Ақмолада 161 білім ошағына жөндеу жүргізілуде

Жазғы маусымда бірқатар білім ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  жаңа оқу жылына дайындық тиянақтала түсуде. Жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 10 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.

Көш басын Нұр-Сұлтан қаласының іргесіне бұрған халықтың көбеюіне байланысты Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандарында мектеп жетіспеушілігі орын алуда. Өңір мектептерін оқушылар санына бейімдеу және негізгі ғимаратқа қосымша құрылыс жүргізу – мәселені ретке келтіруге бағытталған нәтижелі қадам. Осы мақсатқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 8,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға өңірдегі 102 білім беру мекемесіне жөндеу жүргізіледі.

–Биыл облыс аумағында 161 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет тарапынан білім саласына айрықша зор қамқорлық жасалып отыр,–дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.   

Өткен жылдармен салыстырғанда білім ошақтарын жөндеу көлемі екі есе көбейген. Мәселен, өткен жылы өңірдегі 12 білім ошағына күрделі жөндеу жасалса, биыл 32 нысан түбегейлі жаңғыртылады. Өзге 129 нысанда ғимараттың әрлеу жұмыстары, жылу қазандықтарын орнату, шатыр алмастыру тәрізді ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда.

–2020 жылы Атбасар ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 498 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 2 күрделі және 6 ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады,–дейді Атбасар аудандық білім бөлімінің жетекшісі Наталья Наймушина.

Ақмола облысында 556 мектеп бар. Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі аудандарда орын  жетіспесе, шалғайдағы шағын ауылдардағы типтік жобамен салынған ғимараттарда оқитын бала саны аз. Ол жерлерде мектепті ұстап тұруға қыруар қаржы жұмсалуда. Осы бір мәселе жан-жақты шешім қабылдауды қажет етеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар