Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде өңірде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытында қолға алынған шаралардың жай-күйі пысықталып, өңірдің биылғы жылғы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары тиянақталды.
Мәжілісте бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусинаның айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Үстіміздегі жылдың 26 наурызы мен 26 мамыры аралығында 147 адамның қауіпті індетті жұқтырғаны зертханалық тексерулер бойынша расталды. Негізінен, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың басым көпшілігі Целиноград ауданының тұрғындары. Дегенмен, шектеу шараларын жұмсарту мақсатында блок-бекеттер алынып, санитарлық-карантиндік талаптар сақтала отырып, қоғамдық тамақтану орындары ашылды және автобус қозғалысы қалпына келтірілді.
– Шектеу шараларын жұмсарту дерттің етек алуына себеп болды. Мәселен, мамыр айының соңғы аптасында 13 жағдай тіркелсе, маусым айының алғашқы аптасында бұл көрсеткіш 34-жетті. Ал, екінші аптада аурудың таралуы 1,6 есеге артып, 51 жағдай тіркелді, – деді Айнагүл Мусина.
Науқастар санының артуына бірінші кезекте Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының өңірімізге ағылып келуі себеп болса, екіншісі, еске алу және салтанатты шараларға көп адамдардың жиналуы. Үшіншіден ұжымдар мен кеңселерде санитарлық-карантиндік шаралар сақталмауы, бірқатар мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істеуге көшпеуі індеттің жаппай таралуына себеп болып отыр. Басшылардың осындай салғырттығынан 43 мемлекеттік қызметшіден коронавирус инфекциясы анықталды. Сондықтан, орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты маусымның 15-інен бастап карантиндік шектеу шаралары қайта күшейтілді.
Маусымның 20-ындағы жағдай бойынша 525 адамның қауіпті індетті жұқтырғаны зертхана бойынша расталды. Оның ішінде 306 адамда ауру белгілері бар болса, 219 адам ауру белгілері жоқ тасымалдаушы. Олардың саны Көкшетау қаласында – 163, Целиноград ауданында – 33, Астрахан ауданында – 18, Ерейментау ауданында – 17, Аршалы ауданында – 11, Қорғалжын ауданында – 7, Зеренді ауданында – 6. Коронавирус тіркелмеген жалғыз өңір – Біржан сал ауданы.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің арасында 62 адам коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды.
– Медицина қызметкерлері науқастарға зертхананың қорытындысын күтпей шұғыл көмек көрсетуге міндетті. Қазіргі кезде, байланыста болған 243 медициналық қызметкер жұмысынан шеттетілді. Бұлар негізінен, жансақтау, хирургия және травматология бөлімшелерінің мамандары, – деді Айнагүл Мусина.
Департамент басшысының сөзінше, жағдайды бақылауда ұстап тұру үшін бастапқы медициналық-санитарлық қызмет көрсету үшін автокөлік, жеке қорғаныс заттары қажет. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов те өзінің баяндамасында деректер келтірді.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев баяндамашыларды тыңдай келе, аудан және қала әкімдерінен дизенфекциялау шарасын күшейтуді, арнайы бригада жасақтап, жұмыс кестесін құруды, провизорлық станционарларда орындарды көбейтуді тапсырды.
Ал, екінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев қаңтар-мамыр айында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, тұрғын үйді пайдалануға беруден басқа өзге салаларда оң динамика қалыптасқан. Дегенмен, кейбір өңірлерде оң динамика байқалғанымен, кей көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
Мәжіліс соңында облыстық басқармалардың басшылары мен аудан және қала әкімдеріне жоспарланған барлық көрсеткіштердің биылғы жылдың жартыжылдығында орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілішісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.