Қазақтың кемеңгер данасы, хакім Абайдың туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін Абай мұрасы жан-жақты зерттеліп келді, отандық және шетелдік ғалымдар ақынның өмірі мен шығармашылығын филологиялық, философиялық, психологиялық, тәрбиелік тұрғысынан толық зерделеді десек те болады. Әйтсе де, қазақтың дара ақыны, заманынан озып туған ойшыл, халық жанашыры Абайдың мол мұрасын қанша қарастырсақ та, қай жағынан алсақ та, тұнығына жете алмайтын шығармыз, сірә.
Ақын мұрасы ғылым мен білім, тәлім мен тәрбие, қоғам мен саясат, пәлсапа мен таным мәселелерін қозғайды. Абайдың рухани әлемі, дүниетанымы – ерекше бір тылсым құндылық. Оның ойшыл ретіндегі философиялық ортақ мәселесі – адам. Көне Қытай философы Лао Цзы «Басқаларды білетін адам – ақылды, өзін танып білген адам – данышпан» деген екен. Ендеше, Абайдың данышпандық түйсігі адамды саналық тұрғыдан жоғары дәрежеге жеткізуді аңсады. Оның өлеңдері, қарасөздері, пәлсапалық ой-өрнектері – соның дәлелі. Абайдың дара жолын танытқан жазушы Мұхтар Әуезов «ұстаздық, әлеуметтік талабының түп мақсаты жеке адамдарды жаманшылықтан арылтып, сол арқылы заманындағы қауым-қоғамын және бар халқын түзетіп өзгертпек болды» деп, Абайдың өмірлік философиясының себебін көрсетеді.
Жалпы, адамтану ілімі ойшыл-философтардың көтерген негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Ұлттық рухани құндылықтарымызды, шығыс әлемін және батыстың ілімін өз мұрасында керемет тоғыстырған Абай, әсіресе, шығыстың сұңғыла ойшылдарының адам табиғатын терең зерттеу үрдісін жалғастырып, адамзаттың болмысын айқындауға тырысты. Ол өзіне дейінгі Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи және Жалаладдин Румидің кемел адам жайлы ой-пікірлерін әділет пен ақылдың сын таразысына салып, зерделеді. Әл-Фарабидің «парасатты адам», Қожа Ахмет Яссауидің «дертті адам», Жүсіп Баласағұнидің «кемел адам» туралы танымдарын Абай Хакім «толық адам» идеясына негіз етіп алды.
Ағартушылық-адамгершілік тұжырымдар көне қытай ойшылдарының да өзекті тақырыптарының бірі болып табылады. Ежелгі қытай философы Конфуций адалдық, сыпайылық, ұқыптылық, аманатқа берілгендік, адамгершілік және қайырымдылық, ата-аналары мен үлкенді сыйлау, тәртіпке ұмтылу секілді этикалық нормалар мен ережелер жүйесін жасаған. Ілімге ұмтылуды жеке тұлғаның қасиеті, ал оқыту мен тәрбиелеуді адам қабілетін дамытудың басты құралы ретінде қарастырған философтың пікірінше адам үш түрлі болады: дана адам, жақсы адам және батыл адам. Ал, дао ілімінің негізін қалаушы Чжан-Цзы өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды «Аспан адамы», рухани бастауынан бөлінбеген адамды «Қасиетті адам», шындықтан бөлінбеген адамды «Кемел адамға» жатқызған екен. Қытай ойшылдарының адамдық қасиет туралы тұжырымдары қытайлардың көзқарасы мен ұлттық мінезін қалыптастыруда ерекше рөл атқарды.
Міне, Ежелгі Қытай мен Шығыстың терең философиясын зерделей келе, Абай «толық адам» деп аталатын тұлғаның кемелдігі туралы концепциясының негізін салды. Дана Абай жеке адамға қатысты қасиеттерді талдай келе, ұлттық мінезден де осы қасиеттердің көрініс алатындығын аңғартты. Сөйтіп, қазақ қоғамына, жалпы адамзатқа діни-философиялық, моральдық-этикалық, интеллектуалдық, адамгершілік тұжырымдамасын мұра етті.
Ақын өз шығармаларында адами қасиеттерді қозғай отырып, жаман әдеттерден арылу, жақсы қасиеттерге ұмтылу қажеттігін түсіндіреді. «Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз…» деп толғанған Абай адам болудың қағидаттарын ұсынады. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым секілді нәрселерге асық болып, өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекерге мал шашу секілді кесірлерден алыс болуға шақырады. Күллі адамды қор қылатын надандық, еріншектік, зұлымдық мақтаншақтықпен күресіп, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек секілді қасиеттерге ұмтылу қажеттігін көрсетеді. Осылайша кемеңгер Абай:
Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек, –
деп, толық адамның бейнесін ашады. Адам баласы осы үш қасиеттің басын қосса, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деп пайымдайды. Сөйтіп, ғылым-білімді махаббатпен көксегенде ғана нағыз адам болатынын жеткізеді. Абайдың тереңдігі сол – діни таным мен қоғамдық сананы, ғылым мен білімді, ұлттық құндылықтарды шебер сабақтастырып, барша жұртты «адам болуға» үндейді.
Абай нағыз адамды білімділік, ақылдылық, біліктілік, ғылымсүйгіштік қасиеттер анықтайды деп тұжырымдайды. Адамшылықтың мұратына жетудің негізгі құралы шығармашылық ойлау, екінші шарты еңбек деп түсінеді. Абайдың айтуынша, еңбек – адам болмысының айнасы, өмір сүру құралы. Ал, ғылымды игеру, тану, білімді болу маңдай тер мен тынымсыз еңбек арқылы келеді.
Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі кейбір философиялық ой иірімдері, әсіресе, Әл-Фарабидың тұжырымдарымен үндеседі. Әл-Фарабидың пікірінше, ғылым мен философия адамы болу үшін қойылатын ең бірінші талап – ол адамның жан тазалығы, ар тазалығы, бүкіл адамға, өз халқына деген таза махаббаты, ғылым мен білімге деген қалтқысыз құштарлығы мен берілгендігі. Бұл жерде екі алыптың ой-түйіндеріндегі сабақтастықты аңғаруға болады. Қос ғұламаның мол мұрасын зерттеген Ақжан Машани «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде «Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру, біздің халқымыздың мың жылдық мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Демек, бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек…» деп түйіндейді.
Абай шығармашылығын насихаттау турасында ұлы ойшылдың мұрасын зерттеп-зерделеуге сүбелі үлес қосып жүрген көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Абайдай данасы бар елдер сол данасының ілімін ілгері оздырып, өздері танып-біліп қана қоймай, өзгенің де санасына сіңіре біледі. Еуропа Данте, Гете, Қытай Конфуций ілімін әспеттейді, құдірет санайды. Үлкен-кішісі әр сөзін алтынмен аптап, күміспен күптеп құрмет көрсетеді» дейді. Ақын мұрасын ұлтымыздың, руханиятымыздың темірқазығына айналдыру идеясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында да көрініс табады. Абайдан бастау алған интеллектуалды ұлт қалыптастыру мұратын жалғастыру, Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттау, дара тұлғамызды Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажеттігін меңзеді. Мемлекет басшысы Қытай дегенде Лао-Цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келетінін алға тартып, Қазақстан дегенде шетел халқы Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жету керектігімізді анық жеткізді.
Ақынның мол мұрасы – халқымыздың ой-санасын, дүниетанымын қайта жаңғыртатын ұлттық кодымыз. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлт болып қалуымыз үшін бірегей, дара құндылықтарымызды сақтаудың маңызы зор. Олай болса, өскелең ұрпаққа Абай тағылымын насихаттау, хакімнің ізгі мұратын жалғастыру – басты міндетіміз!
Арайлым РАХЫМ,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары, филология ғылымдарының магистрі.