Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Есімі ұлықталған ел ардағы - АРҚА АЖАРЫ

Есімі ұлықталған ел ардағы

Елі үшін еңбек еткен ер есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Еске алатын ұрпағы, ұлықтайтын ұлты барда жылдар бойы жаңғырып, тарих беттеріне қаттала бермек. Ондай адамның еңбегі мен жүріп өткен сара жолы болашақ ұрпақ пен жас буынды халқына қызмет етуге тәрбиелейтін, баулитын үлгі-өнеге болып жалғаса береді. Дәл осындай ғибратты ғұмыр кешкен, кешегі тірлігі қазандай қайнаған социалистік қоғамда өз елінің намысын жықпай, қарыштап дамуына зор еңбек сіңірген қайраткер тұлғаның бірі Алпысбай Жақыпұлы Жақыпов еді.

Ол ел басқарған жылдары Еңбекшілдер деп аталатын (қазіргі Біржан сал) тұтастай бір ауданның берекесі ғана емес, мерейі де артты. Бұл жылдар Алаш ардақтысы Еркін Әуелбековтің Көкшетау облысын басқарып тұрған уақытына тұспа-тұс келіп, Алпысбай Жақыповтың басқарушылық қабілетіне ол кісі де разы болып, оң баға бергеніне тарих куә. Бүгінде туғанына бір ғасыр толған соғыс және еңбек ардагерінің өзі өмірден өтсе де, елге деген ізгі ниеті, ұлтым деп соққан жүрегінің арқасында есімі халықтың есінде мәңгіге қалды.Бұл сөзіміздің бір дәлелі, жуырда облыс орталығында Алпысбай Жақыповтың 100 жылдығына арналып өткізілген шоқтығы биік конференция. Алқалы жиынды Жақыповтар әулеті өткізсе, оның ұйымдастырылуына Біржан сал ауданының құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер, тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің басшысы Қайыргелді Әкімбеков үлкен үлес қосты.

– Тумысынан талант иесі, іскер басшы, абзал азамат өз бойындағы елге деген іңкәр махаббатының, жұртым деп соққан жүрегінің арқасында халықтың құрметіне бөленді. Мынау жарық дүниеге келген әр адамның мазмұнды ғұмыр кешіп, мағыналы өмір жолдарымен кейінгі ұрпаққа көрсетер үлгісі мен өнегесі осындай болса керек-ті. Әдетте, Көкшетау дегенде көз алдыңа көгілдір таулар сұлбасы елес береді емес пе?! Сағыныштың сарытап шымылдығына оранған сол таудың ортасында еңсесі биік, айдарынан жел ескен бір шың тәрізді болып көрінетін Алпысбай Жақыпұлының абзал кескіні, аяулы бейнесі ел есінде қалары анық, – деген жүрекжарды лебізімен Қайыргелді Әкімбеков іс-шараның шымылдығын ашып, «Жүз жылдық ғибратты ғұмыр» атты тартымды баяндама жасады. Сондай-ақ, конференцияда Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаның атынан қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Бексұлтан Темірболат сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға құттықтау хатын табыстады. Келесі болып сөз алған қоғам қайраткері, еңбек ардагері Тельман Мұқышев, Көкшетау қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, кеш қонақтары, көзі тірісінде ел алғысына бөленген Алпысбай Жақыпұлының ерлік, жасампаздық істерімен еліне қылған жақсылығы туралы көптеген тың деректер мен мағлұматтарды ортаға салды.

Сонымен бірге, кейіпкеріміздің көзін көрген, бірге қызметтес болған, үлгі тұтар ағадан өнеге алған інілері де іркіліп қалмай, көңілдеріндегі ақ жарма тілектерімен лебіздерін жолдады. Олардың қатарында, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов, Біржан сал аудандық «Еңбекшілдер жаршысы» газетінің редакторы Василий Устьянцев, денсаулық сақтау саласының ардагері Қайыргелді Қиықов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақмола облыстық департаменті жанындағы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сайлаубай Ыбыраев, зейнеткер Тасжан Тайлақов, тағы басқа да ел ағалары бар.

Алпысбай Жақыпұлы әкеден 4, шешеден 13 жасында айырылып, маңдайына жазған тағдыр сыбағасы – балалар үйініңде дәмін көреді. Бірақ, тағдырдың салған ісіне мойымай, өз өмірі үшін өжеттілікпен күресе біледі. Заманында Көкшетау қазақ педагогикалық училищесін тәмамдаған жас маман сұрапыл соғысқа қатысады. Майдан даласында үш рет жараланып, аман қалған Алпысбай ағаүшінші дәрежелі «Даңқ» ордені және бірнеше медальдардың иегері атанып, 1944 жылы туған еліне оралады. Елге келіп, қоғамдық өмірге белсенді араласқан білімді, қайратты азамат сол жылдарданөмірінің соңына дейін Көкше өңірінің өркендеуі жолында талмай қызмет атқарады. Мектепте мұғалім болып, одан бастауыш партия ұйымының хатшысы, аудандық партия комитетініңбөлім меңгерушісі сияқты лауазымдардажемісті жұмыс істей келе, Еңбекшілдер ауданын тоғыз жыл басқарғанда, халқына сөзімен де, ісімен де жағып, облыстағы ең беделді аудан басшыларының біріне айналады. 1971 жылы аудан 115 мың тонна астық өндірген болса, кейін бұл көрсеткішті 223 мың тоннаға дейін ұлғайтады. 76 мың болған қой саны 127 мыңға дейін өскен. Және де кейін Алпағаң басқарған тұстаКөкшетау облысының жергілікті өнеркәсіп басқармасы да республикада жетекші орынға ие болып, социалистік жарыста жеті рет көш бастағанын айта кетсек артық болмас. Міне, шоқтығы биік тұлғаның осы жақсылығы, басшылық қабілетінің ілкімді тұстары конфереция барысында әр сөйлеуші сөзінің басты қағидасына айналды десек, артық емес. Ұзын-саны 10-нан астам қатысушының естелігінде Алпысбай аға туралы айтылмаған сөз қалмады деуге де болады.

Өзінің өнегелі өмір жолында Алпысбай Жақыпұлы мен зайыбы Рашида Нағымқызы 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірсе, бүгінгі таңда олар10 немере, 18 шөбере, 5 шөпшегі бар үлкен бір әулет болып, ғұмыр кешуде. Рашида апамыз батыр ана, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Петропавл қаласындағы құпия әскери зауытта жұмыс істейді. Жан жолдасының еліне жақсы қызмет етуі үшін бар жағдайды жасап, өмір бойы аяулы есімін ардақтап өтеді. Ол кісінің ел басқарған ер азаматқа лайықты жар бола білгенін деосы жиында жан-тәнімізбен жақсы аңғарып, біле алдық. Конференция соңындакүйеу баласы, елге белгілі азамат Бекіт Евниев, қызы Ғалия, аяулы әкесі сияқты бұл өмірде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, аудан әкімі тәрізді талай биіктерді бағындырған ұлы Талғат бас болып, қалған ұрпақтары, немере-жиен, шөбере, келіндері қостап, әулеттің абыройы болған Алпысбай ағаесімін тағы бір жаңғыртып, аруағына құран бағыштап, ас берді. «Өлі разы болмай, тірі байымас» дейтін дана халқымыздың саналы сөзі болашақта да күшін жоймай, аруақты ата-бабаларымызды осылай ұлықтата бергей.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар