Ел шетінен шегірткенің естілгелі ақық дән өсіріп, ақтылы мал баққан қауымның көңілі күпті. Әнебір жылдары Ақмола облысының егістігі мен шабындығын тойымсыз шегіртке жайпап кеткен болатын. Өткеннің өкінішті жайы қайталанбас үшін бірқатар шаралар қолға алынуда.
Облыс бойынша өңделетін алқаптардың аумағы 35 мың гектар. Оның ішінде егістік те, жайылым да бар.
–Жергілікті бюджеттен 49,9 миллион теңге бөлінді. Шегіртке белгі беруі мүмкін деген аймақ бақылауға алынған. Маусымның 5-інен 4 газ генераторларымен Есіл, Жарқайың, Сандықтау аудандарының егістік алқабы өңделеді. «Гиарон» мен «Каратэ» дәрі-дәрмектері қолданылады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша тағы 150 миллион теңге бөлініп отыр,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Ербол Жүсіпбеков.
Аудандарда жерді өңдеу жұмыстары шегірткенің бар-жоқтығына байланысты жүргізіледі.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.