе, үшіншісі тапсырыс көбейген кезде қолұшын береді. Орташа айлықтары жүз мың теңгенің төңірегінде. Қол байлап отырған дүние мықты мамандардың жетіспеушілігі. Жастарды үйретіп көрген, өз бойларында осы бір әдемі мамандыққа деген ішкі ұмтылысы болмаған соң іс зая кетеді екен. Ал, орнығып қалған, қолынан іс келетін тігіншілер біреудің жетегіне жегілгенше, өзі кәсібін күйттегенді жөн көреді. Айтпақшы, нарық әлемін тәп-тәуір зерттеп қалған жас кәсіпкер еш жерде тіркелмей, үйінде жұмыс істейтін тігіншілерге өкпелі. Олар салық төлемейді. Сондықтан, қызметі ресми тігін цехына қарағанда арзандау.
Ендігі бір мәселе, сертификат алу екен. Онсыз тендерге қатыса алмайсыз. Ал, сертификат алудың машақаты көптігі өз алдына, жұмысын жолға қойғысы келіп жанталасып жатқан жастар үшін өте қымбат.
Еліміздің әр жасы дәл осылай ілкіден жалғасқан ұлттық өнерді сәтімен салмақтап ұмтылатын болса, Қытайдың сапасыз киімін шиырып тастап, иығымыз жарқырап өз өнімімізді киіп жүрмес пе едік?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар