КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Карантиндік шаралар қатаң сақталуы тиіс. Бұл туралы Көкшетау қалалық емханасының жұқпалы аурулар кабинетінің меңгерушісі Валентина Гришмановская айты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Валентина Васильевна өңірде коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген санаулы инфекционист дәрігерлердің бірі. Оның айтуынша, біраз өңірлерде қауіпті дерті жұқтырған науқастардың саны артқаны байқалады. Бұған әрине, бірінші кезекте тұрғындар тарапынан карантиндік шаралардың тиісті деңгейде сақталмауы себеп болып отырған жайы бар. Сондықтан, ол коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін азаматтарды, ұйымдарды, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субектілерін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға шақырады. «Әлемдегі және қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірінші кезекте маска киіп жүру қажет. Соңғы күндері облыс орталығында коронавирус жұқтырғандардың саны артты. Карантиндік шаралар қатаң сақталуы тиіс. Инфекция ауа арқылы таралатындықтан кез келген уақытта, кез келген жерде жұғуы мүмкін. Адамдарға көп жиналатын орындар – дүкен, дәріхана, қоғамдық көліктерде маскамен жүруге шақырамыз. Масканың өзін үш сағат сайын ауыстырып отыруымыз керек. Қолды антисептикпен жуып отырған маңызды. Эпидемия кезінде антисептик қолданып, маска тағу адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және коронавирус инфекциясының таралуын азайтады», — дейді Валентина Гришмановская. Сонымен қатар, дәрігер коронавирус инфекциясы таралуын болдырмау үшін адамдар ең бірінші карантиндік режимді сақтауы және өздерінен гөрі жақын туыстарының денсаулығы үшін алаңдауы қажеттігін айтуда.
https://www.inform.kz/kz/karantindik-sharalardy-katan-saktauga-tiispiz-infekcionist_a3664325