Көкшетауда ірі кітап дүкені жабылып қалды. Биліктегілер біле ме екен?!.

Кезінде «Атамұра» баспасының осы кітап дүкенін алаулатып-жалаулатып, лентасын қиып, ашып едік. Күндердің күні жабылып қалар деп кім ойлаған?! Газет оқуды қойған халықрухани дүниенің бір зоры – кітап дүкеніне де бас сұғуды жылыжапқан-ау. Ешкім естімесін, Көкшетау қаласында маңдайға басқан жалғыз ұлттық кітап дүкені «жабылып қалыпты» деген сөзге өзге аймақтағылардың құлағына жетсе де ұят қой.

 Алғысөз орнына

Қай тақырыпты қаузасаңыз да, біздегі ахуалды алдымен еліміздегі өзге өңірлермен, қала берді, әлем тәжірибесімен салыстырып барып мәселенің мән-жайына қаныға түсесің.  Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қат дүние көп. Содан болар халықтың көңілі көп мәселеге тола бермейді. Әлеуметтік желіні шолып қарасаңыз болғаны, үнемі бір «жоқ іздегендер». Көбіне-көп күйттегеніміз тұрмысқа қажетті заттар, былайғы сөзбен айтар болсақ, күйбең тірліктің  қазанында күйіп-пісіп жүріп, өмір мен өлім арасындағы өткелден қалай өтіп кеткенімізді байқамай қаламыз. Бірақ, адамға материалдық құндылықтан басқа, рухани қуат беретін азық та аса қажетті емес пе? Ал, рухани қуат көзі, әлбетте – кітап! Кітап бар жерде рухани өмір бар ғой…

Жалпы, қазіргі таңда өскелең ұрпақтың, қала берді, былайғы жұрттың кітап оқуға деген қызығушылығы қандай? Өңірдегі кітап дүкендеріндегі сөрелер қандай кітаптарға толы? Бүгінгі оқырманның сұранысы қандай? Кітапты бұрынғыдай бас алмай оқитын оқушылар бар ма? Аудандардың халқы кітапты қайдан сатып алады? Облыс орталығындағы кітап дүкендерінің ахуалы туралы не айтуға болады? Міне, осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп, біз осы тақырып төңірегенде бірнеше адамдармен тілдесіп, мәселенің мән-жайына қаныға түсуге тырыстық.

Кітап дүкенінің жаңа түрі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кітапханалардың тым аз екендігін атап өткен болатын.  Осыған байланысты әр өңірде заманауи кітапханалар ашу керек екендігін атап көрсеткен.  Қазіргі таңда жер-жерде «AMANAT» партиясының бастауымен ұлт руханиятына өзіндік үлес қосатын жаңа бір тың жоба, жақсы бастама қолға алынып жатыр.  Бұл жақсы үрдіс біздің өңірде де өзінің жарасымды жалғасын тауып, зиялы қауым өкілдері мен кітапқұмар қауымның олжасына айналды.  2023 жылғы 17 қараша күні облыс орталығында «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанынан «КІТАП – AMANAT» кітап орталығы ашылып, бір қуантты.

– Жобаның басты мақсаты «AMANAT» партиясы жанында оқырман мәдениетінің құндылығын қалыптастыратын зияткерлік эко-қауымдастығын жасау болып табылады, – дейді «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы саяси бөлімінің кеңесшісі Майжан Көкен.

Аталмыш жобаның басты міндеті партия филиалдарының негізінде «КІТАП – AMANAT» мәдени-ағартушылық орталықтарын ашу, бұл жерде келушілер қазақстандық авторлардың кітап өнімін барынша қолжетімді бағамен сатып ала алады. Сондай-ақ, «автордан оқырманға» қағидаты бойынша қазақстандық авторлардың сапалы кітап өнімін ілгерілету, мемлекеттік тілде кітап өнімін шығаратын отандық баспаларды қолдау. Сонымен қатар, мемлекеттік тілге аударылған дүниежүзілік бестселлерді танымал ету және қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазақстандықтардың интеллектуалдық-мәдени әлеуетін дамыту проблемаларына жұртшылықтың назарын аударып, жаңа кітаптарды талқылай отырып кездесулер, тұсаукесерлер, оқырман кештері түрінде қазақстандық жазушылардың, авторлардың, баспагерлердің қатысуымен құрылатын мәдени-ағартушылық орталықтары негізінде партияның іс-шараларын ұйымдастыру екен.  Филиалдың саяси бөлім кеңесшісі Майжан Көкеннің айтуынша, жаңа кітап дүкенінде түрлі жанрдағы кітаптар бар.

– Кітап қоры 400-ге жуық. Отандық және шетелдік авторлардың кітаптары, соның ішінде бизнес, психология, көркем әдебиет, балалар әдебиеті, ерте жастан дамуға арналған кітаптар, шет тілін үйренуге арналған кітаптар бар. Бүгінгі күнге дейін 40-тан астам кітап сатылған. Кітап алмасу бұрышында 100-ге жуық кітап бар. Кітапқа сұраныс бар, бірақ, кітап қоры аз болғандықтан, көбіне іздеген кітаптары болмай жатады. Сондықтан, алда әлі де кітап қорын молайту жоспарда бар. Сонымен қатар, осы кітап орталығымызда рухани құндылықтарымызды жаңғырту, танымал тұлғалардың есімдерін ұлықтау  мақсатында қоғам қайраткерлерін, мәдениет басқармасының, қалалық мәдениет бөлімінің және өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдерін, депутаттар, университеттер мен колледждердің студент жастарын шақыра отырып, партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Әйелдер қанаты» жобалары мен «Жастар рухы» Жастар қанатының жанынан ашылған «Сөйле» клубының сабақтары  мен мәдени, рухани шығармашылық кештер, кездесулер өткізіп тұрамыз, – дейді ол.

​Кітап орталығы ашылғаннан бері орталықта 10-нан астам іс-шара ұйымдастырылыпты. Солардың қатарында партия жанындағы азаматтық қоғам және мәдениетті дамыту жөніндегі «Мирас» кеңесінің отырыстары, Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Бисара Мәкеновамен кездесу кеші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиевтің шығармашылық кеші, тағы да басқа кештер өтуде.

– Осыған орай, кітап орталығымызға келіп түрлі шаралар өткізуге, кітап оқуыңызға, кітап алмасу бұрышына өз кітабыңызды қоюыңызға болады. Қызықты кітаптармен танысып, үйдегі кітап қорыңызды толтыруыңызға кеңес береміз, – деп түйіндеді сөзін Майжан ізгі ілтипатпен. Шынымен де, бұл керемет бастама! Яғни, кітап сатып ала аласың, алмастырып алуыңа да болады, ой бөлісіп, пікір алмасатын ортаңыз да осыннан табылады.   Демек, бұл бүгінгі қоғамға қажетті кітап дүкеннің жаңа форматы десек орынды.

Еліміздің өзге өңірлеріндегі партия филиалы жанында осындай кітап дүкендері ашыла бастаған бір отырыста Қазақстанның 266 ауылында кітап дүкені жоқ деген ақпарат айтылды. Ал, біздің облыста ахуал қандай?

Бар болды да жоқ болды

Өкінішке орай, Ақмола облысында  қанша кітап дүкені бар деген ақпаратты қанша мекемеге хабарласып, сұрастырсақ та ешбірі нақты санын айта алмады. Барлығы да олардың жекеменшік иесі екендігін алға тартады. Дегенмен, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының берген мәліметінде Атбасар ауданында төрт, Есіл, Сандықтау аудандарында бір-бірден  және Степногорск қаласында бір, Көкшетау қаласында үш,яғни, облысымызда бар-жоғы он кітап дүкені бар. Бұл білдей бір облыстағы кітап дүкендерінің саны! Оның өзінде қолда бары екі қала мен үш аудандағы мәлімет. Соған қарағанда, өзге аудандарда кітап дүкендері мүлде болмауы да мүмкін. Ерекше екпін түсіре айтатын жайт, бұл мәліметтің  өзін басқарма мамандары нақты емес екендігін де алға тартты. Себебі, кітап дүкендерін бақылау  басқарма  құзіретіне кірмейді дейді олар.  Сол себепті де облыс орталығындағы кітап дүкендерін өзіміз аралап көріп, мәселенің мән-жайына қаныға түстік.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда адамға рухани қуат беретін жан азығы бола алатын жақсы дүниені тауып оқу, масақтан дән тергенмен бірдей боп тұр. Мәскеудегі екі-үш қабатты кітап дүкендерін айтпағанның өзінде, Қостанай, Қарағанды секілді көршілес облыстарда кітап саудасы оңтайлы жолға қойылып, адамдардың сұраныстарын қанағаттандыру үшін, арнайы кітап дүкендері жұмыс істейді. Ал, бізде осы жағы кемшін.  Шынында да кешегі келмеске кеткен кеңес заманында малшы да, сауыншы да, егінші де, етікші де етігінің қонышына тығып, қолы қалт еткенде бір-бірімен жарысып, үйде бала-шағамен жағаласып, жастанып жатып оқитын кітаптарға бүгінде сұраныс  төмендеді ме қалай, қазіргі таңда облыс орталығының өзінде арнайы кітап дүкендері саусақпен санарлық. Орталық базар маңында «Білім»  деп аталатын кітап дүкені бар. Іші тар, айналуға келмейді.  Алақандай жерде орналасқан дүкен сөресінде көбіне қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде мектеп бағдарламасына сай оқулықтар тізіліп тұр. Сатушыға «ана кітапты, жоқ, мына кітапты, көрсетіңізші»,–деп қиыла береді екенсің. Өзің аралап көруге мүмкіндік жоқ.Біз басқа да кітап дүкендеріне бардық. Ондағы жағдайлар да тап осындай.

Ал, ауыз толтырып айтар М.Ғабдуллин көшесінің бойында орналасқан ағартушы ғалым Шоқан Уәлиханов атындағы кітап дүкені осыдан бір жыл бұрын жабылып қалған! Кезінде мұндағы кітап қоры жеті мың дана төңірегінде болатын, іші де жарқырап тұратын, әсіресе, балаларға арналған әдебиет көздің жауын алатын еді. Біз бұл кітап дүкенінің неліктен жабылғанын сұрастырып бірнеше адамдармен тілдесіп көрдік, ешкім анығын дөп басып айта алмайды. Тіпті түсінік беруден де бас тартты. Біз Алматыдағы «Атамұра» баспасына да хабарласып, мән-жайды білмек болдық. Ондағы мамандардың айтуынша, кітап саудасының тиімсіздігінен филиалды жабу шешімі қабылданған.

Арпа ішінде бір бидай

«Арпа ішінде бір бидай» сияқты кітап оқитын жастар бар. Көкшетау қаласындағы ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, белгілі ақын, жазушы Серік Жетпісқалиевтің пікірінше, қазіргі жастардың кітап оқу мәдениеті жоғары және талғамы биік.

– Кітапханаға жастар көп келеді. Олардың арасында тек филология факультетінің студенттері ғана емес, басқа да мамандықты меңгеріп жүрген жастар баршылық. Әсіресе, оларды тұлғалық даму жайында, Алаш зиялыларының ғибратты ғұмыры мен өнегелі істерін баяндайтын кітаптар қызықтыратынын байқаймын. Біз кезінде қолымызға түскенін оқыған сияқтымыз. Кітапқұмар студенттердің арасында өздерінің жеке кітапханасын жинақтағысы келетін жастарды да кездестіріп қаламын. Әттеген-айы, біздің Көкшетауда жеке кітапханаңды толықтыратын арнайы кітап дүкені жоқтың қасы.  Ал, кітапқұмар жастардың қатары аз емес. Олар қалаған кітабын қайдан сатып алады? – дейді Серік Сапарұлы.

Сөз арасында қаламгер өзі жетекшілік ететін кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өскелең ұрпақтың ой танымына, рухани дамуына өз ықпалын тигізетін көптеген танымдық әрі тәлімдік мән-мағынасы зор, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіліп тұратындығын атап өтсек те артық емес деп ойлаймыз.  Бұл алдымен ұрпақ болашағына аса қажетті игі істер ғой.

Серік аға дұрыс айтады. Соңғы жылдары кітап оқып отыратын жастарды дәмханада да, аялдамада да жиі байқап қаламыз. Осындай зерделі жастың бірі Көкшетауқаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясының 8 сынып оқушысы  –  Абай Зере. Зеренің тегінен-ақ, бір тектілік сезіледі. Мектеп директоры Ардақ Маратқызының айтуынша, Зере болашағы зор, мектептің маңдайалды оқушыларының бірі.

– Кішкентай кезінен кітап оқығанды ұнатады.  Зере алғаш  мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ,  өзінің ақылдылығымен көзге түсті. Қазіргі таңда мектебіміздің үлгілі оқушысы, – дейді ол.

Зеренің сүйікті кітабы Аня Туккерманның  «Муша» кітабы. Ең жақсы көріп  оқитын жанры – детектив.  «Маған детектив жанры өте қатты ұнайды. Себебі, мен түрлі шытырман оқиғаларды ұнатамын. Басты кейіпкермен бірге кінәлі адамды табуға асығамын», – дейді Зеренің өзі. Үш тілді жақсы меңгерген ол қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі әдебиеттерді іздеп жүріп оқиды. Шетел әдебиетінің ішінде  неміс жазушысы Агата Кристидің,  француз жазушысы  Жюль Верннің кітаптарын көп оқиды екен. Қазақ жазушыларының шығармаларынаса қатты бағалайды. Сөз арасында таяуда Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» деген шығармасын аса бірқызығушылықпен оқығанын баяндады. Басты кейіпкер Жамалмен бірге күліп, бірге жыладым дейді жеткіншек. Зеренің бойында кейіпкердің жан-дүниесін ұғынушылық бар. Оқыған шығармаларының кейіпкерлерімен бірге жүріп,   сол оқиғаларды өзі басынан кешкендей әсерде болады.Болашақта Зере жазушы болғысы келеді. Бос уақытында кітап оқып, шығарма, күнделік жазады.

Зере сияқты кітапқұмар көкөрім жастардың өсіп келе жатқандығы қуантады. Жастарды материалдық құндылықпен қамтамасыз ету аздық етеді. Бастысы жан дүниесін рухани байытатын, мәңгі шуаққа бөлейтін кітаппен сырлас болатын жастарға жағдай жасау жолында аянбағанымыз абзал.

Р.S:Айтпақшы, Көкшетау қаласындағы «Орталық базарда» түрлі дүңгіршектерде де кітаптар сатылады. Бірақ, бір өкініштісі, азық-түлік, киім-кешек, ойыншықпен араласып, бір бұрышта «жетім баладай, жәудіреп» тұрғаны болмаса… Мәселен, Ілияс Есенберлин көшесін бойлай берсеңіз, орыстың шал-кемпірі жерде төсеніштің үстінде, Ресейдің кешегі сарытап болған ескі кітаптарын сатып тұратынын сіз де талай байқаған боларсыз. Фантастика, детектив дейсіз бе, роман керек пе, бәрі бар. Сол кітаптардың арасында қазақ әдебиеті класиктерінің де туындыларын кездестіруге болады.  Тіпті «Абай жолы» романының орыс тілінде жазылған нұсқасы да жол бойында сатылып жатыр. Бағасы бар-жоғы мың-ақ теңге! Жауһар әдебиет жол бойында қара базардың таптауырын болған қара жолында елеусіз жатыр!.. Міне, біздегі рухани құндылық осылай бағаланады! Өкіншті-ақ!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар