Айтыс өнерінің ақтаңгері

Қазақ ауыз әдебиетінің ертеден келе жатқан саласының бірі – айтыс өнері. Кемелденген заманның ағымына сай белгілі табыстарға жетіп отырған халқымыздың игілікті істері әдебиетіміздің осы бір саласы арқылы көрініс табуда. 

Бүгінгі таңда жазба әдебиетімізбен біте қайнасып, қатар дамып келе жатқан халқымыздың ауыз әдебиеті заманға сай түрленіп, одан әрі даму үстінде. Көркемдік жағынан да ол көп жанрлы, бай дәстүрлі жазба поэзиясымен қатар дамып келеді. Ерте заманнан бері дамудың ұзақ жолынан өткен бұл мұра бүгінгі күні сарқылмас мол асыл қазынаға айналды.

Әр дәуірінің өзіндік ерекшеліктері және сол дәуірді жырлаушы ақындары болды. Олардың айтыстарының тақырыптары өмір кешкен заманымен тығыз байланысты. Айтыс өнеріне бұрын да, қазір де республикамыздың жер-жерінен көп қауымның араласуына мол мүмкіндік жасалып келеді. Осындай қамқорлықтың арқасында талай-талай көрнекті ақындар өсіп шықты. Мысалы, Манап Көкенов, Тәушен Әбуова, Көкшенің айтыстағы тағы бір дара тұлғасы Мұса Асайынов, бертінгі буыннан өз жерлестеріміз Баянғали Әлімжанов, Ерік Асқаров, Құдайберлі Мырзабек, Арман Бердалин, одан кейінгі уақытта Әлібек Серғалиев, Құрмет Құралхан, тағы басқалары бір-бірімен жалғасып жатқан осы айтыстың алтын көпірі. Бұдан басқа осы Көкше жерінен Жұмабай Есекеев, Иран сал Тасқара, Тыныштық Шәменов сияқты ағаларымыздың да өздерін осы айтыс өнерінде сынап көріп, белгілі бір белестерден көрінгендігін айта кету керек. Солардың ішінде көкшелік дүлдүл айтыскер, Қазақстанның халық ақыны, Қазақстан ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті болған Көкен Шәкеев ұзақ жылдар бойы айтыс өнерінің шоқтығы биік алдыңғы легінің ең басынан табылды.

Қазақтың суырып салма айтыс өнерінің майталманы атанған, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Көкен Шәкеев 1924 жылы Көкшетау облысы Рузаев ауданының Сарыадыр ауылында дүниеге келген. 13 жасынан лирикалық және поэтикалық шығармашылықпен айналысып, айтыстарға қатысқан. Қазақтың айтыс өнеріне сүбелі үлес қосқан, ақындықтың іргелі негізін қалаған ақын.

Өз заманында оның  осындай ерен еңбектері елеусіз қалмады. Соның негізінде қазақ халқының ардақты азаматы ретінде халық үшін атқарған қызметі өз бағасын алды. Қазақстанның халық ақыны (1987) атанып, Қазақстанның ақын және жыршылар қоғамының президенті (1990) болып сайланды, көптеген республикалық айтыстардың жеңімпазы мен жүлдегері дәрежесіне қол жеткізді. Жергілікті Көкшетау ақындарының мектебіне жетекшілік етті. Соғыста жүріп көрсеткен ерлігі мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегі, өнер саласына қосқан үлесі үшін орден-медальдармен марапатталған.

«Қабанбай батыр» және «Бөгембай батыр» эпосын жырлап, таратушы, насихаттаушы, сақтаушысы болған. Осындай бірнеше жырлар Көкен атамыздың орындауында кезінде Ташкенттен шығатын граммпластинкаға жазып алынған.

Көкен ақынның «от ауызды, орақ тілді» шешен, көсем сөздің кемеңгері атануына Халық ақыны Шәкен Отызбаев ықпал еткен. Ол кісі шәкіртінің ақындық өнерін қияға  самғатып, оны қуатты арнаға салуда көп еңбек сіңірген рухани ұстаз болды. Осылайша ақындықтың сара жолына бет алған Көкен Шәкейұлының ақындық, жыраулық, айтыс сөз өнері халықтың қазынасына айналды.

Көкен Шәкеевті жалпақ жұрт ең алдымен айтыскер ақын ретінде таниды. Ол заңды да. Өйткені, оның ә дегеннен қадам басып, батыл араласқаны айтыс өнері болды. Әрі көкшетаулық талай жастарға осы жағынан ұстаздық етті. Ең бастысы, Көкше өңіріңде бұғып қалған ұлы өнердің  кеңістігіне айқара жол ашып, жаңа бір қуатты қарқынмен қанаттануына зор еңбек сіңірді.

Көкен Шәкеевтің айтыскерлік ерекшелігіне пікір айтсақ, оны қазақ ұлтына тән феномендік құбылыстан іздеуіміз керек.  Бір бойында үш өнерді дамытып, бір жүрекке  үш дарынды сыйғызу талант пен талғамның табиғи  ұштасуында жатыр. Импровизаторлық, жыршылық, ақындық үш тамырдың бір бәйтерекке нәр беруі халық өнеріндегі кесек тұлға Көкен Шәкеевтің есімін елге танытты, оның айтыс өнерінде өзіндік биікте қалуына жол ашты. Ал, енді осы қасиет аспаннан алынбай, ақынның күре тамырындағы қанмен, ана сүтімен берілгені оның өмір жолынан көрінеді.

1987 жылы 28 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша Көкен Шәкеевке Қазақ ССР-інің  Халық ақыны атағы берілді. Ал, 1990 жылы Көкен Шәкеев Қазақстан ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті болып сайланды. Бертін Көкен атамыз жас ақындарға арнап мектеп ашуды ұсынды. Оны Көкшетау облыстық мәдениет бөлімі қолдап, 1988 жылы Көкен атамыздың басшылығымен өзі тұратын Краснояр ауылында ақындар мектебі ашылды.

Сөйтіп, республика бойынша бірінші болып Қызылорда облысында Манап Көкеновтің басшылығымен ақындар мектебі ашылса, екінші болып Көкшетауда Көкен Шәкеевтің басшылығымен осындай ақындар мектебі ашылып, ол кісіден тәлім алған шәкірттері басы Құдайберлі Мырзабек болып, өнердегі жолын жалғастырып, Көкшетаудағы айтыс өнерінің абыройын биіктетті.

2020 жылы облыс орталығындағы Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң мұрындық болуымен, Краснояр ауылының № 3 көпсалалы мектеп-гимназиясында қазақтың айтыс өнерiне жаңалық болып келген, өңiрiмiзде айтыстың көшiн алға бастап, «Көкшенiң көк нөсерi» атанған айтыскер ақын, ұлағатты ұстаз Көкен Шәкеев мұраларын жинақтау, оны жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Көкен Шәкеев музейiнiң салтанатты ашылу рәсiмi өттi .

Көкен Шәкеев мұражайына келген қонақтар Көкен атамыз жайлы, айтыс өнерінің ақтаңгері мен өмірі туралы кеңірек білуге  үлкен мүмкіндік алады.  Қазіргі таңда Көкен Шәкейұлына арналып мектеп қабырғасында ашылған мұражайға қызығушылық танытқан, сөйтіп, айтыс өнеріне ықылас білдірген оқушылардың өздері қалалық және облыстық деңгейде өткен айтыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Биылғы жылы Көкен атамызға 100 жыл толуына орай, Краснояр ауылының осы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының әкімшілігі алдымыздағы 15 наурызда «Көкен Шәкеев – айтыс өнерінің ақтаңгері» атты VІ ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Көкен Шәкеевтің 100 жылдық мерейтойына орай, балалары тарапынан тиісті орындарға осы мектепке Көкен атамыздың есімін беруге ұсыныс түскендігін де айтқым келеді.

Серік ЫСҚАҚОВ,
Краснояр №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының
тарих пәнінің мұғалімі, тарих және әлеуметтік
дінтану ғылымдарының магистрі.

 Көкшетау қаласы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар