Егін-шөбіңіз шығымды ма?

Жыл сайын ауа райының мінезі өзгеріп барады. Әлем ғалымдары табиғаттың катаклизмы жайлы дабыл қағып бағуда. Мәңгілік мұздықтар, Солтүстік мұзды мұхитындағы алып Айсбергтерде еріп, қақ айырылып жаралып жатқандығы тағы да бар. Биыл біздің Қараөткел-Көкшетау өңірлерінде қыс айларында бұрын соңды болмаған қар түсті. Көктемде су тасқыны болады деген қауіп те бар еді. Алайда, қыстайғы қалың қардың жайлы ерігендігі соншалықты, қар суының ізі де қалмады. Көктем мен жаздың алғашқы айлары жайлы болғанымен, маусымның соңғы апталарында күн ысып сала берді. Аңызақ ыстық жел де соғып тұрды. Мұның өзі егін-шөп алқаптарының тезірек құрғап кетуіне әкеп соғып жатыр. Бір тамшы жауынға зар бола бастаған күн туды. Ежелгі ғадетпен ауыл халқы құрбандық шалып, жер-жерде тасаттық та беріліп жатыр. «Арқа ажары» газеті биылғы егін-шөптің шығымы қалай болар екендігі алаң-көңілмен елдің жағдайын сұрап білуді жөн көрді.

Алдымен, осы сауалды Жарқайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Мұрат Бердібековке қойдық. Оның айтуынша, маусым айының орта кезінде ауданда екі-үш күн жауын жауған. Бұл егін мен шөптің шығуына өз септігін тигізіпті. Одан бері ылғал түспегендіктен, жер құрғап қалған екен.
Биыл аудан диқандары 597,2 мың гектар егіс алқабына химиялық өңдеу жүргізуді жоспарлаған. Бүгінгі таңда бұл жоспардың 79,6 пайызы орындалыпты. Аудан диқандары пар жырту жұмысымен де айналысуда. Олар бірінші айналымда 51,9 мың гектар пар жыртып, екінші айналымның 17,2 пайызын орындапты. Биылғы жылы ауданда шөп жақсы шыққан екен. Дегенмен, соңғы күндері жаңбырдың болмауынан ол қурай бастапты. Аудан пішеншілері 39,9 мың тонна шөп дайындауды жоспарлаған. Бүгінгі таңда оның 20,3 мың тоннасы жиналып алыныпты. Бұл бағытта «Темірлан», «Аксано-Агро» серіктестіктері мен «Отрадный» шаруа қожалығы қарқынды жұмыс жүргізуде.
Ал, Есіл ауданында биылғы жазда мүлдем жаңбыр жаумаған. Соның салдарынан егіннің шығымы да төмен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есләмбек Сәдуақасов өз сөзінде шөптің шығымы өткен жылғыдан біршама жақсы екенін, оның қурап кетпеуі үшін жаңбырдың қажеттігін айтты. Биыл аудан бойынша 49,3 мың тонна шөп дайындау жоспарланыпты. Қазір оның 25 мың тоннасы маяларға салынған. Шөп дайындауда «Заречный», «Агро- Олдиви», «Новоприречинский» серіктестіктерінің қимылдары ширақ. Аудан бойынша 390 мың гектар алқапты химиялық өңдеуден өткізу жоспарланса, қазір оның 95 пайызы орындалыпты. Екінші айналымдағы 70,5 мың гектар пардың да 60 пайызы жыртылған.
Ауа райын алсақ, Атбасар ауданындағы жағдай да көңіл көншітпейді. Биылғы жылы мұнда шөп жақсы шыққанымен, дәл қазір ылғалдың жоқтығынан қурауда. Көктемгі ылғал қорының арқасында егін шамалы көтеріліпті. Бір апта бұрын Сочинский селосы аумағына аздап жаңбыр жауған екен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Виктор Шкурихиннің айтуынша, биыл аудан бойынша 81,5 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Қазір оның 19 мың тоннасы маяларға салыныпты. Бұл жерде Алтынбек Құрманқұлов басқаратын «Шуйский» серіктестігі қажетті шөп қорын дайындап үлгергенін атап өткен жөн. Аудан диқандары 306,5 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізуді жоспарласа, қазір бұл жұмыстың 69 пайызы атқарылған екен. Екінші айналымдағы 34,6 мың гектар пардың 6,5 пайызы жыртылыпты. Бүгінгі күні халық жауын-шашын қашан түседі деп алаңдайды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар