Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай: 14-ші қара сөз - АРҚА АЖАРЫ

Абай: 14-ші қара сөз

Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та –жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры –
әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.

Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар