Тегіне тартқан абыройлы азамат

СОТ ЖҮЙЕСІ: ЕЛЕУЛІ ЕСІМДЕР

…Алғаш көріп, көңіліме түйген әсерім әлі есімде. Бұдан он бес-жиырма  жыл бұрын дүрілдеген үлкен бір жиын өтіп жатқан. Сөз кезегі тигенде ортаға шыққан құрметті қонақтардың бірі, қорғасыннан құйғандай сом денелі, нық, жинақы, салиқалы бір азамат көркем тілмен көсіле сөйлеп, елең еткізген. «Сөзі қисынды, логикасы шегедей екен» деп іштей сүйсінгем. Адамның білім-білігі, мәдениеті, өресі сөйлеген сөзінен білінеді емес пе?.. Сөйтіп, ол лебізін аяқтағанда жұрт қолпаштай қол соққан. Әлеуметтің сол қошеметін қош көрген асаба одан ән сұрады. Бұл қолқаға қонақ іркілген де, қобалжыған да жоқ. Микрофонды қайта қолға алды. Абайдың «Көзімнің қарасын» үлкен ой үстінде, керемет, қапысыз орындап шықты. Көпшілік тағы да құлшына қол соқты.

Таңданысымды жасыра алмай, жанымдағылардан «Бұл кісі кім болды?» деп сұрағанымда, олар «білмегенің қызық екен» дегендей, өзіме аңтарыла қарасты да, жауапты тұс-тұстан жаудыра бастады. «Қазір Астанада. Бұрын біздің Көкшетау облыстық сотының төрағасы болған», «Заң ғылымдарының докторы», «Құқық саласының майталманы», «Үлкен қайраткер азамат», «Әкесі Шахма деген кісі, естіген шығарсың…», «Ерекең Жанайдар Мусиннің туған інісі ғой, жанында болып, тәрбиесін көрген». Осылайша, әп-сәтте жеткен ақпарат көп нәрседен хабар беріп, оны одан сайын тұлғаландыра түскен еді.

Бертін, әрине, жете танысып-білістік. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, қанымызда бар халықпыз, жігіттің сан қырынан жарқырай көрінгенін қалаймыз, сондай жігіттерді  көрсек, риза болып отырамыз. Еркін Шахмаұлы Баймурзин де сондай, «ылдидан шапса, төске озғандардың» бірі екен!..

Қазақтың қай сөзі қырын болар? Тек, тектілік туралы да пайымы көп. Ерекеңнің өресі биік, құлашы кең, қайда жүрсе де алда  болған алғырлығы тегіннен-тегін емес. Өз аталарының қай-қайсы болмасын, ел сыйлаған, халық қадірлеген, сөз ұстаған жандар болған. Сол қалып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ерекеңнің өз әкесі Шахма «Жоғары дәрежелі ұстаз», «Халық ағарту ісінің үздігі», бірнеше жыл қатарынан «Жыл директоры» атанған мектеп директоры, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері, Зеренді ауданының құрметті азаматы, ел ағасы болған адам. Қолына қалам алып, артына көптеген мәлімет-дерекке толы мақалалар қалдырған. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген ол ерте есейіп, інісі, болашақ жазушы Жанайдардың білім алуына, тәрбиесіне ерекше әсер еткен. Оның болашағын ерте болжап, ғылым-білім жолына түсуіне қамқор болып, көрегендік танытқан. Сөйткен бауыры қазаққа «Туған үйдің түтіні», « Ақ алаң», «Мандат» сияқты романдар, «Үміт» атты әңгімелер жинағы, «Жер шоқтығы Көкшетау»,  «Тың түлектері», «Қанат ұшса қатаяды» сияқты бірқатар очерктер жинақтарын қалдырып, есімі бүкіл Одаққа танылған үлкен редактор, қоғам қайраткері болып тұлғаланды!

Екіншіден, оның нағашы жағы да осал емес-ті. Анасы Күлзира  өмір бойы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса, оның атасы Мағжан Омаров жасынан атқа мініп, соғыс жылдары Есіл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Осы Мағжанның әкесі Омар мен әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтың әкесі Мұқан бірге туған. Классик жазушы Сәбит Мұқанов шаңырақта қонақ болған бір жолы Еркіннің кішкентай күнінде қазақтың көне ғұрпы бойынша аузына түкіріпті. Анасы бұл жайды: «Сенің кішкентай, сәби күніңде ырым қылып, Сәбит атаңа аузыңа түкірткенмін. Сенің жаман болмай өскенің сондықтан» деп отырады екен, кейін. Осындайда қазақтың «Ырым қырын кетпейді» деген сөзі еске түседі.

Ерекеңнің тағы бір қалың елге танымал нағашысы – анасының інісі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарығаш аудандық партия комитетінің бірінші секретары, Торғай облысындағы Қима аудандық партия комитетінің бірінші секретары, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары болған, экс-сенатор Аманжол Сейітжанов.

Айтпақшы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қорғанбек Аманжолдың Ерекеңе арнаған «Қасиет» деген өлеңінде:

«Абылай ханмен замандас,
Атаңыз Қалақ батыр ғой.
Қиып та түсер ақ алмас,
Қасиет сонда жатыр ғой.

Сері Ақан қосқан әніне,
Балқадишаға жиенсің.
Әсемдік көрсең, әрине,
Қиянат көрсең күйерсің.» – деп келетін шумақтар бар. Осындағы Қорағаңның бұл сөздерінің артында да нақты деректер тұр.

Арғы аталары шетінен елге тұлға болған, өзі ұстаздар отбасында тәрбиеленген Еркін бала кезінен-ақ ерекшеленген. Қарап отырсақ, мектепте, әскер қатарында, студенттік шақта, қызметте берілген мінездемелерінде ылғи да оның озаттығы, белсенділігі, алғырлығы алға тартылады, үнемі грамоталар мен марапаттарға ие болып отырған. Егер заң факультетіне түспегенде еңбек жолын Зеренді аудандық «Заря коммунизма» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған оның белді журналист, танымал қаламгер болып қалыптасары сөзсіз еді. Дегенмен, жаза білу, жазу машығы қай мамандыққа болса да артықтық етпейді. Кейін Еркін Шахмаұлының сот ретінде шығарған шешімдері, үкімдері қаншама сараптау-саралауда салмағынан айырылмай, сол бұзылмаған күйінде қалатынына  журналистік жазу шеберлігі де әсер етті ме екен деп ойлайсың. Ол үшін заңгердің бұлтартпас дәлелі, заң-зәкөнге жетіктігі өз алдына да,  қисынының қабысуы, саңылау-сызатсыз болуы, әділдігі мен адалдығы тағы өз алдына ғой. Әйтеуір, үкімі өзгермейтін судьяның жұлдызы жоғары, еңсесі биік.

Туабітті алғырлық, зеректік, үлкен ұйымдастырушылық қабілет жас маманды көзге түсірмей қоймайды. Ол тіпті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қабырғасында студент болып жүріп-ақ, факультеттің кәсіподақ ұйымының төрағасы, партбюроның, комсомол комитетінің мүшесі болған. 1978 жылы «Семсер» студенттік құрылыс отрядының комиссары, 1979 жылы сол отрядтың командирі болып, басқарған отряды университет бойынша бірінші орынға шығады. Одан кейін Ерекең 1980-1981 жылдары аудандық студенттік құрылыс отряды штабының командирі болып тағайындалады. Басқарған отрядтары республика бойынша  бірінші орынды иеленіп, КПСС Орталық Комитеті мен Министрлер Советінің Ескерткіш Туымен марапатталады. Бұл студент Еркіннің үлкен ұйымдастырушылық қабілетін дәлелдейтін жағдай. Университет қабырғасында жүріп-ақ біліктілігі мен тындырымдылығының арқасында үлкен беделге ие болған оған оқу орнының басшылары ҚарГУ-ге комсомол комитетінің секретары, оқытушы болып қалуды ұсынады. Алайда, Ерекең ата-анасының жанында болып, оларды қамқорлығына алуды ойлап, туған жеріне оралады. Ерекеңнің архивіне үңіліп, марапаттарына көз жүгіртер болсаңыз, студенттік құрылыс отрядтары ішінде республика бойынша бірінші орын алғаны үшін С.Имашев қол қойған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президумының 1982 жылғы 15 марттағы Указы бойынша берілген Грамота да бар. Грамота, бұйрықтардан университет ректоры Молдахметовтің, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің секретарлары Д.Сәрсенбаев, В.Лебедевтің, ІІМ жоғары мектебінің бастығы, генерал-майор Б.Бейсеновтің, 59262 әскери бөлімінің бастығы, майор Кабанецтің, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы М.Нәрікбаевтың, Әділет министрі Б.Мұхамеджановтың, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мәмидің есімдерін жолықтырасың. Ерекеңнің Судьялар одағының «Үш би» мәртебелі белгісін иеленуі,  елімізге еңбегі сіңген заңгер атануы өз саласындағы ұзақ жылдардағы жемісті еңбегінің нәтижесі.

Ол заңгерлік жұмысын адвокаттықтан бастаса, одан әрі Көкшетау қалалық сотының судьясы, облыстық әділет басқармасы басшысының орынбасары, Көкшетау қалалық сотының төрағасы, Көкшетау облыстық сотының төрағасы, облыстық соттың шаруашылық істер жөніндегі алқасының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы, Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, Алматы ауданы №2 сотының төрағасы,  2010 жылдан бастап Астана қалалық адвокаттар алқасының адвокаты және Қазақ гуманитарлық университетінің доценті.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, ата-анасы жоғары білімді мұғалімдер, атақты адамдар ат шалдырған қадірлі шаңырақта өсудің жөні бір басқа. Ол үйде тарихтың ақтаңдағы да, шежіренің шытырман қалтарысы да, қым-қуыт кезеңдердің жазылмаған тұстары да сыр болып шертілетін. Соның бәрі табиғатынан зерек, құймақұлақ ұланның жадында жатталған, санасына сіңген. Аталарының небір қилы кезеңді бастарынан өткізіп, тағдыр тәлкегін көргенінен толық хабардар. Бәлкім содан да Ерекең бауырмал, туысшыл, жолдастыққа берік. Әрқайсының қадамын сыртынан қадағалап, қамқор болып жүреді.

Ойы терең Ерекеңнің атқарған сан-салалы өнегелі істерінің бірі – өзінің ата-анасына деген құрмет пен тағзым. Мысалы танымал тұлға, әкесі Шахма Баймырзаұлының 80 жасқа толуына, анасы Күлзира Мағжанқызымен отбасын құрғанына 55 жыл толуына орай шығарған кітабы кейінгі ұрпаққа айтары бар шежіре-сырға толы бір дүние болып қалды. 2010 жылы бес жүз данамен жарық көрген кітаптың өсіп-өну үстіндегі әулет-ұрпаққа бір қазына болып қалары хақ. Бұл ата-анасы туралы екінші кітап екенін де айта кетуге тиіспіз. Сол сияқты, Ерекеңнің ағасы, өмірден ерте өткен белгілі жазушы-журналист Жанайдар Мусиннің мерейтойларын өткізуге сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Мысалы, 70 жылдығын өткізген тұста оның ұйымдастырушылық қабілеті мен ынта-ниетіне риза болған ақиық ақын Кәкімбек Салықов Ерекеңе арнап «Мен сенімен ғарышқа да барар ем» деп өлең жазған.

Сөз бастасам,
Қыза тартып әріге,
Түзеледі жүрек сөйлер мәні де.
Қашан көрсем шар болаттай мықты екен,
Көкшетаулық Еркіндердің бәрі де.

Еркін інім,
Бұл жолы шын ерлеттің,
Азаматтық құзарт шыңға сен жеттің.
Жанайдарға 70 жылдық той жасап,
Зор атағын одан әрі өрлеттің, – деп басталған жезкиік ақынның арнауы:

Айналайын,
Өрелі той өткіздің,
Жәкең атын жұлдыздарға жеткіздің.
Бұл салтанат
Жалғыз Көкше тойы емес,
Бүкіл қазақ қуанышы еткіздің, – деген алғыс сезіммен түйінделеді.

Міне, биыл, 2026 жылы тағы да  Жанайдар Мусиннің 90 жылдығын атап өтуге белсене кірісті. Жанына інісі Мұхтар Жанайдарұлын ерітіп, жазушы туралы естеліктер, пікірлер, рецензияларды, өлең-жырларды топтастырған «Ол жазды атын өшпестей, Көкшенің көркем тасына» деген атпен кітап бастырып шығарды. Бұрыннан есімі берілген Ж.Мусин атындағы жоғары педагогикалық коллежде аудитория бар болса, осы жолы Көкшетау қалалық кітапхана жүйесінің орталық кітапханасында жазушы атындағы оқу залы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ғылыми-зерттеу орталығының ашылуына, Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театрында еске алу кешінің өтуіне мұрындық болды.

Ерекең өзіне тән кең пейіл, саралап ойлау ғадетімен әрі-беріні екшей отырып, кәсіби дәрежесінің өсіп-жетілуіне  Жоғарғы соттың төрағасы болған Михаил Федорович Малахов, оның орынбасарлары болған Тілектес Айсин, Сансызбек Райымбаевтардың ізгі әсер еткенін айтып, оларды ұстаз тұтып, алғысын айтып отырары бар. Аса жауапты салада тыңғылықты қызмет атқарған үзеңгілес жолдастары, өмірден өткен Қонысбек Ыбыраев, Зағыпар Шәкентаев, Төлеген  Қожахметовтердің аруақтарына тағзым етіп, еске алады. Зағыпар Шәкентаевтың 2004 жылы жазылған «Адал дос Еркін Баймурзинге» деген жүрекжарды жыры сақталған. Сол өлеңінде ақын Ерекеңнің достықты жоғары бағалауы туралы былай дейді:

Көңілі дархан даладай,
Аңқылдап жүрген баладай.
Бәрін де бауыр тартады,
Ешкімді бөтен санамай.

Татулық туын тік ұстап,
Хабарын ылғи үзбейтін.
Жүрегін, жанын уыстап,
Сағынып досын іздейтін.

Тапсыра қалсаң бір істі,
Біткенше дамыл таппайтын.
Достыққа деген парызын,
Ақ ниетпенен ақтайтын.

Қазір Болат Имашов, Асылхан Жанжұманов,  Серғали Кардин, Төлебай Қожанов сияқты достарымен құрметтесіп, сыйласып тұрады.

Әрине, кім-кімде болса, өзінің ізбасарлары, өзін ұстаз тұтқан шәкірттерін мақтан тұтады. Бұл ретте Ерекең Жоғарғы сот төрағасының орынбасарына дейін көтерілген Абай Рахматуллин, Ақмола облыстық соты төрағасының орынбасары Раджап Даминов, облыста судья болып қызмет атқарған Әскербек Жакулин, Әкімбек Жұмабеков, Сүйіндік Жұмағұловтарды атайды.

Енді Ерекеңнің өмір-тарихындағы қызық-қызық тұстарды бір шолып өтсек. Сөзіміздің басында суреттеген, Абай әндерін терең ой үстінде операның ақсүйек әншісіндей әуелеткен, мектепте, университетте үздік оқыған, заң ғылымдарының докторы, небір шытырман сот істерін мүлтіксіз межеге жеткізген, жауапты лауазымдарды қалтқысыз, басқаға үлгі болатындай қылып атқарған тегеурінді басшы  Еркін Шахмаұлы кәдуілгі өмірде аса қарапайым, жарасымды ойын-қалжыңы қатар жүретін жаймашуақ адам. Тіпті, тылсымға теңер тұстары да бар. Оның алғаш стажер ретінде жұмысқа орналаспақ болып, сол кездегі (1982 жыл) облыстық сот төрағасы Қазкен Құрманғалиевке кіретіні де қызық.  Жасынан жалындап, бұзып-жарып, алда келе жатқан жігіт кірген соң төрағаның төрде көлденең көсілген столына, жәйлі орынтағына, жабдықты кабинетіне зерделей, байыппен көз салса керек. Соны байқап қалған басшы: «Немене, менің орнымды қашан басам деп тұрсын ба? Жассың ғой, ойың дұрыс. Әлі осы жерде сен отыратын боласың!» депті. Содан арада тура он үш жыл өткенде сол орынтаққа расында да Еркін Шахмаұлы жайғасыпты!

Астаналық соттың төрағасы Сансызбек Райымбаев оны жауапты жұмысқа шақырып тұрып: «Ал, Еркін, өзің де білесің, жаңа құрылып жатырмыз. Не отыратын орын, не жазатын қағаз жоқ. Бірақ, «жоқ», «жоқ» деп отыра бергенмен іс бітпейді. Жоққа қарамай жұмыс істеуіміз керек. Сенің іскерлігіңе сенемін. Білегіңді сыбанып кіріс!» деген екен. Бұл астананың Ақмолаға жаңа көшіп, қалыптасып жатқан қарбалас уақыт. Әрине, Ерекең сенімнен шығып, ғимарат та тауып, оған жөндеу де жүргізіп, кадр мәселесін де шешіп, сот ісін талапқа сай жолға қойыпты. Елорда қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы болып он жыл жемісті еңбек еткен.

Ерекеңнің тауып айтқан қалжыңының бір-екеуіне тоқтала кетсек… Елу жылдығын атап өткен тойында жанына асаба келіп: «Ереке, қонақтар жиналып қалды, енді отырғыза берейін бе?» депті. Сонда Ерекең:« Отырғызу сот ретінде менің құзырымдағы нәрсе. Сен қонақтарды жайғастыр!» деген екен.

Әлі ешкім жағдайын түзей қоймаған өтпелі кезеңде бір жолдастары тойын жасайды. Ағыл-тегіл сыйлық жасар шама жоқ.  Сонда, Омбыдан келген, бұрын Көкшетауда тұрған якут жігіт той иесіне қалтасынан ақ алмастай суырып жүз доллар ұсынады. Отырғандар таңданысып, үнсіз қалады. Сонда тыныштықты Ерекең бұзып, мерейтой иесіне: «Бауырым-ау, біз сияқты қалтасы тесік қырық қазақты шақырып әлек болғанша, тып-тыныш екі-үш «чукчаны» шақырып қана отырмадың ба?!» деп, жиналған жұртты қыран-топан күлкіге батырыпты.

Бүгінгі таңда жетпіс белестің биігіне шыққан Еркін Шахмаұлы зайыбы Майра екеуі ұл-қыз өсіріп, немере-жиен сүйген бақытты шаңырақ иелері. Қызы Назгүл Англиядан білім алып келіп, шет елдің компаниясында қызметте, ұлы Алмас әке жолын жалғастырып, заң саласында жауапты қызметте, кіші қызы Аяжан да шет елден білім алып, еңбек етуде. Немерелері Кемел, Данат, Мейірхан, Кенен, Аландар құлын-тайдай тебісіп, өсіп келеді. Айта кетер бір жәйт, Ерекеңе біткен өнер, әншілік қабілет ұрпағына да дарыған. Үш баласы Назгүл де, Алмас та, Аяжан да бала күндерінен ән айтып, кезінде республикалық «Әнші балапан» жобасының жеңімпаздары болып танылған. Аяжаны тіпті, Египетте өткен халықаралық конурста топ жарып, Гран-При иегері болған!

Ерекең бұл күнде ұзақ жолдағы жора-жолдастарымен, ағайын-тумасымен емен-жарқын араласып, шат-шадыман ғұмыр кешуде. Тынымсыз еңбек, төккен тердің арқасында келген сол берекелі де  мерекелі ғұмыр ұзағынан болғай!..

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар