Бақыт деген көру бала қызығын

ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

Тағылымдық өнегелі істерімен өрнектелген 90 жылдық ғибратты ғұмырының қырық екі жылын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, тыл ардагері Шарбан Бәйетқызы Сүлейменова бес немере, он шөбере, екі шөпшек сүйіп отырған бақытты әже! Тылсым сырға толы өмір сүрлеуінде дұрыс таңдау жасап, қажыр-қайрат таныта білген адамның ғана көздеген мақсатына жетері сөзсіз.

Екі дәуірдің рахаты мен қиындығын бірдей көрген бүгінгі көнекөз қарияларымыздың тағдыры бұған айқын дәлел. Осындай асыл жанның бірегейі сабырлы мінезінен танбайтын мейірімділігі мол аяулы ана, сүйкімді әже Шарбан апа Бәйетқызы дер едім.

Самал желдің өтіндегі жапан далада қоныс тепкен Көзашар ауылында 1936 жылдың 15 сәуірінде дүниеге келген қаршадай сәби бойжеткенде еліне қалаулы ұстаз болады деп кім ойлаған. Бәрі уақыттың еншісіндегі іс екен ғой. Шарбан бес жасқа толып, Сүлейменовтер отбасын қуанышқа енді-енді бөлей бастағанда соғыс өрті бейбіт елдің шырқын бұзды. Колхоздың қара жұмысын атқарып, күйбең тірлікпен күй кешіп жүрген әкесі Бәйет ел азаматтарымен бірге майданға аттанды. Алайда, соғыс жаңғырығы басылғанына міне, 81 жыл өтсе де ардақты әкесінің қай жерде шәйіт болғанынан нақтылы хабар жоқ.

Анасы Мақпал көзінің қарашығындай екі қызы – Шәйзада мен Шарбанды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірді. Еңбегі жанып, Шарбан Көзашар жетіжылдық мектебін бітірген соң арман жетелеуімен Көкшетау педагогикалық училищесін бітірді. Талапты қыз қоғамдық жұмыспен, оның ішінде гимнастикамен белсене айналысып, облыстық, республикалық жауапты жарыста оқу орны, қала намысын сәтті қорғай білді.

Алматыда өткен спартакиадада ол Айыртау ауданындағы Ботай ауылының азаматы Құрманжан Сүлейменовпен танысады. Алғашқы кездескеннен-ақ бір-бірін ұнатқан екі жас тағдырларын тоғыстырып, 1956 жылы отау құрады. Болашақ жарының қызметіне орай, жас отау иелері алғашқы қадамдарын Қазан ауданында бастайды. Құрманжан тұтынушылар кооперациясында істесе, Шарбан жергілікті орта мектептің 2-8 кластарында қазақ тілінен дәріс береді. Кейін отағасы Чистополь ауданындағы «Жданов» совхозы жұмысшылар кооперациясының төрағасы болып тағайындалғанда Шарбан апа тағы да сол жердегі мектепте үйреншікті ұстаздық қызметін жалғастырды. Екі ауданда тұрып, қызмет атқарған уақыт Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерумен тұспа-тұс келгендіктен, Кеңес Одағының басқа аймақтарынан келген әр ұлттың өкілдерімен біте қайнасуға тура келді. Орыс мектептерінде істеп, орыс балаларына дәріс беріп, олардың ата-аналарымен жиі араласқан кездерінде көкірек көзі ояу, намысшыл, ұлтжанды мұғалім Шарбан апа Бәйетқызы қазақтың салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттауға, көркемөнерпаздықты дамытуға ерекше күш салды. Өзі кәсіби гимнаст болумен бірге, хорда жеке дауыста ән де айтты.

Балалары ержеткен сайын, олардың болашағын көбірек ойлайтын ата-аналары Көкшетау қаласына жақындау мақсатымен 1972 жылы Чкалов ауданына қызметтерін ауыстырады. Құрманжан аға аудандық тұтынушылар кооперациясында, аудандық дайындау кеңсесінде, ал, Шарбан апа табан аудармастан отыз екі жыл аудандық оқу бөлімінде әдіскер, инспектор болып істейді. Тәжірибелі маман әрі елгезек жан ретінде оған әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылардың балаларына қамқорлық жасау міндеті де жүктелді. Ауданда поляк, неміс ұлттары көп орналасқандықтан, тағы да ұлттық мүддені қорғау, оның ішінде қазақ тілін насихаттаумен білек сыбана белсене айналысып, наурыз тойын өткізуге де ұйытқы болды.

Тағылымдық өнегелі істерімен өрнектелген 90 жылдық ғибратты ғұмырының қырық екі жылын ұстаздық қызметке арнаған Шарбан Бәйетқызы инабатты ұл-қыз, қылықты немере, шөбере, шөпшек сүйген сүйкімді ана, аяулы әже. Осыдан он жылдай бұрын әкесі Құрманжан қажыдан кейін дүние салған прокуратура саласының ардагері, үлкен ұлы Бауыржаннан өрбіген немерелері Әлия, Рашида, Диас та әке жолын қуып, құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқаруда. «Орнында бар оңалар» дегендейін, келіні Бақыттың аналық мерейлі шуағына бөленген немерелерінен Айша, Әсма, Әли, Риана, Әделя, Медина есімді шөбере көріп, Әбілмансұр, Томиристей сүйкімді шөпшек сүйіп отыр.

Көкшетау қаласында судья болып қызмет істейтін екінші ұлы Ербаян мен келіні, мейірбике Балшекерден өрбіген немерелері Олжас, Алмас та қаржы жүйесінде қызмет істесе, шөберелері Дарина, Даяна, Бауыржан, Әділжан әжесін ұнамды қылықтарымен қуантып, ынтымақ-бірлігі жарасқан Сүлейменовтердің киелі шаңырағын шуаққа бөлеуде.

Алла тағаланың берген күш-қуаты арқасында бақытқа кенеліп отырған Шарбан апа Бәйетқызын тоқсан жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық тілеймін. Мейірім шуағы мол асыл жанның ақыл-парасатына, жібектей жұмсақ мінезіне тәнті болғандықтан, аяулы анамдай жақсы көремін.

Роза ЖЕТПІСБАЕВА,
«Алтын жас» клубының жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар