Тіл тәуелсіз болмай, шын тәуелсіз болмаймыз!

Мемлекеттік тілді қолдану мәселесіне қатысты ой-пікірлер көп айтылады. Бәріміз сын айтамыз, заң шығару керек дейміз, Ата заңдағы жетінші баптың екінші бөлігі қабылданар кезде де көп дау туғызғанын жақсы білеміз. Бүгінгі күнде де осы екінші бөлігін алып тастау керек деген пікір жиі көтерілуде. Заң қоғамдағы белгілі бір қатынастарды реттеу үшін қабылданады. Ал, біз бүгінгі тіл аясындағы заңдарды толыққанды пайдаланып жүрген жоқпыз ғой. Нақтырақ айтатын болсақ, Ата заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Ендеше мемлекеттік дәреже алған қазақ тілі басқа тілдерден оқ бойы, тым болмаса бір сүйем алда тұру керек. Қазақтың жалпақ сөзімен айтқанда, бір отар қойды бастап жүрген серкедей алдында болу керек. «ҚР тіл туралы» заңының 4-бабында, Азматтық процестік кодексінің 14-бабы, Қылмыстық процестік кодексінің 30-бабы осы қағидаларды сақтайды. Олай болса, кез-келген деңгейдегі үлкенді-кішілі жиын мемлекеттік тілде өткізіліп, басқа ұлт өкілдерінің құқықтарын бұзбау үшін мемлекеттік тілді білмейтіндерге аудармашының көмегі көрсетілу керек. Бұл нағыз әділеттілік болар еді. Өйткені, мемлекеттік тіл біреу ғана, ол – қазақ тілі. Өкінішке орай, Егемендік алған алғашқы күндерден бері қоғамда орыс тілі мемлекеттік тілдің рөлін атқаруда. Бұл әрине әділетсіздік!

Ал енді жоғарыда айтылған «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңының 4-бабына жүгінетін болсақ, онда былай дейді: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi –
қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi».
Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттің бар саласы мемлекеттік тілде сөйлеуі және жазуы керек. Бүгінгі күні осы заң талаптары қоғамда неге орындалмайды, орындалмауын неге сұрамаймыз?! Азаматтардан өздерінің парызын, басшылардан міндетін орындауды қатаң талап ететін болсақ, бәрі өз қалпына келер еді. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағы заң талаптарын лауазымына, шен-шекпеніне қарамастан, әрбір Қазақстан азаматы орындайтын болса, тіліміздің көсегесі бірақ күнде көгерер еді.
Кешегі одақ кезінде орыс тілін білмеген азамат қарға адым жасай алмайтын еді. Өйткені, Одақ бойынша жоғарғы оқу орнына түсетін Ұміткер міндетті түрде орыс тілінен емтихан тапсыратын еді, бірінші тұрған осы емтиханды тапсыра алмаған абитуриенттің жоғары оқу орнына түсу үміті үзілетін.
Бүгінгі күні демократиясы дамыған кез-келген алдынғы қатарлы елдерде сол елдің тілін білмеген азаматы жоғары оқу орнына немесе сол елдің мемлекеттік қызметінде жұмыс атқара алмайды. Ендеше, «жаңа велосипедті ойлап таппай-ақ» осы бесенеден белгілі үрдісті неге қабылдамаймыз? Бұған не кедергі?
Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың арты құз, алды биік шың, болашағы бұлыңғыр болуы керек. Сонда ғана әрбір ата-ана баласын мемлекеттік тілдегі бала бақшамен мектепке беріп, мемлекеттік тілді үйретуге тәуелді болады.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілді білудің қажеттілігін тудырмай, тілдің мәртебесі өз деңгейіне көтерілмейді.
Қонақжай, дархан қазақ халқы өткен ғасырларда түрлі себептермен келген көптеген ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алып, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, төріне шығарды. Еліміз Егемендік алғалы да міне санаулы күндерден кейін 30 жыл толады. Осы уақытта тіліміздің егемендікке жетпеуі өкінішті-ақ. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы тілдің мәртебесін көтеру үшін сөзден нақты іске көшіп, бір-бір кірпіш болып қаланатын кез келді. Сол себепті, Ақмола облыстық соты мемлекеттік тілдің сот саласындағы қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірқатар іс-шаралар атқаруда.
Сот саласында сот ісін жүргізу тілінің тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабында, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 30-бабында нақты көрсетілген.
Алайда, құқық қорғау органдары мен сот ісін жүргізуде судьялар тарапынан осы екі заң талабы да толыққанды орындалмауда: I. тергеу органдарымен алғашқы тергеу кезінде жіберілген кемшіліктер соттар тарапынан ешбір сын ескертпесіз, түзетусіз қалуда.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 30-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал, қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады делінген.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады. Бұл кез-келген қылмыстық іс әу бастан тек мемлекеттік тілде жүргізілуі керектігін, өкінішке орай, көп жағдайда тергеу органдары қылмыстық іс жүргізу тілін орыс немесе басқа да тілге уәжді қаулы шығармай тұрып, орыс тілінде жүргізіп, жоғарыда көрсетілген заң нормаларын, бұзуда. Сонымен қатар, күдіктіге, айыпталушыға оның сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу туралы құқықтарын жан-жақты түсіндірмейді. Сол себептен қылмыстық істерді қарауда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы көтерілмей отыр.
Көптеген жағдайларда тергеу амалдарын жүргізуші тұлға мемлекеттік тілді өзі жетік білмегендіктен, не болмаса бірлі-жарымды іске қатысушы азаматтар мемлекеттік тілді білмегендіктен аудармашы қатыстырып іс жүргізуге қиналғандықтан, оларға тәуелді айыпталушылардан «Осылай жеңіл болады» деген сылтаумен істің орысша жүргізілуін қалайтындығын, орыс тілін жетік білетіні туралы арыз алады да, істі орыс тілінде жүргізеді. Ал, күдіктіден оның мемлекеттік тілді білу деңгейі мен оның істі қазақ тілінде жүргізу пікірі анықталмайды.
Ал, ҚР ҚІЖК 320-322-баптарының талаптарына сай қылмыстық істер бойынша сотталушылар қазақ ұлтының тұлғалары болған кезде, судьялар істі қабылдап алу барысында жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты анықтап, принциптік баға беруі керек.
Егер соттың істі қабылдап алу сатысында айыпталушының тергеу амалдары жүргізілген орыс тілін жетік білмейтіні, істі мемлекеттік тілде жүргізу керектігін тергеу органдары толық түсіндірмей, айыпталушыдан орыс тілін білетіндігін және оған байланысты тергеу амалдарын орыс тілінде жүргізгенге қарсы емеспін деген бір жапырақ қағаздың негізінде іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден уәжсіз себептермен басқа тілге ауыстырған жағдайда, тергеу амалдарының барлығын жарамсыз деп танып, істі прокурорға қайтарған дұрыс деп есептеймін. Өйткені, бұл мәселеде осындай түбегейлі шешімге келмесек, тергеу органдары мемлекеттік тілге жақын арада бет бұра қоймайды.
Ал, айыпталушы тергеу амалдарды жүргізген орыс тілді жетік біліп, алайда тергеуші іс жүргізу тілін ешбір уәжсіз заңсыз орыс тіліне аударған жағдайда, істің сотта қарау тілін қайтадан қазақ тіліне аударып, тергеушінің заң бұзушылығына жеке қаулы шығарумен шектелуі жеткілікті деп ойлаймын.
Осындай заң бұзушылықтардың салдарынан көптеген істер заңсыз орыс тілінде қаралуда.
Ақмола өңіріндегі халықтың 51 пайызы қазақ ұлты бола тұра, облыс соттарымен мемлекеттік тілде қаралып жатқан барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші 2016 жылы – 1,5 пайыз, 2017 жылы – 3,3 пайыз, 2018 жылы –
3,8 пайыз, 2019 жылы – 5 пайыз, 2020 жылдың 5 айында –
7,1 пайыз ғана болуы – осының айғағы десек, бүгінгі күні Ақмола облысының соттары Елбасының мемлекеттік тіл мәселесі бойынша қойылған талаптарын іске асыру мақсатында мемлекеттік тілді дамыту саясатын, оның қолдану аясын кеңейте отырып насихаттауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізуде. Құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен өзін-өзі басқару салаларының, жергілікті бұқаралық-ақпарат таратушы мекемелерінің басшыларының, өкілдерінің қатысуларымен «дөңгелек үстелдер», семинарлар өткізілуінің арқасында мемлекеттік тілде қаралып жатқан істердің үлесі өсуде, бірақ бұл көрсеткіш әрине көңіл көншітпейді.
Ал, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабының 1,2 бөліктерінің талаптарына сәйкес, азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі. Бірақ та, іс жүзінде қазір бұл көрсеткіш 7,4 пайызды ғана құрап отыр. Өйткені, азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Өкінішке орай, жоғарыда келтірілген статистикалық деректер көрсетіп отырғандай, бүгінгі күні судьялармен істерді зерделеу барысында мемлекеттік тілге тиісті дәрежеде мән берілмегендіктен, қазақ ұлты азаматтарына талап-арыздарды мемлекеттік тілде беру құқығы және іс жүргізу тілін мемлекеттік тілге ауыстыру мүмкін екендігі жөнінде түсіндірмеу салдарынан, көп жағдайларда істер орыс тілінде қаралуда. Егер соттар тарапынан осы мәселе өз деңгейінде қолға алынса, азаматтық істерді мемлекеттік тілде қарау үлесі едәуір артар еді.
Сондықтан, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап судьяларға сот істерін зерделеу және сот талқылауына дайындауды міндетті түрде дыбыс-бейне жазба арқылы жүргізу тапсырылды.
Ақмола облысы соттарында жалпы іс жүргізу тілі мемлекеттік тілге ауыстырылған істердің пайызы мынадай болып отыр: 2017 жылы – 140 іс мемлекеттік тілде қаралған, бұл барлық істің 0,2 пайызы, 2018 жылы – 273 іс немесе 0,5 пайыз, 2019 жылы 1002 іс немесе 0,9 пайыз, 2020 жылдың 5 айы қорытындысы бойынша 249 іс немесе барлық істің 1,1 пайызы.
Статистикалық деректерге сәйкес 2018 жылы облыс соттарына мемлекеттік мекемелерден барлығы – 4 731 талап-арыз түскен, соның ішінде мемлекеттік тілде – 2 228 (47,1 пайыз) түссе, 2019 жылы барлығы – 3892 талап-арыз түсіп, соның ішінде мемлекеттік тілде бар болғаны – 885 (22,7 пайызы), 2020 жылдың 5 айында барлығы 1 231 іс түссе, оның 293-і немесе 23,8 пайызы мемлекеттік тілде түскен.
Осы орайда, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және нақты шаралар қабылдау үшін облыстың әкіміне, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшыларына 2017 жылы – 21 хат, 2018 жылы – 10 хат, 2019 жылы – 41 хат, 2020 жылдың 5 айында 12 хат жолданды.
Сондай-ақ азаматтық іс бойынша көмек жасайтын адвокат, заңгерлер де түрлі сылтаумен қазақ тілін айналып өтіп, талап-арыздарды өздеріне қолайлы орыс тілінде дайындайды.
Осының салдарынан халықтың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын жеткізе алмай, қиналып жатқаны туралы да фактілер аз емес. Кейде бұл мән бермеушілік адам тағдырына әсер етіп, орны толмас өкінішті жағдайларға да апарып жатыр.
Қасиетті қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны әрі дамыту әр қазақстандықтың парызы, әрбір мекеме басшылары өз тарапынан, басқаруындағы қызметкерлерден іс-құжаттарының  мемлекеттік тілде жүргізуін талап етіп отырса, мекеме қызметкерлерінің де қазақ тіліне деген жанашырлықтарын оятып, қазақ тілінің мәртебесін өркендетуге болады деп есептеймін.
Себебі, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қастерлеп, үйрену – Қазақстанның барша азаматтарының парызы. Осы ретте, әрбір мемлекеттік мекеме басшылары, құзырына сәйкес талап арыздарды және басқа да іс-қағаздарды сотқа тек қана мемлекеттік тілде жолдануына ықпал етсе, мемлекеттік тілдің дамуына қосқан зор үлес болар еді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін сөзден, нақты іске көшер уақыт келді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының үстіміздегі жылғы халыққа Жолдауында айтқанындай, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болуы керек.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі тек тілдерге, оның ішінде мемлекеттік тілге арналған үлкенді-кішілі жиындарда ғана айтылып қоймай, күнделікті өмірде нақты іс-шаралармен көтерілуі керек.
Ендеше қасиетті тіліміздің, Ата заңымыз айқындап берген мәртебесін асқақтату – Қазақстан елінің әрбір азаматының патриоттық парызы. Қолданыстағы заң талаптарына сай, Қазақстан мемлекетінде тұрып жатқан азаматтардың мемлекеттік тілді білуі парыз. Парыз орындалуы керек, орындамасаң қарыз боласың. Сондай-ақ әрбір Қазақстан азаматына Отанды қорғау да парыз! Осы күннің өзінде әскерден бой тасалағандарды заң алдындағы парызын орындаудан бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз. Дұрыс-ақ. Тілді білу де парыз ғой. Ел қауіпсіздігіне тікелей байланысты мәселеге келгенде, парызды орындамағандарға көз жұма қарайтынымыз қалай? Мәселе осында. Сондықтан да, Ақмола облыстық соты бүгінгі күні мемлекеттік мекеме басшылары сотқа талап арызды шет тілде бергенде немесе іс-қағаздары толыққанды мемлекеттік тілде өтпеген жағдайда жекеше қаулылар шығарудамыз. Бұл мәселеде Ақмола облысы прокуратурасы осы пікірімізбен келісіп, іс-қағаздары әлі мемлекеттік тілге өтпеген мемлекеттік мекемелерге «Прокуратура туралы» заңның 23, 27 баптарын басшылыққа ала отырып, ұсыну енгізуде. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында, осындай талап қойған дұрыс деп есептейміз. Өйткені, әрбір заңның талаптарының орындалуы міндетті және ол үшін сұраныс болуы шарт. Сондықтан, еліміздегі әрбір азамат құр сын айтумен шектелмей тіл мәселесіндегі парызын, ал, әрбір мемлекеттік мекеме басшысы міндетін орындап, құзыретті органдар заң талаптарының орындалуын қатаң қадағаласа көптен күткен сең қозғалар еді.
Елбасы мен Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттік тіл мәселесінің ескерілмей қалған кезі жоқ. Жоғарғы Сот төрағасы да мемлекеттік тілде қаралатын істердің санын көбейту керегін үнемі айтып келеді, тек орындаушылар істі ақсатып отырмыз.
Өз әріптестеріме айтарым, мемлекеттік тілдің дамуына сот саласы қауқарсыз, өйткені, азаматтық істер бойынша сот қарау тілін талапкер, ал қылмыстық істер бойынша тергеу органы анықтайды, деген пікірден арылып, жоғарыда айтылған заңдардың үстемдік құруын қамтамасыз етуге белсенділік танытуға шақырамын.
Біреулер Ата заңымыздың 7-бабының 2-бөлігін алып тастау керек дегенді айтып жүр. Алайда, дәл бүгінгі күні мұнымен мемлекеттік тіл мәселесі шешілмейді. Басқа ұлт өкілін былай қойғанда, өз қандастарымыздың өкінішке орай көбі ана тілін білмейді. Заң талабын өзгерткен күннің ертеңіне осы азаматтар қазақша сайрап кетуі неғайбыл. Бүгінгі күні қоғамда мемлекеттік тілдің қажеттілігін туындатпай ештеңе өзгермейді. Мысалы, Кеңес одағы тарағанда неміс ұлтының азаматтары өз елдеріне кетті. Көбі тіл білген жоқ. Бірақ, мүмкіндікті пайдаланып Отанына оралғысы келді. Барды, екі айдан кейін нан сұрап жеуге шамасы келді. Көпшілігі бір-екі жылдан кейін тіпті мамандығы бойынша білімін дәлелдеді. Қажеттілік болғандықтан сол қоғамда тілді қысқа уақытта сапалы меңгеріп шықты. Өкінішке орай, біздің қоғамда қазақ тілін білу қажеттілігін тудыра алмай отырмыз. Қайда барсаң, орысша сөйлейді. Сонымен қатар, мендегі бар мәліметке сәйкес, республикалық бюджет есебінен 2015-2020 жылдары аралығында мемлекеттік тілді үйретіп, тіл қолданысын дамытуға 400 миллион теңгеден астам қаражат бөлініпті. Оңай қаржы емес! Бірақ, соның өзі тілді білуге бетбұрыс жасата алмай отыр. Сол қаржыны қайда жұмсадық? Нәтижесі қайда? Жоқ болса, тағыда неге? Статистика бойынша республика халқының 70 пайызы қазақ ұлтының азаматтары бола тұра, қаралып жатқан сот істерінің тек 11 пайызы ғана қазақ тілінде. Ал, тұрғылықты халқының 51 пайызын қазақ ұлты құрайтын Ақмола облысында бүгінгі күні қазақша қаралатын істер 7 пайыздан сәл ғана жоғары. Мұның себебі неде? Неге біз өз тілімізде сөйлемейміз? Неге Анамыздың тілін білмейміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі елімізде тұрып жатқан барлық қазақстандықтарды біріктіретін күш» –
деді. Елді біріктіретін күш ретінде пайдалану үшін тілді өзіміз білуіміз керек емес пе? Ал, мұны заң шығару арқылы, міндеттеп, ұрандатумен шеше алмаймыз.
Сондықтан, қолданыстағы заңдарды басшылыққа ала отырып, сот ісін тек мемлекеттік тілде жүргізу керек. Орыс бола ма, неміс бола ма, дауын тек қазақ тілінде қарауды жолға қояйық. Олардың өзін қорғау құқығы бұзылмас үшін аудармашы берілсін. Әрине, істі қарау уақыты ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ, аудармашы арқылы тілдесудің қиындығын көріп, машақатын сезінген соң сотқа қатысушылар мемлекеттік тілді үйренуге тырысар еді. Қажеттілік деген осы деп түсінемін. Бұл жерде біз елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің құқықтарын бұзайын деген тарыдай да ниет жоқ! Ниет біреу ғана, сіз бен біздің ана тілімізді, Егеменді еліміздің мемлекеттік тілін Ата заңымыз айшықтап берген тұғырына қондыру.
«Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс-қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген заңда. Яғни, мемлекеттік билік те, заң да, іс-қағаздары да қазақ тілінде сөйлеуі керек. Бізде бәрі керісінше. Оған кім кінәлі? Заңды орындамай отырған өзіміз. Мемлекеттік маңызы бар істе жалпақшешейлік танытуға болмайды. «Иванов түсінбей қалады, Сидоровқа қиындық келтіреді», – деп өзге ұлт өкілдеріне жалтақтайтын кез өтті. Енді ұлт болып қалудың қамын жасап, ұрпақтың ертеңін ойлағанымыз дұрыс. Данышпан Конфуций елге басшы болса алғашқы қадамды тілді түзеуден бастайтынын айтыпты. Себебін сұрағандарға «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды», – деп жауап берген екен. Сол айтпақшы, мемлекет мүддесі жеке бастың қызығушылығынан қашанда биік тұрғаны жөн. Онсыз тілді жоғалту оңай, ал тілі жоғалған елдің өзі де ұзақ өмір сүрмейді». Неткен даналық!
Өз кезегінде, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Тіл ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», – деп өте орынды айтты.
Жұмыс бабымен қай өңірге қызметке барсам да алдымен аудан-ауданды аралап, тұрғындармен кездесуді жөн көрем. Біз келеді деген соң әкімдіктегілер елді жинап қояды. Бір жолы зал толы қазақ болған соң тек қазақша сөйледім. Соттағы жаңашылдықты, мәселелерді тәптіштеп айтып жатырмын. Бәрі риза. Жиын соңына тақағанда елеусіз отырған орыс апамыз қолын көтерді. «Сіздің керемет сөйлегеніңізді, халықтың риза болғанын жүздерінен көріп тұрмын. Бірақ, ештеңе түсінбедім. Енді осы айтқандарыңызды орысша қайталап берсеңіз» деп өтінішін жеткізді. Тілегін орындадық. Ал енді қараңызшы, жиналыс орыс тілінде өткізілсе, бір ақсақалдың осылай қазақша тіл сындыруға пәрмен беруіне болады ғой.
Жақында Ақмола облыстық сотында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жиын өткізіп, қарар қабылдадық. Осы қарарда мемлекеттік мекемелерсотқа талап-арызды міндетті түрде қазақша беруі керек деген шешімге келдік. Ал, орыс тілінде арыз беретін, жауап жолдайтын басшыларға жекеше қаулы шығару керектігін көрсеттік. Біздің осы бастаманы әріптестеріміз қолдаса деймін. Өйткені, бұл жоғарыда айтылған заң талабынан туындап, мемлекеттік тілді білуге міндеттейді. Сөйтіп, бар заңды дұрыс пайдалана білуіміз керек. Өйтпесек несіне заңгер болып отырмыз. Көп жағдайларда тілге қатысты әңгіме қозғасақ ұлтаралық қақтығысты туғызып жібереміз деп қауіптенеміз. Біз өзге ұлтты кемсітіп жатқан жоқпыз. Тек мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге, тынысын ашуға көмектесетін заңдағы титтей тетікті, кішкентай сәулені пайдалануды талқылаудамыз. Заң бізге тілді өз деңгейінде қолданбайтын басшыларға ескерту жасауға мүмкіндік беріп тұр. Әр жиналыс сайын соны ескертеміз. Намыстарына тимейміз-ау, бірақ намыстарын оятуға тырысамыз. Рухани жаңғыру дегеннің өзі рухты көтеру, рухты ояту деген сөз, жаңғыру дегеннің өзі жану, көмескіленбеу деген мағына. Сондықтан, рухты көтерейік, намысты оятайық! Егер осыны бәріміз түсінсек, қарекет жасасақ мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту қиын емес. Біздің бастамамызды облыстың прокуратурасы да қолдап отыр. Бұл шараны өзге өңірдегі әріптестер де жалғастырса ұтарымыз көп болар еді.

Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар