Құтты болсын айтамыз!

Содан бері жарты ғасырдан артық уақыт өтсе де, Қызылту қазақ орта мектебінен білім алған кластастарымыздың жақсы, ұнамды жақтары әлі есімде. Жас ұлғая келе, сол кездерімізді ой санамыздан өткізіп, мақтан етеміз. Өткенді еске алудың бірден-бір айғағы – жарты ғасырлық кездесу. Одан кейінгі кездесу 70 жылдық мерейтойлар. Ауыз көркі – тіл, тілдің көркі – сөз демекші, мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиетін үздік меңгерген Жұмабике Мағауова да 70 жасқа толып отыр. Жаста оқыған оқуың тасқа жазғанмен бірдей екенін кезінде ауылдастары да Жұмабикенің есіне салады. Қазақ кластары ашылып, оған ұстаздар қабылдай бастағанда, тіл мәдениетін жетік меңгерген Жұмабикеге сен нағыз ұстаз болуға лайық жансың деп, оны арнайы оқуға жібереді. Ауыл шаруашылығының әр саласында еңбек еткен ол, ауыл мектебінің білікті тіл маманы болып, 20 жыл ұстаз болады. Зейнеткер жасындағы Жұмабике бүгінде алты баланың аяулы анасы. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ақылды ене, сыйлы әже, қадірлі құдағи.

Шарласам да өмір бақтарын,

Өзіңдей кластас таппадым.

Жарты ғасыр өтсе де,

Жастық шақты есте сақтадым.

 

Балауса балғын шақтарды,

Жетпіске келіп ақтардым.

Болғаныңды үздік мектепте,

Толтырып ауыз мақтадым.

 

Жүйрік едің тілге сен,

Таппаспын сендей іздесем.

Заңгер болам деуші едің,

Ұстаз болдың елге сен.

 

Жолыңды еңбек білемін,

Шәкіртке ақ жол тіледің.

Жеткізуге айға қолдарын,

Ынтық болды жүрегің…

 

Көп еді мақсат алдағы,

Ұстаз жанның арманы.

Ел құрметпен сыйлайды,

Биікке атың самғады.

 

Құтты болсын жетпісің!

Мосқалдық бүгін жетті шын.

Әлі де бар ғой күш-қуат,

Жүз жасқа Аллам жеткізсін!

Ізгі ниетпен: кластастары атынан Қайыркелді ИСИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар