Стиль мен сән қуамын деп, сайқымазақ болма!

Сіңілімнің мамандығы мұғалім. Жасы отыздан енді асса да, шашының ағын жасыру үшін жиі бояйды. Сөйтіп, бір күні мені шаш бояйтын салонға алып барды. Өзім шашымды боямаймын, бірақ, қазіргі жастар мен жасөспірімдердің түрлі-түсті түске боятып жатқандарын көргенде таң қалдым. Қыздарымыз былай тұрсын, жігіттердің жасыл, көк түстерге боятқанын көргенде ашуым келді. Бір-екеуіне барып, не үшін осындай бір түрлі түстерге шашыңды бояттың деп едім, «қазіргі замандағы сән үлгісі, стиль ғой, «91» тобы баяғыдан-ақ сахнада осылай жүр, бізге не дейсіз?!.» деп өзіме кәдімгідей ренжіді…

Шынымен, жастар еліктегіш қой. Не көрсе соны өздері татып, көріп, сезінгілері келіп тұрады. Шаштары былай тұрсын, кейбірінің киім үлгісі де алқам-салқам. Осылай жастардың болмыс-бітіміне, түр-сипатына кері әсер ететін образдармен сахна төріне шығатын, телеарналардан түспейтін эстрада жұлдыздарына да «Сахна мәдениеті туралы» заң керек шығар. Оларға шектеулер мен тыйымдар салып, талаптар қойылса ғана, жастарымыздың қазақы болмысын сақтап қала аламыз.
Енді қазіргі күні далаға шыға қалсаңыз, әралуан түске боялған бір түрлі шаштарға куә боласыз. Жастар мен жасөспірімдер былай тұрсын, жасы қырықты алқымдаған әйелдердің өздері шаштарын жасыл, көк, күлгін түспен бояп алғандарына не дейміз? Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербететін аналардың өзі етегін жауып, басына орамал салудың орнына осылайша орынсыз сән қуып жүрсе, жастарымызға не дейміз?! Осы ретте, ерлердің де шаш бояуы белең алып бара жатқаны ойлантады…
Психологтардың айтуынша, жастар мен жасөспірімдер еліктегіш келетіндіктен, өздеріне жарассын-жараспасын, қатардан қалмау үшін шаштарын қызыл, сары, көк, жасыл түстерге бояйды екен. Олардың шаштарын бояуында ешқандай себеп не мақсат болмайды, тек қана «уақытша стиль». Ал, ересек әйелдердің мұндай түстерге бояуының себебі, олардың психологиялық жан дүниесіне байланысты екен. Мәселен, ұлттық психология тұрғысынан алатын болсақ, өздерін салмақты, қалыптасқан әйел, ана образында сезіне алмайтын немесе ажырасқан келіншектер өздерін жастар секілді ұстауға тырысып, жасына да, болмыс-бітіміне де сай келмейтін стильге ұмтылады. Ал, ерлердің осындай түске бояуы – олардың өздерінің өмірге келгендегі азаматтық миссияларын түсінбеуінен не болмаса трансгендерлік ауытқушылықтардың болуынан дейді.
Ал, стилистерге келер болсақ, олар шашты түрлі-түске бояу-
ды сән екенін мойындағанымен, жас ерекшелігіне мән беруді ескергенді құптайды. Десе де, бояуды таңдағанда түс әйел затының ажарын ашатындай болуы тиіс. Себебі, шаштың түсі көп нәрсені өзгертеді. Бояу түсі дұрыс таңдалса, көзіңіз жарқырап, беттің реңі біркелкі болады екен. Дұрыс таңдалмаған жағдайда ұсақ әжімдер мен дақтар бірден байқалып қалады. Әрі бірнеше жасқа кәрі көрінесіз. Сол себепті, бояу түсін дұрыс таңдау керек. Дүкенге бармас бұрын, айнаға дұрыстап қарап, ең алдымен көздің түсін, терінің реңін, шаштың табиғи түсін назарға алу қажет. Мәселен, жылы түстер бетті нәзік әрі албырт етеді.
Адам көркі – шаш. Бірақ, табиғатымыздан берілген қоңыр-қара шаштарымызды сән қуамыз деп, түрлі түске бояу дұрыс емес. Сонымен бірге, шашын жиі бояйтын нәзік жандылар бояудың шашқа ғана емес, жалпы денсаулыққа кері әсері барын білгендері жөн.
Бояудың құрамындағы негізгі заттар – аммиак немесе сутек тотығы шаш терісінің беткі қабатын уақыт өте келе бұзып, залал келтіреді. Ал, бояудың рең беретін пигменті теріге еніп, шаштың түбіріне кері әсер етеді. Шаш бояудың тағы бір зияны – аллергиялық реакция тудыруында. Дәрігерлер мұндай аллергия адамды анафилактикалық шок жағдайына дейін жеткізуі мүмкін дейді. Түрлі-түсті бояулар шашымызға ғана зиян келтірмей, буын, бауыр мен асқазан-ішек жолдарының ауруларына әкеп соғуы ықтимал.
Мамандардың пікірінше, бояудан бауыр көбірек зардап шегеді. Лондон университетінің зерттеушілері шаш бояуларын пайдаланатын қыз-келіншектердің 50 пайызынан көбі бауыр ауруларына шалдығатындығын дәлелдеген. Сонымен қатар, шаштарын жиі бояйтын қыз-келіншектер түрлі аллергиялық, бас, лейкемия аурулары мен шаштың түсіп қалуына душар болады.

Егер сіз шаш бояуды ай сайын қайталайтын болсаңыз, онда оған барынша күтім жасаңыз. Қазіргі заманда шаш күтіміне арналған түрлі маскалар мен майлар, сусабындар мен бальзамдар бар. Солардың көмегімен шашты қалпына келтіріп, нәрлендіруге болады. Мүмкін болса, химиялық қоспалары аз, табиғи өнімдерді пайдаланған жөн. Ал, егер шашыңызға ақ кірмесе, оның табиғи түсін сақтау әлдеқайда орынды. Біздің болмыс-бітіміміз бен дінімізде, ділімізде шашты адам айтқысыз қызылды-жасылды түстерге бояу деген болмаған. Сайқымазақтан аумай қалғанша, сән қумаған абзалырақ… Ал, сіз қалай ойлайсыз?!

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар