ОҚЖЕТПЕСТІҢ АСҚАРЫНА ӨРЛЕГЕН

Белгілі жерлес ақын, шежіретанушы-зерттеуші Тортай Сәдуақас –  70 жаста

 Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор

 От  пен судан аман болсын әр аймақ,

Шарасыздың шық алдынан қарайлап;

Ел бірлігі қиын сынды еңсеріп,

Жақсы күндер келе  берсін арайлап!..

Тортай СӘДУАҚАС.

Тортай Сәдуақас – өлең-жырларын да, өлке тарихын да қоса өріп, өндірте еңбек етіп келе жатқан ақын, зерттеуші. Ол 1954 жылғы 20 сәуірде Көкшетау облысы, Бурабай ауданының Кіндікқарағай ауылында дүниеге келген екен. ҚарМУ-дың түлегі. Шығармашылық еңбек жолын 1971 жылы «Көкшетау правдасы» газетінде әдеби қызметкер болып бастайды. 1979-1995 жылдары Алматыда «Жазушы» баспасында редактор болып қызмет iстеді.

Менің Тортаймен таныс болуым осы кезде басталды. Ол кезде «Жазушы» баспасы республикадағы ең іргелі баспа орыны болатын. Әдебиетіміздің ең құнды дүниелері осы мәдениет ошағынан көп тиражбен халыққа кең тарап жататын. Біз, Ғылым академиясының Әдебиет институтының зерттеуші-ғалымдары халық әдебиетін, кереғар заманның кесіріне ұшыраған талантты ақын-жазушыларымыздың қымбат мұраларын там-тұмдап осы жерден де жарыққа шығарып жүрдік. Мәдениетімізге қатысты бетбұрысты кезең бел алып келе жатты. Ел мұрасын тезірек дайындап, баспаға тоғытамыз. Белгілі ақын Сәкен Иманасов басқарған Фольклор редакциясының белді қызметкері Тортай сол дүниелердің бәрін дерлік өз қолынан өткізіп, қолжазбаны сапалы даярлап, жедел өндіріске жіберуге көп септігін тигізіп жүрді. Қалың қолжазбаларды кейде көз майын тауысып, жедел түрде қарап шығып, кем-кетігі болса көрсетіп, келеңсіз жері болса айтып, құрастырушылармен тығыз жұмыс істеп, ақылдасып отыратын. Оның мұндай ыждаһаттылығын Бүркіт Ысқақов, Мардан Байділдаев, Көбей Сейдеханов секілді  ауыз әдебиетінің майталман жанашырларымен бірге, Мырзабек Дүйсенов, Рақманқұл Бердібаев, Мүсілім Базарбаев секілді жетекші ғалым басшыларымыз да құптап, ризашылық білдіретін.

Осындай түсіністікпен бірлесе жұмыс істеудің арқасында «Бес ғасыр жырлайды», «Жоқтау», «Ақ сандық, көк сандық», «Махамбет», «Сүйінбай», «Жамбыл Жабаев», «Нұрлыбек Баймұратов», «Шашубай» және басқа халық ақындарының  жинақтары, «Батырлар жыры», «Ертегілер», «Айтыстар», «Шешендік сөздер», «Ел аузынан» көп томдықтары халыққа кең тарап жатты. Тортай екеуміз қосарлы құрастырушы болып, елімізде алғаш рет «Ақ бата» кітабын құрастырып шығардық (таралымы 40 мың), мұның өзі рухани саладағы елеулі құбылыс болып, сөйтіп кейінгілерге де кең жол ашылды.

Менің қаламгердің баспагерлік қырына тоқталып жатқан себебім, Тортай осы еңбекқорлығын, ізденімпаздығын, халық мұрасына деген жанашырлығын заман жаңғырып жатқан тұста да үзбей жалғастырып, одан әрі дамытып әкетті. Яғни, ол халық ақындарының шығармаларында, тарихи жырларда есімдері аталып қалатын, бертінгі дәуірде жасаған би-бағландардың, шешендер мен батырлардың нақты деректерін мұрағат қойнауларынан талмай іздеп тауып, көптеген ел ардақтыларын тірілтіп, атын жаңғыртып, қолтаңбалары мен мөртаңбаларын айғақтап, қыруар істерді тындырды. Сол бір қысылтаяң кезеңде, Тәуелсіздіктің елең-алаңында біреулер еріксіз бақшаның, біреулер ақшаның соңына түскен кезде, Тортай тарихтың қойнауына сүңгіп, маржан сүзген екен. Бұл бір жағынан тарихи заңды құбылыс та еді. Солтүстік өңірлерде туған елдің төл тарихы әлі де болсын сеңі сірескен қалпында болатын. Тортай Сәдуақас соған тәуекел етіп, бейнеті көп, зейнеті кем шаруаға бел шешіп кірісіп кеткен еді. Мұның шет жағасын көріп, «жақсы жолыңды тауып кеттің» деп, сол кезде Тортай бауырыма қолдауым мен ризашылығымды да білдірдім. Иә, мұның өзі бір адамның емес, зерттеушілер тобының ғана қолынан келетін ғажайып еңбектер болып шықты.

Соның нәтижесінде деректанушы, шежіретанушы Тортай Сәдуақастың зор ынта-жігерімен «Назарбай би және туған өлке тарихы» (2000), «Ел мен жер» (2003), «Абылай хан мен Аталық» (2005), «Астана аймағы» (2008), «Шортанкөл ойға шомғанда» (2011), «Екі томдық шығармалар жинағы» (2014), «Хан ордасынан Ханшатырға дейін» (2023)  атты тарихи-танымдық, шежірелік мәні зор өлең, зерттеу кiтаптары, тарихи-мұрағаттық еңбектері жарық көрді. Бұл құнды дүниелер халыққа кең тарап, ел ішінде жаңғырту туғызып, сол кітаптардың ізімен, жер-жерде сол дерек-дәйектерді арқау тұтқан әлденеше танымдық жинақтар да басылып шықты. Ердің аты, елдің жады жаңғырды. Әдепті, инабатты, мәдениетті, биязы қалам қайраткері, бауырымыз «Топжарған Тортай» атанды. Зерттеушінің қажырлы ізденісінің арқасында Бөгенбай батыр (нарт Бөгенбай, нарт – бас қолбасшы деген мағынада), Төле би, Айтымбет аталық, Қарасай, Қайып батыр, Жолбарыс би, Қазыбек бидің ұрпақтары, аға сұлтан Тоқтамыс, Байтоқа, Кенесары, Ағыбай, екі бірдей Шоң аталарымыз (біріншісі Баянауылдағы аға сұлтан Шоң Едігеұлы, екіншісі Жаңарқадағы қайраткер болыс Шоң Телғозин), Жанғал батыр, Назарбай би, Тезекбай би, Жолымбет би, Науан хазірет және басқа тұлғалар туралы тың деректерді тауып, тарихи айналымға қосты. Тоқтамыс би әулетінен республикамыздың тұңғыш қазақ басшысы Жұмабай Шаяхметов және Семейдегі алғашқы қазақ атты әскерінің командирі Хамид Тоқтамышев шыққанын алғашқылардың бірі болып анықтай білді.

Сөз зергері өзінің көркем шығармаларында да осынау елдік мұраттарды о басынан жоғары ұстағандығы анық байқалады. Оның алғашқы жинақтарындағы мына бір шумақтар да соның айқын куәсі:

Уызын емген анамның,

Сырларын түйген даламның,

Асылын терген бабамның,

Туған ел, сүйген балаңмын,

Алдағы күнге алаңмын.

Бағамды бергін қауым шын,

Айтыңдар ақыл, тәуір сын,

Өздерің асқар тауымсың,

Жолымда бар мың ауыр сын,

Қолымда балғын қауырсын! –

деген еді, болашағынан үлкен үміт күттірген жас жайнақ сол кезде.

Оның қанатқақты жинақтарының өзі «Жұмбақтас», «Биші қайыңдар», «Айнакөл айшықтары» деп аталады екен. Абылай ханның ордасы болған Көкшетау, жер жаннаты атанған мүбарак өлкесін тұмардай қастерлеген жыршы ақын былайша көсіледі:

Өңірің өңшең өрім гүл,

Көлдерің – күміс, көгің – нұр.

Көргенде сені көңіл дүр,

Көгілдір, Көкшем, көгілдір…

Құлын жастан диқан қауымының берекелі еңбегін көріп өскен қаламгер «Миллиард ұны» деп аталатын екі шумақ өлеңінде адам баласының қажыр-қайратын да, табиғат құбылысымен қиюластыра отырып, поэтикалық әдемі суретті кестелейді:

Ырыс тасып кеше бұл қыр, белеңнен,

Ырыздыққа ер елім шын кенелген.

Бүгін енді сол жерде ақпаныңның

Ақ түтегі басталды дүрбелеңмен.

Боран ба бұл? Қыс – күйші күймен ашқан,

Той емес пе, тоғайлар биге басқан.

Миллиард ұнын мінекей, жатыр елеп,

Дала – наубай, бұлт – елек, диірмен – аспан!..

Автордың осы қатардағы «Көктем. Нөсер. Жастық», «Айнакөл неге мұңайды?», «Сен мені ойладың ба?», «Қылшақты – ханның бекеті», «Бозторғай-ақын», «Абай аманаты», «Өтелген парыз», «Шортанкөлдің жағасына кел, жаным!», «Махаббат деген немене?», «Бір тамшы жас» және басқа туындылары жыр жауһарына қосылған шынайы да шырайлы шығармалар. Мұның бәрі ақынның туған елге деген үлкен құрметінен, туған жерге, адамға деген зор махаббатынан туған отаншылдық рухы асқақ бағалы лала лебіздер.

Ақынның оқыған адамның ой-санасын жаңғырта түсетін эпикалық сүйекті шығармаларына да көбірек тоқталуға болар еді. Бұл тұрғыда да Тортай Сәдуақас – жер жаннатының жыршысы, ел бірлігінің жаршысы екенін дәл танытады. Оның «Абылай хан алаңында», «Алаштың ай мүйізді ақ серкесі», «Қараторғай», «Әкемнің екі әңгімесі», «Балуан Шолақ», «Кенесары мен Жанғал батыр», «Абылай хан мен Аталық» атты поэма-дастандары соның айқын куәсі. Автордың, әсіресе, «Алаштың ай мүйізді ақ серкесі», «Абылай хан мен Аталық» дастандары атап айтуға тұрарлық кесек дүниелер. Мұның алғашқысы арманда кеткен Алаш арысы, жыр жампозы Мағжан туралы. Автор бүкіл өмірі қасіретпен өткен ұлы ақынның айта алмай кеткен арман-шерін ақтарады, оның монологтарында бүкіл Түркі дүниесінің тұнығынан, адамзаттың асыл қасиеттерінен нәр алған данагөй, ержүрек ақынның жан дүниесі жан-жақты ашылып сала береді, ол туған халқына, келер ұрпағына өсиет сөзін арнайды. Мұнда ұлы ақынның арман-аңсарымен рухани үндесу де, оның «сылдыр-сылдыр» деп келетін «Шолпы» өлеңімен автордың «Кісен» атты шығармасының шендесуі де айқын сезіледі:

Шылдыр-шылдыр, шылдыр…

Тілімді кессе де шын бұл:

Ойымда – қазақ пен алаш,

Мойында – тұзақ пен шылбыр!?.

Шылдыр-шылдыр, шылдыр…

Алаштың ай мүйізді ақ серкесі – Мағжан туралы поэма мынадай бір шешендік термелеу үрдісімен басталады:

– Атың кім? – Мағжан Жұмабай!

– Затың кім? – Ақын.., ұлы Абай!..

– Жұратың? – Түрік, қазақпын,

– Мұратың? – Теңдік, азат күн!..

Бұл ұлы ақынның «Алашорда» үкіметі тұсындағы мақсат-мұраты.  Бұдан әрі оның абақтыдағы азапты ғұмыры өтеді:

– Атың кім? – Мағжан… сотталған…

– Затың кім? – Тұтқын.., жоқ-бардан…

– Арысың қайда? – Атылған…

– Намысың қайда? – Сатылған…

– «От демің» қайда? – Жылауда…

– Көкбөрің қайда? – Бұғауда…

Бұғауда жыр да, ән-күй де,

«Әлдиле, өлім, әлдиле!?.»

Тарлан ақын тар қапаста тарығып жатса да, Алаш жұрты кемел ел болады деген келешектен күдер үзбейді. Амалсыз айдауда жүрген ақын алыстағы тайгада якут, сақа қызын көріп қалған сәттерде, жаны күйзеле отырып, жігерін жаниды:

Якут қызы аяулым, Ақ қанатты періштем!

Көңілде жоқ қаяу-мұң, Гүл тересің еңістен…

Мен де торда ұлыған, Көк түріктің бөрісі ем!

Айырылған ұлынан, – Елмен қайтіп көрісем?!.

Алдарқатар ақынды, Жыртық – жүрек, жыр – кебін!

Толтырмай ма сапымды, Күлік мінген Күлтегін!..

Толғап ерлік дастанын, Аңыраса қобызың;

Қосар ма екен бастарын, – Қарлық, қыпшақ, оғызым?!. –

Бақсы болып толға сен, Елдің көне сарынын;

Мен де ұрпағы болмас ем, – Бұқсам, Кенесарының!..

деп аласұрған жайсаң жүрек қатыгез өмірден қайран таппай, бәрібір болашаққа үміт артады…

Азуымды айға білеп, Арыстан ем атылған.

Мөлдірімді лайлады кеп, Арзан пұлға сатылған.

Қамалаған қайғы әбілет, – Тереңіне батырған…

Қайда қайрат, қайда білек, Қалың жауды жапырған?! –

деп түйеді күңіренген ақын жүрек. Тұран атынан дауылпаздай саңқылдаған Мағжандай ақынның, даңқты хан, батыр, билердің өлмес рухын жаңғырта түскен Тортайдың толғауы Тәуелсіздік тұғырынан, Оқжетпестің биігінен бүгінгі уақыт билігін паш етеді.

Ал, енді Абылай хан монологтарында да ел қамы деп елеңдеген, бұдан біраз жыл бұрын жазылса да, болмыс-бітімі бүгінгідей жаңғырып тұрған, келер ұрпақтың болашағы деп боздаған абыз сарыны үзілмейді:

Түйені түгіменен жұтар ма екен?

Жұлысып бір-бірімен, ұтар ма екен?

Қамыққан ел басына сын туғанда, –

Жан-жаққа бас сауғалап зытар ма екен?!

Қамымен қара бастың кетер ме екен,

Ор қазып бір-біріне өтер ме екен?

Бүлдіріп ала тайдай елдің ішін,

Түбіне туған елдің жетер ме екен?!

 

Қулығын біреуінен бірі асырып,

Ұрпағым жасар ма екен тым асылық?

Шырмаудан шығар ма екен шынайы ұлдар, –

Шындыққа шыңыраудан құлаш ұрып?!.

 

Бір-бірін жатқа барып жамандар ма,

Жалбақтап күнін көріп амалдар ма?

Адасқан елді жөнге салар ма екен,

Бір Кемел туып сол бір замандарда!..

Иә, ақын, зерттеуші Тортай Сәдуақас та кемел шағына жетіп, кесек туындыларын туған халқының игілігіне жаратып отыр. Сонау Түркі дәуірінен, Алтын Орда мен Жошы заманынан бері жалғасып, халқымыздың соңғы хандығының да жасампаздық туы желбіреген – Абылай хан ордасының барша қадір-қасиетін шығармаларының алтын туына айналдырып, оның тарихи мәні мен тағылымын басты мақсат-мұрат етіп, сол тақырыпты үзбей жырлап келе жатқан ақынның еңбегіне оқырман қауымы да тәнті. Отантанушының, өлкетанушының солтүстік аймақтың ұмытылған тарихын сомдаған, осыдан жиырма жылдай бұрын жарық көрген «Ел мен жер» кітабын әлі күнге дейін іздеп жүргендер де бар екен.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Атырауда өткен Құрылтайда қоғамның келелі мәселелерін көтерген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі күннің өзекті проблемаларын айта келіп, тарихи жадымызды жаңғырту  жолдарына да тоқталып: «Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын.» деген еді. Осындай маңызды мәселелермен де салғастырып өтсек, ақын, зерттеуші Т.Сәдуақастың жоғарыды біз атап өткен рухты шығармалары сөз етіп отырған сындарлы сұрақтарға да қызмет ететін, осы жәйттермен айналысатын қоғам, өлкетану, әкімдік қызметкерлеріне де нақты дәйек, деректер беретін елеулі еңбектер деуге болады.

Ақынның мынадай да бір өлең шумағы бар: «Қадір тұтқан батыр мен би, ел деген, Хан ордасы – Көкшетауда көлбеген; Жас ұрпақпен жаңғырады Ел рухы, Оқжетпестің асқарына өрлеген!..». Иә, ақын жүрек ақтарылып айтқандай, өзі де Оқжетпестің биігіне өрлеген, заманның, тарихтың, халықтың сөзін сөйлеген қарымды қаламгерге алдағы уақытта да шығармашылық табыстар, көркемдік жетістіктер тілейміз!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар