Қасиет қонған өңірдің жақсылық жаршысымыз

Бүгінде «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының құрамындағы «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасы көрермендеріне тәулігіне он жеті сағат хабар таратса, «Отау-ТВ» арқылы көрсетілімі екі есеге көбейген телеарнаның тізгінін ұстаған Ерлан Атамбаймен кәсіби мереке қарсаңында әңгімелескен болатынбыз.

– Ерлан Нұрбайұлы, сіз «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасына келгенге дейін бұқаралық ақпарат құралдары саласында 20 жылға жуық тәжірибе жинақтап үлгерген кәсіби мамансыз. Алдымен, осы тұрғыда өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз?
– Мен Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде журналистика мамандығын алғаннан кейін 2001 жылдан алғашқы еңбек жолымды Алматыдағы «31 телеарнаның» жаңалықтар бөлімінің тілшісі болып бастадым. Оған дейін студент кезімде облыстық телеарнада штаттан тыс тілші болып жүріп, тәжірибеден өттім. Содан төртінші курсты аяқтайтын жылы өндірістік іс-тәжірибемді Алматыдағы «31 телеарнада» өткіздім, сөйтіп, олар мені оқуды тәмамдағаннан кейін жұмысқа қабылдайтындарын айтты. 2002 жылы желтоқсан айында Астанаға қоныс аудардым. 2007 жылға дейін Астанадағы «31 телеарнаның» меншікті тілшісі болдым. Арасында қосымша «Азаттық» радиосының спорт редакторы болып та жұмыс істедім. 2007 жылдың күзінде «Астана» телеарнасына ауыстым. Алғашында тілші, кейіннен шығарушы редакторы болдым. Жалпы, Астана телеарнасында төрт жарым жыл жұмыс істедім. Одан кейін Еуразия телеарнасының жаңалықтар бөліміне ауысып, ондағы қазақ бөлімінің бас редакторы болып қызмет еттім. Сол жерде жұмыс істегеннен кейін «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының төрайымы Нұржан Жалауқызы «Қазақстан» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясына басшылық етуді ұсынды. 2013 жылдың сәуірінде соған ауыстым, одан кейін конвергенттік редакция деген департамент құрылып, соның жетекшісі болдым. Арада біраз уақыт үзілістен кейін, 2016 жылы корпорацияға қайта оралып, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясына қайтадан директор болып тағайындалдым. Сол кезден биылғы 12 ақпанға дейін еңбек еттім. Жалпы, төрт телеарнаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясында, редакциясында істеген жылдарымды қосқанда 20 жылға жуық еңбек өтілім осы ақпарат саласына арналып келеді. Бүгінгі күні ақпарат саласы даму үстінде. Кейбіреулердің, «қазір әлеуметтік желі бар, телеарнаның да ертеңгі күні бұлыңғыр» дегенге келіспеймін. Осы аз ғана уақыттағы тәжірибем барысында бірнеше шетелдік телеарналармен тікелей байланыста болып, олардың кейбірінде іс-тәжірибеден өттім. Олардың ешқайсысы ешқашан бүгінгі дамыған интернет заманында жаңа технологиядан қалып қоямыз деп уайымдамайды. Бірақ, бүгінгі күннің заман талабына сай дамуына жауап бере алатындай болуымыз керек. Мен бұған дейін ресейлік бірнеше телеарнада болсам, соңғы екі-үш жылда 2017-2018 жылдары Американың телеарналарында болып, іс-тәжірибеден өтіп келдім. Ал, өткен жылы желтоқсан айында «Би-Би-Си» телеарнасында іс-тәжірибеде болдым. Ешқайсысында да «телеарнаның болашағы жоқ, одан бас тарту керек», – деген кереғар пікір болған емес. Бүгінде үлкен конвергенттік редакциялар деген бар, ол сайт радио, телеарна, барлық бұқаралық ақпарат құралдарының бірлесіп, бір-бірін толықтыра отырып жұмыс істеу тәсілдері. Ондай тәсілдер біздің Қазақстанның ақпарат кеңістігінде журналистикаға біртіндеп енуде. Негізінен осы бағытта дамуы керек. Сондықтан, телеарнаның өміршеңдігіне күмән келтірмеймін. Мысалы, Америка Құрама Штаттарына интернет келгелі көп уақыт болды. Бірақ, бәрібір көрермен ол міндетті түрде өзі сүйген телеарнаны көреді. Ол үшін кез-келген БАҚ әсіресе, телеарналар көрерменнің сұранысына сай, дұрыс контент бере алуы тиіс.
– Өзіңіз облыстық телеарнаға келгелі шығармашылық ахуалды жетілдіріп, жақсарту мақсатында қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Әсіресе, елімізде жарияланған төтенше жағдай телеарнаға қалай әсер етті?
– Біздің бүгінгі «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасы өңіріміздегі жалғыз телеарна. Жалпы кестеге сай, штатта 90-нан астам қызметкер бар. Күніне он жеті сағат ақпарат таратуды жалғастырып келеміз. Оның бір сағатқа жуығында күн сайын республикалық телеарнаның хабар тарату желісіне қосыламыз. Қалған барлық уақытта өзіміздің облыс аумағына ақпарат таратып отырмыз. Қазіргі таңда біз мемлекеттік тапсырыс аясындағы барлық тақырыптарды мүмкіндігінше қамтып отырмыз. Биыл қалай дегенмен де еліміз үшін оңай болған жоқ. Қаңтар, ақпан айларында халық арасында қауіпті індетке деген күдік туындаса, ол наурыз айында шындыққа айналып, елімізде төтенше жағдай жарияланды. Дәл осындай бірнеше айға созылған шаралар мемлекетте бұған дейін болмаған. Яғни, түрлі бір оқиғаларға байланысты қысқа мерзімдік төтенше жағдайлар жарияланғаны болмаса, қазіргідей ауқымды, ұзақ мерзімді карантиннің жариялануы ешкімді бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Міне, сол кездерде де біз ақпарат саласы мемлекет саясатын жүзеге асыруда үзбей еңбек еттік. Қауіпті індетке байланысты әр ақпаратты халыққа дұрыс жеткізуге атсалыстық. Кесте бойынша ауысымдық жұмысқа да көштік. Қалай десек те, эфирді тоқтатқан жоқпыз. Барлық уақытта республика, облыс көлеміндегі ақпараттарды дер кезінде телекөрермендерге жеткізіп тұрдық деп айта аламын. Осы уақыт аралығында 300-дің үстінде ақпараттық сюжет жасадық. Оған қоса, облысымызда өткен барлық салалық мамандардың брифингтерін ақпараттандырып, толығымен телеарнамыздан көрсетіп отырдық. Медицина, полиция қызметкерлеріне арнайы репортаждар дайындалды. Көшелерді зарарсыздандырумен айналысқан мамандардың жұмыстары да телеарна қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады. Оларға арналған роликтер, бірнеше жобалар дайындап, эфирден беріп отырдық. Төтенше жағдайлар режимі тоқтатылғанымен карантин режимі жалғасып жатты. Сондықтан, көктемге, наурызға жоспарлаған біраз жобаларымыз болатын, оларды мамыр айынан бастап қана эфирге шығардық.
– Ерлан Нұрбайұлы, жалпы көрермен телеарнадан берілген тың өзгерістерді тез байқайды. Сондықтан, сіздердің бұрыннан берілетін бағдарламалармен қоса, соңғы уақытта қолға алынған жобаларыңызға тоқталыңқырап кетсеңіз?
– Әлбетте. Бүгінгі таңда көрермендердің көңілінен шыққан бір жобамыз – «Айна» әлеуметтік ток-шоуы. Оның қазіргі күнге дейін оншақты шығарылымы эфирден берілді. Ондағы мақсат – қоғамдағы түрлі қиын жағдайға түскен немесе отбасынан айырылған, апаттық жағдайдан кейінгі азаматтардың өмірге деген құлшынысын жоғалтпауын, өмірге бейімделуін немесе маскүнемдікпен күресуін, басқа да теріс жолға түскен адамдардың қоғамға қайта оралуын қамтып көрсету болатын. Сол үшін қаншама күш-жігердің және адамның өзіне деген сенімділігі қажет екенін, басқа да психологтардың көмегіне жүгіну арқылы дұрыс жолды таңдау керектігін көрсететін әлеуметтік бағыттағы «Айна» ток-шоуы оқырманға жол тартты. Қазіргі жазғы маусымда сәл саябырлатамыз. Ал, күзде жалғасатын болады. Одан бөлек біз мамыр айының соңында «Ақмола-апта» сараптамалық бағдарламамызды эфирге шығардық. Шын мәнінде белгілі бір деңгейде телеарнамыздың ақпараттық саясатына сараптама қосылды деуге болады. Оны әрі қарай дамытамыз. Маусым кезінде сәл тоқтатамыз да күзде жүзеге асырамыз. Жалпы, эфирдегі бұрынғы телекөрермендер тамашалап жүрген бағдарламалардың көбі жалғасуда. Негізінен, әр телевизиялық маусым күз айларында басталады. «Аз айтып, семіз шық» дегендей, оған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бағдарламаларды жүргізуде тележурналистердің біліктілігі немен өлшенеді? Кадрларды іріктеу тәртібі қалай іске асырылуда?
– Жалпы, біздің телеарнаның тілшілер қатары жылдан-жылға жасарып келеді. Біз астаналық облыс болғаннан кейін бізден тәжірибе жинақтаған жастарымыз астанаға қарай ауысып жатады. Кадрларды іріктеу корпорацияда белгіленген тәртіппен жүргізіліп, үміткерлер арнайы тестен өтеді. Сол әңгімелесуден өткеннен кейін олардың техникалық, орта техникалық және жоғары білімдеріне қарай сала-саламен арнайы талапқа сай өңірлерге жіберіліп отырады.
Телеарнада жасалып жатқан дүниелер әркез жаңарып, жасарып отыруы тиіс. Сондықтан, бұған дейін қызмет еткен бірнеше басшылардың өз талаптары, жарыққа шығарған өз жобалары болды. Оның бәріне көрермен өз бағасын берді. Әркімнің басқаруын өзінің белгілі бір дәуірі десек болады. Сондықтан, мен де шамам келгенше осыған өз үлесімді қосуға міндеттімін. Негізінен телеарнаның ақпараттық кеңесі бағыт-бағытпен алға жылжып отырады. Бір бағдарламамен тоқтап қалмайды. Бірін екіншісі алмастырып отырады. Біздің телеарна облыстық және мемлекеттік телеарна болғаннан кейін бүкіл мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта да осы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру тұрғысында еш кедергісіз еңбек ететін боламыз деп ойлаймын. Жалпы, кез-келген телеарна ол мемлекеттік болсын, коммерциялық болсын алдымен көрерменді өзіне тарта білуі керек. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай, жақсы контент ұсынып, оған, білікті мамандарды өзіміз тәрбиелеп, даярлауымыз қажет.
Бізде жеті оператор бар. Күніне үш рет эфирден жаңалықтар беріліп тұрады. Әр операторлар шамамен күніне үш-төрт түсірілімге шығады. Жалпы, облыс бойынша барлық аудан, ауылдарды аралап, түсірілім жасауға толық мүмкіндігіміз бар. Бірақ, қазіргі еліміздегі қалыптасқан жағдайға байланысты мүмкіндігіміз шектелуде. Бұл әрине, өзіміздің, халықтың сақтығы үшін жасалып отырған шаралар. Сондықтан, біз биылғы осы маусымда іссапарлар санын азайттық.
Мен бұған дейін республикалық телеарналарда қызмет істеумен қатар, барлық облыстардың телеарналарының жұмыстарымен таныс болдым. Олармен үнемі байланыста болып, аймақтарға іссапарларға барып жүрдім. Сондықтан, маған облыстық телеарнаның жұмысы сеніп тапсырылғаннан кейін коорпорацияның артқан жүгін, жауапкершілікті өз ұжымыммен талапқа сай орындаймын деген ойдамын.
– Жалпы, журналист сан қырлы талант иесі. Қазіргі таңда журналистің арқалаған жүгі қандай? Бұл туралы пікіріңіз?
– Орынды сұрақ. Журналистикада болдым, толдым деп айтуға болмас. Қарап отырсаңыз, көптеген мамандықтардың өздерінің кәсіби күндері бар. Ал, жалпы, журналистика туралы айтар болсам, өткен жылы үкіметтің қаулысымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді. Өткен жылы Мемлекет басшысы журналистерді арнайы қабылдап құттықтады. Бұл бір дұрыс шешім болғаны бәрімізді де қуантады. Бұған дейін жылда маусым айының соңғы жексенбісі, деп әр күнге ауысып тұратын. Шындығында, бұл сол өзіңнің кәсіби мерекең арқылы өзіңнің жұмысыңды саралап, өз-өзіңе есеп беретін уақыт деп ойлаймын. Меніңше, бүгінгі қоғамда журналистердің мерекесін мерекелеумен бірге, журналистердің мемлекеттегі орнын, оның статусын айшықтайтын уақыт әбден келді деп ойлаймын. Біздің журналистер мемлекеттік телеарна, мемлекеттік БАҚ-тарда жұмыс істеген күннің өзінде бүгінгі қоғамда не мемлекеттік қызметкерге, не бюджеттік ұйымға немесе басқа да әлеуметтік қамсыздандыру бағытындағы ешбір санатқа жатпайды. Сол себепті, журналистердің белгілі бір статусын анықтау керек. Екіншіден, белгілі бір мемлекеттік бағдарламалар жарияланып жатады, оған да журналистер қатыстырылмайды. Осы мәселе қаралса деймін. Өткен жылғы Мемлекет басшысының арнайы кеңесте белгілеген тапсырмасы бойынша бұған дейін негізінен журналистерге қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылып келген баптар алынып тасталды. Бұл да бір журналистерге қатысты қоғамда жасалып жатқан жақсы қадам деп білемін. Өзіңіз айтқандай, журналистикаға кейбір жастарымыздың жеңіл мамандық деп қарайтыны қынжылтады. Мәселен, «кім боласың десең, журналист боламын», – деген жауап аласың. Ол не үшін десеңіз, эфирге шығып, танымал жұлдыз боламын дейді. Бұл журналистиканың қоғамдағы салмағын әжептәуір түсіреді. Сондықтан, журналистикаға оқитын жастарға үлкен талап қойылу керек. Бір кездері үлкен мәселе көтерілді. Журналист мамандарын дайындау керек пе, жоқ па деген. Кейбір шетелдегі сияқты курстардан өткізу керек пе, деген әңгімелер де болды. Оған мен түбегейлі қарсымын. Мәселен, журналист мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының саны шектеулі болуы керек. Яғни, бір-екеуі ғана оқытуы керек, деген де пікірлер болды. Әрине, бұл дұрыс емес. Бұл таза бәсекелестік ортада болу керек. Бірақ, меніңше, кез-келген журналист мамандарын даярлаймын деп бел шешіп кіріскен жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы мықты болуы керек. Кейбір шет елдерде, мәселен, Түркияда бұл жағдай жақсы дамыған. Белгілі бір телекамера дайындайтын зауыттар, сол камераларын бірінші жоғары оқу орындарындағы студенттер арасында тәжірибеден өткізеді. Яғни, ол студент ертең-ақ, оқу бітіріп жұмысқа келген кезде сол техникамен жұмыс істей алатындай болу керек. Ал, біздің, жалпы Қазақстан телевидениесінде мұндай техникалардан, жаңа технологиялардан кеш қалып жататынымыз жасырын емес. Яғни, мемлекет тарапынан да, жоғары оқу орындары тарапынан да бұл мәселеге терең зерттеу жасап, қолдау жасайтын уақыт келді. Өйткені, студенттер іс-тәжірибеден өтуге келген кезде көп жағдайда бүгінгі қолданыста жүрген технологияларды, тіпті, камераның не екенін білмей жатады. Сондықтан, жоғары оқу орындары мамандарды даярлағанда бүгінгі нарыққа бейім журналистерді оқытып шығаруы тиіс. Өйткені, қай аймаққа барсаңыз да білікті журналистке тапшылық бар. Мәселен, байқап отырсақ, бірер білікті журналист болса, ол бірнеше жобаның басында жүреді. Енді біздің телеарнада, бұл тұрғыда штаттағы адам саны толық болғанымен, жастарды әлі де осыған тәрбиелейміз. Техникалық жағымыз басқа облыстық телеарналарға қарағанда біршама жақсы деуге болады. Иә, бұдан да жақсырақ болғанын қалаймыз, әрине. Өйткені, біздің типтік үлгідегі ғимаратымыз әзірге жоқ. Әсіресе, түсірілім кезінде, басқа да кейбір қиындықтар кездесіп жатады. Енді бұл мәселеде белгілі болғандай таяуда Үкіметтің мемлекеттік БАҚ-тарды дамыту, оңтайландыру туралы бағдарламасы жарияланды. Соның аясында біраз жұмыстар жүзеге асады деген сенімдемін. Сол кезде техникалық та, материалдық та жағдайымыз жақсарады деген үміттеміз.
Жалпы, журналистің уақытпен санаспай жұмыс істейтіні кез-келген БАҚ-та бар жағдай. Бірақ, қандайда бір жағдай болғанда заң талаптарын бұзбай, кезекші топтар шығарып, түсірілімге жіберіп отырамыз. Жалпы, журналист боламын деген адам ережеден тыс кез- келген уақытта қалам-қағазы, микрофоны қолында жүретін бесаспап маман болуға дайын болуы керек. Тағы бір айтарым, карнатин кезі тележурналистиканың бүгінгі әлеуметтік желіні немесе басқа да құрал-қондырғыларды пайдалануға толық мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Мысалы, осы қолымызда жүрген смартфондар арқылы сапалы бейнематериалдар дайындап, эфирге беруге мүмкіндігіміз болды. Әсіресе, коронавирус пандемиясы қатты ушығып тұрған төтенше жағдай кезінде «Ана тілі», «Түркістан», «Айқын» республикалық басылым басшыларының немесе елімізге танымал, ақын-жазушылардың пікірлерін эфирге беріп отырдық. Яғни, бүгінгі заман талабына сай көштен қалмай, жаңа технологияларды пайдалану арқылы біраз жұмыстар атқарылуда. Тағы бір айтарым, біз әлеуметтік желідегі жұмыстарымызды нақты жолға қойдық. Инстаграмм парақшамызда 12 мыңға жуық жазылушыларымыз болса, ютуб, фейсбук желісінде де белсендіміз. Біздің күнделікті эфирден шығып жатқан бағдарламаларымызды осы әлеуметтік желілер арқылы көруге болады. Оған қоса, біздің эфирден беріліп жатқан бағдарламаларымызды тікелей фейсбуктан көруге мүмкіндік бар. Теледидар іздемей-ақ, жүрген жерлерімізде қолымыздағы смартфондарымызды қосып, «Көкше-ТВ»-дан тікелей қарай аламыз. Болашақта телекөрермендеріміз ютубтан да тікелей трансляцияны тамашалайтын мүмкіндік туғызамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар