Ел мерейін өсірген металлургтер

Қазақстанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Металлург күні 2003 жылдың 15 қарашасынан бастап, шілденің үшінші жексенбісінде атап өтіліп келеді.

Металлург күні – бұл барлық өндіріс салаларының алғашқы негізін салушы майталман жандардың мерекесі. Өйткені, металлургтердің араласуынсыз заманауи экономика салаларының ешқайсысы дерлік алға жылжи алмайды. Кәсіпорындардың, тіпті, кез-келген адамның күнделікті тіршілігі металлургия саласының қиын да аса қажетті еңбегімен тікелей байланысты екендігі анық. Мұны біздің облыстың даму бағыттарынан да айқын байқауға болады.
Ақмола облысының өндірістік саласының 50 пайызын қамтамасыз ететін металлургия өнеркәсібі жетекші орында тұр. Бұл секторда жыл сайын 350 миллиард теңгенің өнімін шығаратын жеті ірі кәсіпорын қызмет етеді. Аталған кәсіпорындар уран, құрамында алтыны бар қоспалар, өңделмеген алтын және мыс концентраттарын өндіреді. Сондай-ақ, темір, металл, алтын қоспалары және уран рудаларын алу жұмыстары жалғастырылуда.
Кәсіби мереке қарсаңында саланың барлық қызметкерлерін құттықтай отырып, өңірдің атын шығарып жүрген іргелі кәсіпорындардың бүгінгі атқарып жатқан істерін бөлектеп көрсеткенді жөн көрдік.
«Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамы. Қазақстандағы алтын өндіруші әрі қайта өңдеуші аса ірі кәсіпорын 1991 жылдан бастап катодты алтын (Доре балқыту әдісі) өндіруде және Васильков кенішін табысты игеруді жалғастырып келеді. Ұжым 2008 жылы жаңа алтын алу фабрикасын салуды бастап, ауқымды құрылысты небары бір жылда, 2009 жылдың төртінші тоқсанында аяқтап шықты. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрын болмаған жағдай: әдетте мұндай бағыттағы нысанды қатарға қосуға орта есеппен бес жыл жұмсалады. Мамандар құрылыстың қарқынды жүргізілуін құрылыс пен жобалау-сметалық құжаттардың бір мезетте жүргізілуімен, сонымен қатар, бұл іске еліміздегі үздік жобалау және мердігерлік ұйымдардың тартылуымен байланыстырады. Мұның өзі кәсіпорынның кешенді түрдегі жаңа технологиялардың кеңінен пайдалануы-на мүмкіндік туғызды. Қазіргі күні жаңа фаб-рика өзінің жобалық әлеуетіне сай жылына 8 миллион тонна руданы қайта өңдеп, 12,5 тонна таза алтын өндіруге қабілетті. Фабрика толық өндірістік қуатымен жұмыс істеп жатыр.
«ГМК Казахалтын» АҚ Қазақстанның байырғы алтын өндірісі кәсіпорны саналады. Ұжым Ақсу, Кварцитка, Байлөсті, Бестөбе, Жолымбет сияқты кеніштердің берекесін арттыруымен аты шыққан. Өз тарихын 1932 жылдан бастайтын компания осынау 88 жыл ішінде 400 тоннадан астам алтын өндірді. Акционерлік қоғамның құрамына «Ақсу руднигі», «Бөстөбе», «Жолымбет руднигі» сияқты филиалдар енеді. Жоғарыда аталған рудниктерде 2017 жылы «Казахалтын Technology» ЖШС қарайтын үш жаңа алтын айыру фабрикасының пайдалануға берілуі өнім көлемін еселеп арттыра түсті.
Құрамында алтыны бар руда өндірісіндегі тағы бір ірі кәсіпорынның бірі – «RG Gold» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын 2013 жылы «Голд Ленд» ЖШС базасында қайта құрылған. Ұжым Бурабай ауданының аймағындағы 200 шаршы километрлік аумақта 2010 жылдан бері инвестициялық жобаны табысты түрде жүзеге асырып келе жатыр. Сондай-ақ, ЖШС 2015 жылы Индустриялық картаға енгізілген «Райгородок руда аймағы» инвестициялық жобасын іске қосу арқылы өндіріс ауқымын екі есеге арттырды. Компания 2021 жылы жылдық қуаты 4 миллион тонналық тағы бір алтын айыру фабрикасын қатарға қосуды жоспарлап отыр.
«Степногорский тау-химия комбинаты» Степногорск қала құрушы кәсіпорындарының бірі. Бұл кәсіпорынның ірге тасы 1958 жылы қаланған. Комбинаттың негізгі өндірістік бағыты мыс, алтын және уран қоспалы рудаларды қайта өңдеу болып табылады. Кәсіпорын жылына 4000 тонна уран, 1 миллион тонна мыс-молибден рудаларын өңдеу қуатына ие. Компанияның экспорттық бағыттағы қызметі де атап көрсетуге лайықты.
«СЕМИЗБАЙ-U» ЖШС уран және оның қоспаларын өндіреді. Мұнда өндірістік қуаттарды арттыру экологиялық талаптарды толық сақтаумен байланыстырылады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті–Елбасы Н.Назарбаев тұсауын кескен «Өркен-Атансор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Щвецияның «Metco minerals» компаниясы шығарған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда сағатына 400 тонна руда ұнтақталып, темір металының 55 пайызы өндіріледі.
Металлургия саласының басты құндылығы өз ісіне адал жандар екендігін құрметпен атап өткім келеді. Бүгінгі күні облысымызда тау-кен өндірісі мен металлургия саласында 8 мыңнан астам адам еңбек етеді. Барлық металлургтерді осынау кәсіби әрі жарқын мерекемен құттықтаймын.

Ербол ОСПАНОВ,
Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар