МОНИТОРИНГ
Облысымызда «Бірыңғай дрон инфрақұрылымы» жобасы аясында көктемгі су тасқынының жай-жапсарына мониторинг жүргізудің озық технологиялары қолға алынуда.
Бұл іске 21 стационарлық кешен және бір мобильді экипаж жұмылдырылған. Қардың белсенді еруі жағдайында су тасқынына қарсы шаралардың маңызы зор. Қазіргі таңда тұрақты мониторингпен 18 елді мекен қамтылған.
Дрондарды пайдалану өзендердегі мұздың жиналуы мен кептелістерін жедел анықтауға мүмкіндік беріп келеді. Бұл төтенше жағдайлар қызметтеріне судың қауіпті деңгейге көтерілуінен бұрын әрекет етуге жағдай жасауда.
Дрондар экология және абаттандыру саласында да таптырмас құралға айналып отыр. Көкшетау қаласында қазірдің өзінде «әуе патрулі» жүйесі жұмыс істейді. Күніне екі рет дрондар бекітілген маршруттар бойынша ұшып өтіп, толып қалған контейнерлерден бастап, тасталған ескі жиһазға дейін құқықбұзушылықтарды тіркейді. Рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен ондағы қоқыстың жиналуы туралы барлық ақпарат жедел түрде әкімдіктер мен бірыңғай байланыс орталығына жіберіледі. Бұл коммуналдық шаруашылық қызметтеріне тұрғындардың шағымын күтпей-ақ дереу әрекет етуге мүмкіндік береді.
Көктемгі су тасқыны кезеңі өткеннен кейін дрондар облыс өңірлеріне беріліп, аудан орталықтарында шоғырланатын болады. Сөйтіп, Көкшетау қаласындағыдай, аудандарда да «әуе патрулі» жобасы құрылады. Мұндағы мақсат белгілі. Облыс орталығында іске асырыла бастаған қала айналасы мен көшелерінің тазалығын автоматты түрде бақылау тәжірибесін өңірлерге де енгізу. Мұның өзі бұл істе айтарлықтай тиімділік беретінін осы бірыңғай дрондар желісі қолданыла бастаған аз ғана уақыт жақсы көрсетіп отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

