Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жасыл желегі жайқалады - АРҚА АЖАРЫ

Жасыл желегі жайқалады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Щучинск-Бурабай курорттық аймағының орман алқаптарын Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуімен біріктіру жөніндегі тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – Щучинск» автобанының бойындағы 2 575 гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылды.

Қарағай, қайың, тоқымақ, үйеңкі, ырғай, қарақат, алма, долана, шаған тәрізді 6,3 миллион түп ағаш көшеттері отырғызылған бұл алқаптың ұзындығы 110 шақырымды, ені 250, кей жерлерде 500 метрді құрайды. Ағаш көшеттері екі кезеңде отырғызылды. 2009-2016 жылдары Шортанды, Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарының 1 828 гектар жеріне жасыл желек отырғызу үшін жер учаскелері бөлініп, жарамдылығы анықталды. 2012 жылы ағаш көшеттері отырғызылып, күтім жасалды. 2016 жылы отырғызылған өскіндердің 75 пайызы орман санатына ауыстырылды. Екінші кезең 2013-2022 жылдар аралығында өткізілуде. Алдымен, Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарының 747 гектар жеріне зерттеу жұмысы жүргізіліп, 2018 жылы ағаш көшеттері отырғызылды.
Бұл жасыл желек флора мен фаунаға бай. Бүгінгі күні бұл жерден жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары жидек теруде. Ақмола облыстық әкімдігіне қарайтын «Ақкөл», «Отрадный», «Ұрымқай» және «Кеңес» орман шаруашылықтары ағаш көшеттерін отырғызып, күтіп баптауда. Облыс орталығы – Көкшетау қаласының айналасында жасыл белдеу құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2018 жылы «Бұқпа» орман шаруашылығы өз қаржысы есебінен Көкшетау қаласының айналасында жасыл аймақ құру жұмыстарын бастады. Қала маңайындағы 62,8 гектар алқапқа қарағай, 44,5 гектар жерге жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. 2020 жылдың көктемінде орман шаруашылықтары облыстық бюджет, өздерінің ақылы қызметтерін сатудан түскен қаржысы есебінен және орман пайдалануды жалға алушылардың ағаш көшеттерін отырғызу жолымен Ақмола облысының мемлекеттік орман қоры аумағындағы 1 206,6 гектар орманды қалпына келтіру жұмысын жүргізді. 2012-2020 жылдары 12 523 гектар алқапта ағаш көшеттері отырғызылды.
«Жасыл белдеу» – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1997 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласының маңайындағы аймақтарды абаттандыру жобасы. Мақсаты – қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру және оны сақтау. Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында1997 жылдан 2013 жылға дейін отырғызылған ағаш көшеттерінің жалпы көлемі 70 мың гектарды құрайды. Бұл, біріншіден, халықтың демалатын жері болса, екіншіден, жазда ыстықтан сая, қыста желден қорғайтын, қаланың климатын өзгертетін үлкен мүмкіндік. Кәсіби орманшы болмаса ажырата алмайтын сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек секілді ағаштар жақсы өскен. Бұлардан өзге түрлі жидектер де бар.
Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы жасыл белдеудің жалпы аумағы 14 827 гектарды құрайды. Оның 11502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған. Бұл аумақта 11,5 миллион ағаш пен бұта жайқалып өсіп тұр. 1998-2004 жылдар арасында негізінен жапырақ тұқымдас көшеттер отырғызылыпты. Олардың ішінде сары қарқат, ақ көріктал, шие, татар бөріжидегі, қаужапырақты шегіршін және басқалар бар. 2014 жылы көктемде тамыр жүйесі жабық 398434 дана сеппе көшет отырғызылған. Оның 57 мыңдайы қылқан жапырақты болса, қалғаны орман құраушы жапырақты ағаш тұқымдары болып саналатын емен, шегіршінді құрайды.Мұндағы өсімдіктердің шамамен 9,6 миллион түбі ағаш болса, 1,9 миллионы бұталар. Бұл жасыл белдеуде қояндар өсіріліп, шілдер тіршілік етуде. 2010-2011 жылдар аралығында 125 құс сатып алынды. Қырғауылдар тез көбейетіндіктен, үш жыл ішінде инкубация арқылы 2333 құс өсіп шыққан. Орман ішінде одан да басқа неше түрлі аң-құс бар. Марал, елік, қоян, түлкі, тіпті, кейбір жойыла жаздаған аң түрлерінің басы көбейтілді. 2020 жылға дейін жасыл желек алқабын 100 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Бүгінгі күні ағаш арасындағы бос жерлерге жас көшеттер отырғызылуда. Сөйтіп, Астананың жасыл аймағы қалың орманға айналып келеді. Биылғы жылы Нұр-Сұлтан – Бурабай автокөлік жолы бойын, Вячеслав су қоймасы мен «Қарабидайық» қалдық су жинақтаушы көлінің айналасына көшеттер отырғызылды. Егер жоба толығымен жүзеге асса, Елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына жайлы жасыл желекті орман қалыптаспақшы.
Елорданың жасыл белдеуінің Орталық Азияда баламасы жоқ жасанды орман алқабына айналу мүмкіндігі бар. Ресурс болған жағдайда, Нұр-Сұлтанның айналасындағы жасыл аймақты Бурабай бағытындағы орманмен қосуға болады. Жасанды орманның өсімдіктер дүниесін жандандыру хайуанаттар әлемін дамытумен қатар жүргізіледі.
Руслан ӘУБӘКІРОВ,
Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар