Бір шаңырақ астында өзге ұлт өкілдерінің бір-бірінің мәдениетімен танысып, дәстүрімен алмасып, тіл үйреніп, белсенді өмір сүруіне себеп болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап этносаралық татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, олардың қауіпсіздігі мен бейбіт тұрмысын қорғауға бар күш-жігерін салды. Өңірлерде Достық үйлері ашылды. Солардың бірі – Целиноград ауданы Қабанбай ауылындағы мәдениет үйінде жұмыс істеп тұрған Достық орталығы.
Достық орталығын ашуға тұрғылықты белсенді азаматтар зор септігін тигізді десем, артық айтпағаным. Шаңырағының астына көптеген ұлт өкілдерін жинаған Достық орталығы барлық ұлт өкілдерін ұйыстырып қана қоймай, оларға бір-бірінің тілін, ділін, мәдениетін үйренуге мол мүмкіндік берді. Мен үшін Достық орталығының төрағасы болу зор жауапкершілік.
Аудандағы ұлтаралық келісімді нығайту, халықтардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениетін жаңғырту, қазақстандық отансүйгіштікке баулу мақсатында құрылған Достық орталығы береке мен бірліктің ұйытқысына айналды. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы өңірде тұратын барлық халықтардың салт-дәстүрі мен тілдерін жаңғыртудың, көпұлтты қоғамды нығайтуға бағытталған көптеген игі бастамалардың жаршысына айналды.
Бүгінгі таңда елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүруде. Біздің ауданда да көптеген ұлттың өкілдері тұрады. Солардың барлығы да бір отбасының баласындай өмір сүріп жатқаны игілікті істердің нәтижесі. Осыншама ұлыс өкілдері діндеріне, ұлттарына қарамастан барлық мерекелерді бірге тойлайды, барлық шараларды бірге өткізеді. Осы жылдар ішінде Достық орталығының ұйымдастыруымен өткен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатындағы дөңгелек үстел, мәдени-бұқаралық іс-шараларымыз тұрғылықты халық тарапынан зор ықыласқа ие болды.
Әр ұлттың өкілдері бір отбасындай болып кеттік. «Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнен артық ешқандай баға жоқ» деген Елбасымыздың сөзі әрбір қазақстандық азаматтың жүрегіне көркейіп келе жатқан мемлекеті үшін мақтаныш сезімін ұялатады. Әрбір қоғамның, мемлекеттің дамуы, болашағы халықтардың ынтымағы мен бірлігіне, достығы мен сеніміне байланысты. Қазақ жері, Сарыарқаның төрі – тарихи, саяси себептерге байланысты көптеген халық өкілдерін құшақ жая қарсы алған киелі мекен.
Мен қазақ халқының мейiрбандығын, қонақжайлылығын, кең пейiлдiлiгiн үнемi мақтан етiп келемiн. Баршамыздың бір мақсатқа жұмылып өмiр сүрiп келе жатқандығымыз еліміздегі келісім мен бірліктің нәтижесi. Қазақстан баршамыз үшін жер ұйыққа айналды. Бейбітшілік берекесі қайнаған Достық орталығы – бірліктің алтын бесігі.
Магамет СУКАЛОВ,
Целиноград аудандық Достық орталығының директоры.