Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Әл-Фараби: ғасырлар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция болып өтті.
Конференцияның мақсаты – Қазақстан қоғамының рухани дамуы үшін Әл-Фарабидің зияткерлік мұрасын зерттеу. Онлайн-конференция жұмысына белгілі ғалымдар, сарапшылар, қоғам және мемлекеттік мекемелердің өкілдері, оқытушы-профессорлар мен ізденуші жас ғалымдар қатысты.
Төрткүл дүниеге танымал ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойының орны ерекше. Ұлтымыздың ең басты құндылықтары мен тарихи тұлғаларын жаңа қырынан танып, Әл-Фараби, Абай сынды заманынан озып туған данышпандардың еңбектерін жаңаша бағалап, оларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау бүгінгі ұрпақтың, яғни, біздердің басты парызымыз болмақ. Бүгінде ғылымның көкжиегінде Әл-Фарабидің рухани мұрасы әлемдік ғылым мен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан білімнің сарқылмайтын қайнар бұлағына айналып отыр. Ойшыл ғалымның философиялық, логикалық, метафизикалық, әлеуметтік, жаратылыстану ғылымы салалары бо-
йынша әлемдік ғылымға қосқан үлесінің теңдесі жоқ деп нық айта аламыз. Осынау екінші ұстаз атанған Әл-Фараби сынды ғылымдағы ірі тұлға арқылы қазақ халқы да өзін әлемге танытады.
Конференция модераторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Қадырұлы Сырлыбаев ғылыми іс-шараның шымылдығын ашып, қатысушы ғалымдарды, оқытушы-профессорлар қауымы мен студент жастарды арнайы құттықтады. Сондай-ақ, конференцияның жұмысына қатысуға ниет білдірген барша азаматтарға да университет ұжымы атынан алғыс білдірді.
Білім ордасының басшысы Марат Қадырұлы өз сөзінде орта ғасырдың ұлы ғұлама ойшылы, даңқты философы атанған Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойына арналып университетімізде жыл басынан бері әртүрлі тақырыптарда ғылыми семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылғандығын, сондай-ақ, білікті ғалымдардың жергілікті телеарналарда, облыстық «Арқа ажары», «Акмолинская правда» газеттерінің журналистеріне бірнеше сұхбаттар бергендігіне де тоқталды. Енді міне, бүгін ұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, оның өз ұрпағына қалдырып кеткен рухани да асыл мұрасын құрметтеу мақсатында киелі Көкшенің төрінде дүбірлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып отырғанын ерекше қуанышпен атап өтті.
Онлайн-конференция қазіргі фарабитану ғылымының өзекті мәселелері және Әл-Фарабидің рухани мұрасын игерудегі әлеуметтік-этикалық көзқарастар негізінде өрбіді.
Ғылыми шара барысында отандық және шетел ғалымдары мағыналы да тағылымды баяндамалар оқып, өз ойларымен бөлісті. Көптеген тарих беттері ақтарылып, біршама тың мәліметтер де айтылды. Мұның шараға қатысқан жастарымызға тигізер пайдасы мол деп білеміз. Осылайша ұлы өркениет философы Әбу-Насыр Әл-Фараби бабамыздың рухани әлемі адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңына айналып отыр. Әл-Фараби өткеннің ғана емес, бүгіннің де, болашақтың да ғылымы болып табылады. Оның көтерген тақырыптары қоғам үшін де, келер заман үшін де өзекті болып қала бермек.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.