Баланы үйде жалғыз қалдырудың қиыны-ай!

Әне-міне дегенше, жазғы демалыстың алғашқы айы да аяқталуға жақын. Қазір карантинге байланысты жазғы лагерьлердің жұмыс істемейтіні белгілі. Демек, балалар үйде. Жасыратыны жоқ, карантинге дейін де балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру түйткілді мәселелердің бірі болатын. Себебі, барлық ата-ананың баласын лагерьге жіберуге жағдайы келе бермейді.

Ал, биыл ата-аналар үшін баласының жазғы демалысын ұйымдастыру былай тұрсын, өздері жұмысқа кеткенде балаға кімнің қарайтыны күрделі мәселеге айналуда. Кәмелетке толмаған балалары бар жұмысбасты ата-аналардың басым көпшілігін осы сауал толғандырады. Төтенше жағдай кезінде жаппай жабылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдары маусымда қайта ашылғанымен, қазіргі таңда өңірімізде эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуіне байланысты ата-аналардың көбі балаларын балабақшаға жіберуге қорқады. Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне баратын балалардың шамамен 23 пайызы ғана балабақшаға барып жүрген көрінеді. Індеттің беті бері қараған жоқ, сол себепті балабақшаларда барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы керек деген нұсқау берілген.
­–Қызым облыс орталығындағы жекеменшік балабақшаға барады. Бірақ, баламды карантин режимі аяқталмайынша үйде қалдыруды жөн санадым. Себебі, құдай бетін аулақ қылсын, коронавируспен ауырып қала ма деп қорықтым. Қайын енем сырқат. Балаларды қарауға жағдайы келмеді. Сөйтіп, балалармен үйде отыратын кісі болмаған соң жұмыстан өз еркіммен шығып кеттім, ­– дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Гаухар Садықова.
Мұндай мысалдарды қазіргі кезде көптеп келтіруге болады. Жағдайы жетіп жатса, әйел адамның үйде балаға қарап отырғаны жақсы ғой. Десек те, мына қымбатшылық заманда, оның үстіне пәтер жалдап тұратын, несиесі бар отбасыларда ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс істеуге мәжбүр. Жалғызбасты аналардың жағдайы айтпасақ та түсінікті. Бала-шағаны асырау бір өздерінің мойнында болғасын, жұмыс істемей қайтсін?
Міне, осылайша балаларды не ата-әжесіне, не туысына апарады. Баласын сеніп тапсыра алатын жақындары болса жақсы ғой. Кейбірі баласын қалдыратын жер таба алмай, үйде жалғыз тастап кетуге мәжбүр болады. Осыдан кейін жазатайым жағдай орын алса, кімді кәналаймыз? Балалардың терезеден құлап кету, өртке орану деректерін естігенде жаның түршігеді. Күні-түні баланың жанында болмаған соң, балаңды қорғап қала алмаған соң, «бәрі де осы балалардың қамы үшін, солар ешкімнен кем болмаса екен, не ішем, не кием демесе екен» деген сөздің бос екенін түсінесің.
Пандемияның өмір сүру дағдымызға енгізген өзгерістері ата-анаға балаға бұрынғыдан да мұқият болуды ескертуде. Себебі, баламызды бұрынғыдай сауығып келсін деп лагерьлерге жібере алмаймыз. Анда-санда көңілдерін көтеріп келетін ойын-сауық алаңдары да жабық. Облысымыздың астанаға іргелес аудандарында балабақшалардың жұмысы тоқтап тұрғаны тағы бар. Осындай-осындай жайттар ата-ананың балаға қатысты жауапкершілігі бұрынғыдан да ұлғая түскенін көрсетеді.
Мектепке баратын бүлдіршіндер үшін білім ошақтары қашықтықтан сауықтыру-білім беру лагерьлерін ашты. Алайда, аты айтып тұрғандай, олар да баламен тек қашықтықтан жұмыс істейді.
–Бұрын да мектептердің жанында жыл сайын маусымда 1-5 сынып оқушылары үшін осындай алаңдар жұмыс істейтін. Одан қала берді, қала сыртындағы лагерьлер жаз бойы балаларды қабылдайтын. Қазір пандемияға байланысты лагерьлердің жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Алайда, қазіргі таңда балаларды демалыспен қамтамасыз ету шараларын ойластырып жатырмыз, – деген облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтың айтуынша, маусым айында мектеп жасындағы балалардың 65 пайызы онлайн лагерьлерге қатыстырылған. Ол жерде түрлі байқаулар, қызықты іс-шаралар ұйымдастырылыпты. Мұндай онлайн лагерьлердің жұмысы жаз бойы жалғасын таппақшы.
Коронавирустың таралуын тоқтатуымыз үшін осындай онлайн әдістерге жүгінуден басқа амалымыз жоқ. Қатерлі індеттен құтылып, бір күні бұрынғы күндерімізге оралармыз. Алайда, оның қашан болатыны белгісіз. Нендей жағдай болмасын, баламыздың қауіпсіздігі бірінші орында болсыншы. Бұл күндер өтер де кетер. Ал, балаларымыз біздің өміріміздің жалғасы екенін ұмытпайық.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар