Ақмола облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев коронавируспен күрес кезінде мұқтаж жандарға қол ұшын беру мақсатында «Biz Birgemiz» республикалық акциясына белсене қатысқан бірқатар волонтерлерге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаттарын табыс етті. Салтанатты рәсім кезінде сөз алған Ермек Маржықпаев «Jas Otan» жастар қанатының волонтерлері облыс бойынша 11 500-ден астам отбасына жалпы сомасы 170 миллион теңгенің азық-түлік өнімдерін, маска мен бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізгенін атап өтті.Пандемия кезінде материалдық көмекпен қатар, қиын өмірлік жағдайда қалған әлеуметтік осал топтағы 17 мыңнан астам тұрғынға қаржылай көмек көрсетілген. Сонымен қатар, көппен бірге біздің облыс тұрғындары да су тасқынынан зардап шеккен мақтаралдықтарға қол ұшын берді. –Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылы аясында республикалық фронт-офистің салтанатты ашылу рәсімінде адамдарды біріктіру, халыққа қызмет ету волонтерлік қозғалыстың алтын діңгегі екенін айтқан болатын. Волонтер жылы облысымызда аталмыш қозғалыстың жаңа серпін алуына мүмкіндік берді. Бүгінде сіздердің қызметтеріңіз қоғамды біріктірудің, адамдарды өңірдің ғана емес, еліміздің экономикалық, мәдени, саяси өміріне қатыстырудың бірден-бір тиімді тетігіне айналуда. Осылайша, әр волонтер өңірдің дамуына лайықты үлесін қосуда, – дей келе, облыс әкімі волонтерлікпен айналысып жүрген жастарға шынайы ризашылығын білдірді. «Biz Birgemiz» республикалық акциясына қатысқаны үшін Елбасының Алғыс хатымен марапатталған ақмолалық волонтерлердің қатарында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Сұлтан Жолдыбаев, «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының кеңесшісі Гүлнәз Бөкеш және Көкшетаудағы бірқатарколледжердің білім алушылары Ербол Амантаев, Ақнұр Байшотова, Арыстан Бейсенов, Кәмилә Әлжанова да бар.Шара барысында марапатталушы жастардың атынан «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекішев сөз алып, Елбасының атына және облыс әкіміне алғысынжеткізді. Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,«Арқа ажарының» өз тілшісі.Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.