Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өткен салтанатты жиналысқа қатысып, бірқатар ақ халатты абзал жандарға мемлекеттік наградаларды табыс етті.
–Құрметті медицина салысының қызметкерлері! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Медицина қызметкері қай заманда да мәртебелі, әрі жауапты мамандық болып қала береді. Дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, мәселелерін шешуге мемлекет тарапынан көңіл бөлінуде. Коронавирус пандемиясына шалдыққандардың саны әлем бойынша жеті миллионнан асты. Осындай қиын кезеңде сіздер індетпен күрестің алғы шебінде жүрсіздер, – дей келе, облыс әкімі өңіріміздің барлық медицина саласының және лаборатория, жедел жәрдем қызметкерлеріне, санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне зор алғысын жеткізді. Сонымен қатар, індет жұқтырған науқастардың 70 пайызы емделіп шыққанын, мұның бәрі сала мамандарының өлшеусіз еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен коронавируспен күрес шараларына жұмылдырылған мыңнан астам адам еңбекақыларына үстеме алды. Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті бір жарым есеге ұлғайды. Төрт медицина ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл облыс орталығындағы онкологиялық емхана, Степной және Софиевка ауылдарындағы екі дәрігерлік амбулатория мен Қосшы ауылындағы емхана. Көкшетаудағы Сарыарқа ышқам ауданында 630 орындық емхана салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қазіргі күні осы ықшам ауданда дәрігерлерге арналған 40 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Атбасар ауданында қан орталығының ғимаратын медицина саласы қызметкерлері үшін тұрғын үй етіп қайта бейіндеу жұмыстары қолға алынған. Зерендіде де ақ халаттыларға арнап 40 пәтерлік тұрғын үй бой көтереді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл 11 денсаулық сақтау нысаны жөндеуден өткізілмекші.
Салтанатты шарада облысымыздың медицина саласын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан Ермек Маржықпаев өңірдің денсаулық сақтау саласының бастауында болған, білімді де білікті шәкірт тәрбиелеген ардагерлердің есімдерін құрметпен еске алды.
Бұл күні «Еңбек ардагері» медалімен Біржан сал аудандық аурухана емханасының меңгерушісі Дәмелі Сыздықова және көпсалалы облыстық аурухананың нейрохирург дәрігері Виктор Беспалько марапатталды. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі №1 Көкшетау қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Әйгерім Кәрімова мен көпсалалы облыстық балалар ауруханасының рентген-лаборанты Зоя Садовскаяға табыс етілді. №1 Көкшетау қалалық емханасының учаскелік педиатры Гүлнәр Баймұрзина, Көкшетау қалалық емханасының туберкулезге қарсы кабинетінің фтизиатр дәрігері Тамилям Шаяхметова, көпсалалы облыстық аурухананың бөлімше меңгерушісі Анаргүл Мүсетова, облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мейірбикесі Қарлай Байтуғанова, Көкшетау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Медетбек Қуанышбеков «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, бірқатар жерлесіміз Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, министрдің және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.