немесе ғасыр белесіндегі «Акмолинская правда»
Қазақ баспасөзі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысы аралығында қалыптасты. Оның халықтың саяси ой-пікірін оятып, дүниетанымын байытуға едәуір әсері болды. Газеттің ақпарат жеткізуші, үгіт-насихат саласындағы қызметі жөніндегі Ахмет Байтұрсыновтың: «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды» деуі, газеттің әлеуметтік-қоғамдық өмір саласындағы алатын орнын, қызметін нақты бағалаудан туындаған. Олай болса, журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін сала екені айтпаса да түсінікті. Бұл өткен дәуірде де, қазіргі кезде де, келешекте де өз құндылығын жоғалтпайтын қастерлі мамандық. Міне, осыған орай ғасыр жасаған, яғни, шыға бастағанына 2020 жылдың 3 қаңтарында 100 жыл толған Ақмола облыстық «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Серік Смағұловпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Серік Зәйкешұлы, сіз қаламы қарымды журналист, білікті басшы ретінде көпшілікке танылған өз ісінің кәсіби маманысыз. Сіздің қазіргі журналистикаға көңіліңіз тола ма?
– Орынды сұрақ. Қазіргі заманауи журналистика туралы әңгіме, әрине, өте күрделі, оның көптеген аспектілері бар. Сондықтан, журналистикадағы тенденциялар мен трендтер туралы айтқан дұрыс. Жалпы бүгінгі мерзімді басылымдардың форматы мен мазмұнын анықтайтын факторлардың бірі – бұл журналистің көтерген тақырыбының тереңдігі, мазмұндылығы және оны біздің бұрыннан мұқият, талапшыл әрі ізденіп оқитын оқырмандарымызды жоғалтып алатындай құбылысқа айналуы. Бүгінде оны басқа оқырмандар ауыстырып жатыр, яғни, оны «арнайы тапсырыссыз тұтынушы» десек те болады. Бұл фин жазушысы М.Ларнидің мына анықтамасына сәйкес келеді: «Жалпы жұртшылық үш нәрсеге қызығушылық танытады: ақша, махаббат және қылмыс». Міне, қазіргі қоғам осыған алып келді. Және оның айтқанын мойындамасқа да болмайды. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдары ұйымдастыратын және күнделікті оқырмандардың назарын аударатын коронавирустық пандемия айналасындағы ақпараттық бумның өзі осыны толық растайды. Ал, мұндай жағдайда жағымды үрдіс шықпайды, керісінше оқырманмен болатын диалог төмендей бастайды. Бүгінгі таңда редакцияның электрондық поштасына жиі келіп түсетін кез-келген пікірлер біріншіден, бірнеше сөйлемнен ғана тұрады, SMS-хабарламалар тәрізді өте қысқа. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылыққа негіз болған газет пен оқырман арасындағы қарым-қатынас кейде төмендеп кеткендей әсер қалдырады. Бірақ, соған қарамастан, біз әлі де нақты оқырмандарымызға назар аударып, олардың өтініштеріне жауап береміз деп айта аламын. Шындығында, егер турасын айтсақ, қазіргі әр түрлі сайттар және жаңа блогерлер өздерінің объективтілігі әрдайым күмән тудыратын ақпараттарды жеткізуге бейім. Бұл тұрғыда біздің бүгінгі мерзімдік баспасөз осы бәсекелестікке төтеп бере алатыны қуантады. Жоғарыда айтқан әр түрлі сайттар мен жаңа блогерлердің қаншалықты қызмет етуі, олардың оқырманға берер ақпаратының қаншалықты сіңімді екені, әрине, бөлек мәселе. Газеттің олардан айырмашылығы, оқырман алдындағы жауапкершілікті сезінеді және материалдармен жүйелі әрі ашық жұмыс істейді.
Бүгінгі таңдағы заманауи коммуникациялардың бізге беретін ашықтығы мен айқындылығы газет журналистеріне одан да сауатты және дәл жұмыс істеуге мүмкіндік жасауында. Қазіргі журналистика бұрынғыдай алға ұмтыла алатын өжет те ұшқыр. Бұл біздің дұрыс жолда екенімізді айқындайды, өйткені, газет әрқашан болған және бола береді де.
– Ғасыр қойнауына енген Сіз басшылық жасап отырған облыстық басылым жайына толығырақ тоқталсаңыз?
– Әрине, газеттің бір ғасырлық тарихи жолы туралы ауыз толтырып айтуға, келелі қорытынды шығаруға үлкен мүмкіндік туып отыр. Басылымның бай тарихы өңіріміздің барлық оқиғаларымен тығыз байланысты екені белгілі. Газеттің алғашқы саны 1920 жылдың 3 қаңтарында жарыққа шықты. Ол сол кездегі «Ақмола уездік революциялық комитетінің жаңалықтары» деген рухта жарияланып тұрды. Әрине, социалистік революцияның алғашқы жылдарында дүниеге келген басылым азамат соғысының ең шырқау кезеңінде большевиктердің – жұмысшылар мен шаруалардың күшін нығайту үшін күрескен. Газет беттері майдандағы мәліметтер мен ұжымдастыру процесі, колхоздар мен МТС-тың құрылуы, сауатсыздықты жою туралы ақпаратқа толы болды. Әр жылдары жарық көрген «Красный вестник», «Коммунист», «Маяк степи», «Новая степь», «Акмолинской ударник», «Сталинский путь» газеттерінде округтің, губерниялық партия комитеттері мен комсомол және пионер ұйымдарының қызметтері туралы жазылды. Сондай-ақ, басылым беттерінде жаңа социалистік өмірді насихаттау мен әйелдердің тең құқығын қорғау тақырыбында мәселелер көтерілді. Сол кездегі журналистер өздерінің ерекше идеялық сенімдерімен шахталар мен зауыттардың, гидроэлектростанциялардың ашылуы туралы жан-жақты жазып тұрды.
Құрамына он жеті аудан кіретін Ақмола облысының іргетасы 1939 жылы 14 қазанда қаланды. Қарағанды облысының аудан орталығынан Ақмола облыс орталығына айналды. Ол кезде облыстық «Акмолинская правда» және «Сталин туы» газеттерін шығару мәселесі де шешілген болатын. «Акмолинская правда» басылымын Мәскеуден арнайы жіберілген тәжірибелі журналист Иван Березовский редакциялады. Майданға көмек көрсету өзекті тақырыптардың бірі болды. Газет негізінен жауынгерлерге арналған жылы киімдер жинау туралы бастаманы алғашқылардың бірі болып көтерді. Майданға аттанған бір делегацияның құрамында газет редакторы Илья Березовский де болды. Өздеріңізге белгілі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1960 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоса алғанда, тың игеру аймағын құрды және оның облыстық әкімшілік орталығы Ақмола қаласында орналасты. Сонымен бірге, Ақмола облысы таратылып, оның аумақтары Тың өлкесіне тікелей бағынышты болды. Алғашында «Акмолинская правда» және «Сталин туы» газеттері Қазақстан Компартиясы Тың өлкесі комитетінің және аймақтық еңбек депутаттарының кеңесі ретінде шығарыла бастады.
1961 жылдың 15 ақпанында ғана орыс тілді облыстық «Целинный край» газетінің алғашқы саны жарық көрді, оны белгілі журналист, елдің орталық газеті «Правданың» бұрынғы жауапты хатшысы Георгий Объедков редакциялады.
1965 жылы 19 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Тың өлкесінің таратылуына байланысты өз жұмысын тоқтатты. Өлкенің таратылуымен «Целинный край» және «Тың өлкесі» облыстық газеттері де жойылды. «Целинный крайдың» орнына облыстық «Целиноградская правда», «Тың өлкесі» газетінің орнына – «Коммунизм нұры» облыстық газеті шығарыла бастады.
1991 жылдан Қазақстан Республикасының жаңа тарихы басталды. Газет еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларацияға алғашқылардың бірі болып жауап қатты. Облыс өміріндегі осы жылдардағы барлық жаһандық өзгерістер басылым беттерінен көрініс тапты. Газеттің әр санында журналистер егеменді еліміздің заңнамалық, әлеуметтік және экономикалық салаларындағы барлық өзгерістерді қадағалап, жазып отырды. Әсіресе, халықтың бірлігі, толеранттылық, Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында көрсетілген міндеттерді шешу барысы, мемлекеттік және өңірлік индустриалдық-инновациялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы және тағы басқа да сұранысқа ие тақырыптар қамтылып келеді.
– Газеттің шығу тарихында бүгінгі күнге дейін еңбек еткен бас редакторлар мен қаламгерлер туралы бірер сөз?
– Газетіміздің 100 жылдық мерейтойына дайындық барысында редакция атынан облыстық мұрағат қорындағы басылым тарихына қатысы бар құжаттарға сұрау салдық. Өкінішке орай, біздің басылым туралы мәліметтер өте аз болды. Біз тек соғыс жылдарындағы «Акмолинкой правда» және «Сталин Туы» газеттерінің партиялық және кеңес органдары туралы жазылған көшірмелеріне ғана қол жеткіздік. Дегенмен, осындай қарапайым іздестіру нәтижесінде, біз сол кездегі уақыттың тынысын, сол жылдардағы журналистерге газет шығарудың қаншалықты қиын болғанын сезіндік. Осылайша біздің газет редакторларының есімдерін, өкінішке орай, тек қырқыншы жылдан бастап қана байқауға болады. Бұл Иван Березовский, К.Масный және В.Образцов сынды редакторлардың есімдері газет тарихында қалды. Одан кейінгі жылдары газетке Г.Объедков, Михаил Алдошин, Валерий Гук басшылық етті. Ал, соңғы жылдары «Акмолинская правда» газетін екі әйел адам басқарды, олар Людмила Яшная-Леева және Валентина Косянюк.
– 100 жылдық тарихы бар басылым аймақтың рухани-қоғамдық өміріндегі жаңа бір жарқын белес болып тарихта қалды. Осы кезеңдердегі газеттің ең көп тиражбен жарық көрген сәттерін де әңгімелей отырсаңыз?
– Бүгінгі күнге дейін «Акмолинская правда» газеті тарихи оқиғалардың жылнамасына айналып, өңіріміздің, аудан мен қала, ауыл тұрғындарының проблемалары мен жетістіктерін үздіксіз жазып келеді. Газет облыстың жетекші басылымдарының бірі бола отырып, аймақтың дамуы, оның ғажайып адамдары туралы сыр шертеді. Басылым бүгінгі күнге дейін оқырмандар арасында кеңінен танымал. Әрине, кеңестік кезеңде газетке жазылу деңгейі сөзсіз жоғары болды, алайда, біздің бүгінгі деңгейіміз нарықтық экономикаға жауап береді деген ойдамыз. Газетке оқырмандарды көбірек тарту үшін уақытқа сәйкес келетін және оқырмандарды қызықтыратын дүниелер жазылуы керек. Жылдар өтсе де әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдай алға жылжи береді, сол сияқты, газет те маңызы мен мәнін жоймай, оқырманмен байланысын сақтап қалуға міндетті.
– Жақсылықтың жаршысына айналған газеттің электрондық нұсқасы қай кезден жұмыс істей бастады?
– Біздің «Акмолинская правда» газетінің сайты 2002 жылғы 2 наурызда ашылды. Сондықтан, интернет жүйесінің стандарттарына сай жұмыс істеуімен, газеттің тарихы қаншалықты тереңде болса, ғұмыры да соншалықты ұзақ болары сөзсіз. Өйткені, ғаламдық жүйеге қол жеткізу мақсатында алдымен сайтты Яндекске арналған ақысыз хостинг — narod.ru сайтына орналастыру туралы шешім қабылданды. Кейін бұл сайт akmolinka.narod.ru деп аталды. Ал, 2013 жылы Интернет-портал қайта жаңартылды. Дәл сол кезде біздің электронды нұсқамыз ақылы қазақстандық хостингке «көшіп», өзінің APgazeta.kz атауын алды. Осылайша жаңа мүмкіндіктер ашылып, Facebook, Вконтакте, Twitter, Одноклассники, Instagram әлеуметтік желілерімен жұмыс істеп келеміз. Міне, өзіміз күн сайын байқап отырғанымыздай, APgazeta.kz
сайтын ашып, қажетті ақпараттарды мыңға жуық адам оқиды. Өткен жылдың соңындағы мониторинг бойынша сайттың ең көп қаралған уақыты қараша айына сәйкес келеді. Айталық, келушілер – 27545 болса, қаралымдар саны – 67926. Ондағы келушілердің географиялық орналасуы әр түрлі. Яғни, Қазақстаннан басқа біздің сайт материалдарын АҚШ елінен жалпы санының 13,7 пайызы қараса, Ресейден шамамен 5 пайыз, Германия 1 пайыз, сондай-ақ, Латвия, Греция, Израиль, Корея, Румыния, Ирландия, Чехия, Сингапур, Филиппин және басқа елдерден оқырмандардың қызығушылығы болғаны қуантады. Сайтқа салынған материалдар бүкіл жер шарының барлық жеріне тарайды. Адамдардың порталға кіру себептері де әртүрлі болады. Ең бастысы, біздің тілшілердің ізденіп жазған дүниелерінен кейін өңіріміздегі адамдар туралы құнды мәліметтер алуға деген қызығушылық артқан. Мәселен, Яндекс арқылы іздеу жүйесінің статистикасына сәйкес, APgazeta.kz интернет-порталының келушілері арасында жастар жағы басым. Айталық, 33 пайызы 25-тен 34 жасқа дейінгілер болса, 36 пайызы 24 жасқа дейінгі жастар. Электрондық ресурстың мақсатты аудиториясын біле отырып, біз уақыттың барлық тенденцияларын ұстануға тырысамыз. Мысалы, біздің сайтымызды мобильді құрылғылардан көруге болады және бұл мүмкіндікті ресурсқа келушілердің тең жартысы пайдаланады.
Интернет-ресурстың танымалдылығы, іздеу-сұрауларына қосымша, сонымен қатар, цитаталар индексі деп аталады. Бұл индекс кіру сілтемелерін қамтамасыз ететін жоғары сапалы веб-сайттардың және үшінші тараптың ресурстарына шығу сілтемелерін пайдаланған кезде сайттың қаншалықты заңды екендігін ескере отырып, порталдың сенімділігін бағалайды. «AП» сайтында 300 индекс бар. Бұл аймақтық басылымдардың ішінде өте жоғары көрсеткіш.
– Сайтқа жарияланған материалдар оқырмандар көңілінен шыға ма?
– Әлбетте. Өйткені, сайтқа тұрақты кірушілердің пікірлері бойынша, олар материалдардың берілуіне, оның орналасу тәртібі мен өзектілігіне қанағаттанатындарын білдіріп, хабарласып та жатады.
– Негізгі газеттен бөлек сайтты жүргізудің мәні неде деп ойлайсыз?
– Жалпы, сайтты газеттің өзінен бөлек нәрсе деп айтуға болмас. Сірә, бұл басылымның екінші «мені» десе болады. Шынында да, кезекті басылымды дайындауға бірнеше сағат өткеннен кейін барлық материалдар интернет-нұсқада көрсетіледі. Сондықтан, оқырмандарымыз газетті қолдарына алғанға дейін, біздің сайтымыз арқылы ақпараттарды тез арада алу мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан, газеттің интернет-нұсқасы өте ерекше коммуникативті құбылыс болып қала беретініне біз сенімдіміз. Бірлесе отырып, олар біреуді ойлануға, талдауға, оқырманға ұсынылатын ақпараттың шынайылығына кепілдік беруге және оған құрмет көрсетуге шақырады.
Бүгінгі таңда көптеген адамдар Интернетті тек әлеуметтік желілерде байланыс үшін ғана пайдаланбайды. Адамдар жақсы әдеби сюжетті және ойластырылған бағалау, аналитика, пайымдау, өзекті мәселелерді талқылау қажеттілігін сезінеді. Біздің міндетіміз – оқырманға барынша жақынырақ болып, көмектесу.
– Сөз соңында бір ғасыр жасаған «Акмолинская правданың» бүгінгідей бұқаралық ақпарат құралдарына жауапкершілік арта түсіп отырған тұста алға қандай шығармашылық мақсаттар қойғанын да өз аузыңыздан естісек.
– Біздің қазіргі мерзімді басылымымызда шығармашылық адамдары, өз саласының кәсіби мамандары еңбек етуде. Ал, газет тұжырымдамасы заман талабына сай өзгеруде. Соған сай аналитикалық материалдар мен жеке адамдар туралы очерктер, репортаждар жазылады. Оқырмандарымыз «Давайте обсудим» авторлық бағандары, «Рядом с нами», «Семейные ценности» және тағы басқа айдарлармен берілетін материалдарды оқып, қарап, қызығушылықтар туғызып жатады. Бүгінгі таңда облыстық газет көп жылдар бұрын қалыптасқан игі дәстүрлерді жалғастыруда – адал, объективті ақпарат беру мен адамдардың мүдделерін қорғау, әділеттіліктің қамын ойлау және мемлекеттік саясатты қалыптастыруда рухани жаңғырып барады.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Арқа ажары», «Акмолинская правда» газеттеріндегі және журналистика саласындағы барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, елімізді жайлаған пандемияға бой бермей, жоғары шығармашылық биіктен көрініп, қаламдарыңыздың қарымымен жаңа белестерді бағындыра беріңіздер, демекпін.
– Серік Зәйкешұлы, ғасыр белесіндегі газеттің терең тарихына үңіліп, мазмұнды сұхбат бергеніңіз үшін үлкен рахмет.
Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.