Оқулықтар оқу жылы басталғанға дейін жеткізіледі

Оқушыларды жаңартылған мазмұндағы оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын бюджеттен қаражат бөлініп келеді. 2019-2020 оқу жылында 4, 9 және 10 сынып оқушыларына арналған оқулықтар сатып алынды.

Биылғы 2020-2021 оқу жылында он бірінші сынып оқушылары оқудың жаңартылған түріне көшеді. Сол себепті, 11 сыныпта оқитын бес мыңнан астам оқушыға жаңа оқулық сатып алу көзделуде. Бұдан бөлек, басқа сыныптарға да қосымша оқу әдебиеттерін сатып алу жоспарланып отыр. 1, 5, 6 сынып оқушыларына арналған информатика пәнінің оқулықтары сатып алынады.
Оқулықтарды және оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу жұмыстарына аудандардың және қалалардың бюджеттерінен 928 миллион теңге қаражат қарастырылды.
Бүгінгі күні білім бөлімдері баспаханалардың бағаларына сәйкес, оқу әдебиеттеріне өтінімдерді әзірлеуде. Оған қоса, Қазақстан Республикасының 19 баспаханасымен 235 келісім-шарт жасалды.
Бастауыш сыныптарға арналған жұмыс дәптерлеріне келетін болсақ, бұл дәптерлерді оқу процесінде пайдалану міндетті емес, яғни, егер мектепте дәптер сатып алынбаған жағдайда, жұмыс дәптерлерін сатып алу ата-аналардан талап етілмейді.
Сондай-ақ, бүгінгі күні өңірлер оқулықтарды тасымалдайтын тасымалдаушылармен келісім-шарт жасады. Оқулықтарды мектептерге жеткізу үшін баспаханалармен бірге қажетті оқулықтардың тізімі мен оларды тиеу кестесі жасалды. Қазіргі таңда төрт аймаққа «Alem book» баспасы шығарған көркем әдебиет оқулықтары жеткізілді. Білім ошақтарына оқулықтар кестеге сәйкес, яғни, ағымдағы жылдың 29 шілде – 20 тамыз аралығында оқу жылы басталғанға дейін толық жеткізілетін болады.
Әсет ДҮЙСЕНБАЕВ,
Ақмола облыстық білім басқармасының бөлім басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар