Щучинск-Бурабай курортты аумағындағы Кіші Шабақты көлінің жағасында жедел құтқару бекеті ашылды. Жыл сайын суға шомылу маусымы басталысымен, облыстың өзен-көлдеріне өңірдің тұрғындары мен меймандары көптеп келе бастайды.
Суға шомылатын орындар курорттық аймақта ең көп адам келетін демалыс орындарының бірі болып табылады. Кішішабақты көлінде ересек адамдармен бірге кішкентай балалар да шомылады. Қайғылы оқиғаларды болдырмау және суда азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті зардап шегушілерге бірінші медициналық көмек көрсете алатын кәсіби құтқарушылар кезекшілігін тәулік бойы ұйымдастыруда.
Кенесары селолық округі әкімдігі мен БАҚ өкілдері қатысқан жедел құтқару бекетінің ашылу салтанатында аталмыш департаменттегі жедел құтқару отрядының басшысы Дәулет Шамиғанов сөз сөйлеп, облыстың су айдындарындағы адамдардың қауіпсіздік мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп бара жатқанын, осыған байланысты құтқарушылар судағы оқиғаны болдырмауға бағытталған бірқатар алдын алу шараларын жүргізетінін айтты.
–Карантиндік шаралардың жалғасуына қарамастан, облыстың су айдындары жағасына дем алушылар көптеп жиналады. Маусым айының алғашқы күндерінен бастап күн ысыды. Жыл сайын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Кіші шабақты көлінің жағалауына жедел құтқарушы бекетін қоямыз. Олар тәулік бойы кезекшілікте тұрады. Кезекшілік кезінде құтқарушылар моторлы қайықпен көлге шомылған адамдарды қадағалайды. Сондай-ақ, жаяу жүріп, су айдынында қауіпсіздік ережесінің талаптарын сақтау жөнінде дем алушылар арасында түсінік жұмысын жүргізеді. Кезекшілікті ойдағыдай жүргізу үшін материалдық резервтен алынған жылжымалы тіркеме қойылған. Нысан қажетті құтқаратын қондырғылармен және құралдармен, байланыспен, автономдық электр және жылу генераторларымен жабдықталған,–деген отряд басшысы құтқарушылар үшін барлық тұрмыстық жағдай жасалғанын атап өтті.
Өткен жылы департамент облыстық бюджет қаржысы есебінен екі жедел автокөлік пен бір катер сатып алған. Сөйтіп, жедел құтқарушылардың материалдық-техникалық базасы нығайтылыпты. Алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, облыстың су айдындарында суға шомылу маусымы кезінде зардап шеккендер санын азайтуға мүмкіндік береді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.