Жер – еліміздің ең басты байлығы болып саналады. Сол басты байлығымызды ұзақ мерзімге жалға алып, бірақ пайдаланбай босқа ұстап отырған заңды және жеке тұлғалар аз емес. Ақмола облысының аумағында ғана 1,5 миллион гектардай жер пайдаланылмай арамшөп басып текке жатыр. Осы орайда, прокуратура органдары жерді тиімді пайдалану мәселесіне қатысты өз құзыреттілігі шеңберінде тексерулер жүргізіп, егер жер дұрыс пайдаланылмай жатқан болса заңға сай шара қолдануда.
Биылғы жылдың басынан бері прокуратура қызметкерлері пайдаланылмай жатқан жалпы аумағы 120 мың гектар, құны 1,8 миллиард теңге болатын 170 жер телімін анықтап, өз құзыреті шеңберінде шара қолданды. Осыған орай бұл жерлердің бәрі бүгінгі күні мемлекет меншігіне қайтарылды. Алдағы уақытта пайдаланылмай келген жер телімдері заңды және жеке тұлғаларға берілетін болады.
Прокуратура жер телімдерін алып қою шарасын басқа ешқандай мүмкіндік болмаған жағдайда ғана жасайды. Негізгі мақсат – жерді ұзақ мерзімге жалға алған жеке және заңды тұлғалардың оны мақсатқа сай тиімді пайдалануын, сол арқылы өзіне де, елге де пайдасын тигізуін қамтамасыз ету. Жыл басынан бергі өткен уақыт ішінде қадағалаушы органның араласуымен құны 5,3 миллиард теңге, аумағы 567 мың гектар болатын 500 жер телімі қайта пайдаланыла бастады. Арамшөп басып бос жатқан жерлерді меншік иелері прокуратура тарапынан нақты шаралар қолданылған соң мақсатқа сай пайдалануға мәжбүр болуда. Яғни, бұл жердің иелері сол алқапқа егін егіп, мал бағып, оны кәдеге жарату арқылы өзі табыс табады және салық түрінде мемлекетке кіріс түсіреді деген сөз.
Жер телімін пайдаланбаған меншік иелерінен жер телімі алынып қойылған жағдайда, меншік иесі арнайы жасалған тізімге енгізіледі де, алдағы уақытта оған жаңа жер телімі ешқашан пайдалануға берілмейтін болады. Сондықтан, осындай қара тізімге енбеу үшін де заңды, жеке тұлғалар бар мүмкіндікті пайдаланып, бос жатқан жерлерін игеруге ынталы болмақ.
Жоғарыда айтқанымыздай, әлі де облысымыздың аумағында пайдаланылмай бос жатқан жерлер аз емес. Прокуратура бұл бағыттағы жұмыстарын одан әрі де жүргізетін болады.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.