Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шерін айтып Аралдың арпалысқан асыл ер! - АРҚА АЖАРЫ

Шерін айтып Аралдың арпалысқан асыл ер!

Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың Өзбекстанның Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары жайлы бір үзік сыр

Осылай ол әміршіл, әкімшіл кеңестік билік тұсында «экология» түсінігінің қалыптасуына жол ашып, алғаш рет тек Орталық Азия ғана емес, бүкіл адамзатты алаңдатқан Арал проблемасын әлемдік деңгейге алып шықты. Басқаларды қайдам, өз басым шырт ұйқымнан оятып: «Арал проблемасын әлемдік аренаға алып шыққан кім?» – деген сұрақ қойса, мен еш ойланбас-
тан: «Кәкімбек Салықов» деп жауап берер едім. Өйткені, менің түсінігімде солай. Оған дейін тұзды су ішіп, улы ауа жұтқан аймақтың тағдыры туралы ол кісідей айтып, тек айтып қана қоймай Арал тағдыры үшін күрескен басқа жанды естіген де, көрген де емеспін.
– Кәкімбек Салықовты қазақстандықтар – ақын, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танитын болса, мен бұл кісіні Қарақалпақ Автономиялы Республикасы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған 1984 жылдан бастап, 5 жыл бойы көмекшісі болып істеп, қызметтес болғандығымнан білемін. Менің ойымша, егер бұл кісі білікті маман, ұтымды ұйымдастырушы болмаса, мұндай жоғары лауазымды жауапкершілігі үлкен қызметке, оның үстіне басқа ұлт өкілдері жасайтын өңірге басшы болып сайланбас еді. Мұны айтуымның себебі, Қарақалпақ Автономиялы Республикасы Қазақстанның емес, Өзбекстанның құрамында екенін ұмытпаған жөн.
Әрине, қазақ пен қарақалпақ халқының ең жақын туыс ұлт, тілі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің тым жақындығы, төркіні бір түбірлестігі де ескерілгені анық. Дегенмен, бұрын да, одан кейін де ондай тәжірибе болған емес.
Бұл кез – ол кісінің нағыз кемеліне келген шағы болатын. Мен бес жыл бойы қасында жақын жүргендіктен, сол кездегі Орталық және Өзбекстан мен Қарақалпақстан басылымдарындағы мақалалары мен сұхбаттары, Орталық Комитеттегі азаматтардан, қарақалпақ әдебиеті мен өнерінің белгілі өкілдерінен жақсы сөз естіп, атқарылып жатқан қыруар істерінен хабардар болып, ағамыздың қайраткерлігіне талай өзбек, қазақ пен қарақалпақ азаматтары риза екенінің куәсі болғанмын.
Сол кезде Кәкімбек Салықовтың бастамасымен Қарақалпақ өңірін өркендетудің Одақтық екі үлкен бағдарламасы жасалып, ол Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінде мақұлданды. Осы аса үлкен шешімді жүзеге асыру үшін Одақтық бюджеттен орасан қаржы бөлініп, Кәкімбек Салықов бірінші хатшы болған бес жылда қарақалпақ елінің тұрмысында көп жылдан бері шешілмей жүрген әлеуметтік нысандар – ауруханалар, мектептер, мәдениет ошақтары, тұрғын үй кешендерінің құрылысы керемет қарқын алды. Автономиялы Республиканың барлық елді мекендеріне электр қуаты жеткізіліп, табиғи газбен қамтамасыз ету бұрынғы 50 пайыздан екі есе дерлік артып, 90 пайызға жеткізілді. Мың шақырымнан аса жол салынып, ауылдар арасындағы қатынас оңалды. Елде жаңа кәсіпорындар ашылып, ондаған мың адам жаңа жұмыс орындарына тартылды. Әр салада еңбек ететін адамдар үшін еңбек ақыларына Арал теңізінің тартылуына байланысты қуаңшылық коэффициенті төленетін болды.
Тағы бір өте маңызды мәселені атап айтқан жөн: жауапкершілігі жоғары лауазымдарға жас кадрларды тағайындау тәжірибеге айналды. Болашағынан үміт күттірген жастар тәжірибе жинақтау мақсатында Ресейдің, Өзбекстанның негізгі министрліктеріне жоғары қызметтерге жұмысқа алынды. Өлкеде, ел арасында ерекше инабатты, мамыражай сенімді қарым-қатынас қалыптасты. Жастарды техникалық білім алуға бейімдеу мақсатында нақты шаралар жүргізіліп, өлкенің өндірістік мүмкіндігін, әлеуетін көтеру шаралары жүзеге асырылды. Зиялылар қауымы жадырап, белсенділігі артып, әдебиет, өнер, мәдениет өркендеп өсті. Өнер адамдары армандап жүрген опера және балет театры ашылды.
Бұның барлығы – Кәкімбек Салықовтың қарақалпақ өлкесін өркендетудегі ел өмірінің сұранысын жақсы білетін зеректілігі, шынайы жанашырлығы, әділдігі мен парасаттылығы, қандай мәселеде болса да ізденгіштігі, қажымас қайраткерлігі мен күрескерлігінің нәтижесі деуге болады. Өйткені, осы істерді жүзеге асыру барысында қаншама қарсы пікір айтушылардың көзін жеткізу, мәселені шешуге ықпалды адамдармен кездесу, сөйлесу, дәлелдеу, ақыры – өз ұстанымына қолдау табу үшін қаншама жұқарған жүйке, түпсіз ой, тәуекел мінез, қажыр-қайрат, ақыл-әдіс жұмсаған адамның еңбегін өз көзіммен көріп, жүрегіммен сезінген едім.
Бұл – кезінде Кәкімбек ағамыздың көмекшісі, кейін Республика жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, Өзбекстан Ұлттық банкі Қарақалпақстан бөлімінің басшысы, Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңесі, Өзбекстан Олий Мажлисінің депутаты, осы жоғары заң шығарушы ұйымдарда комитет төрағасы болған Құдайберген Жұмабеков ағамыздың пікірі.
Иә, Құдайберген аға ағынан жарылып, ақиқатты айтып отыр. Кәкімбек ағаның кезінде республикада зиялы қауымға деген қамқорлық күшейіп, ұлттық мәселелерді көтеруде, Арал тағдыры үшін бірлесе күресуде олардың белсенділігі артты. Тұңғыш рет қарақалпақ жазушысы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Мұнда да әлдеқашан Одаққа танымал ақын, қоғам және мемлекет қайраткері атанған Кәкімбек Салықов ағамыздың ықпалы шешуші рөл атқарғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның бір дәлелі, қарақалпақ әдебиетінің классигі, Өзбекстан және Қарақалпақстан халық жазушысы Жолмырза Аймырзаев ағамыз: «Сен Төлекке КСРО Мемлекеттік сыйлығын алып бердің» – деп өкпе айтқан екен. Мұны журналист ретінде Кәкімбек ағамен ондаған рет жүздесіп, талай әңгіме-сұхбат құрған мен оның өз аузынан естідім.
1989 жылдың 25 мамыры мен 9 маусымы аралығында өткен КСРО халық депутаттарының І съезінде Қарақалпақстаннан сайланған халық дептутаты, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Өзбекстанның халық жазушысы Төлепберген Қайыпбергенов үлкен мінбеден Аралдың ауыр халін күллі әлемге әйгілесе, абырой-беделін араға салып, оны артында тұрып айтқызған да осы Кәкімбек Салықов ағамыз екенін біреу білсе, біреу білмейді. Сөйтіп, қайда жүрсе де Аралдың шерін айтып, оны сақтап қалу үшін арпалысқан абзал азамат, асыл ер осындай көптеген ірі істердің бастаушысына айналды. Кейіннен КСРО Жоғарғы Кеңесінің құрылымында болмаған Экология комитетінің төрағасы болып сайлануы да кездейсоқтық емес. Оның бәрі Арал мәселесін шешу жолында атқарған өте қиын, бірақ аймақ үшін аса маңызды қызметтерінің заңды нәтижесі еді. Мұның бәрін ағамыз бүкіл жан-тәнімен сезініп, ақындық жүрегінен шыққан сезім шумақтарымен де үнемі өріп отырды. «Арал сыры» деп аталатын мына өлеңі соның бір дәлелі емес пе?!
Шалқар теңіз айналса айдалаға,
Тұз толқымай байлансын қайда ғана?
Құмда қалған кемелер керуені,
Қапаланып қарайды айналаға.

Ащы ауа, ащы су, ащы жерім,
Ащы жаңбыр аумаған ащы шерім.
Арал құрғап барады, Арал құрғап,
Ауыр дерттің, адамдар, тапшы емін.

Ащы дауыл болар ма арты жайлы,
Ботасы жоқ боз інген қалтырайды.
Ақ боз үйден адасқан арулардай,
Әму мен Сыр аулақта жалтырайды.

Тоғай тозды, жер азды, жүзі кілем,
Киік ауды, құс көшті қызығымен.
Қолда бардан айрылған қиын екен,
Тұз татиды бал тамған жүзімінен…

Осының бәрін өз көзімен көріп, тұла бойынан өткізе білген азамат:
…Теңіз үшін келсе кіммен таласқым,
Кей пәлекет шын сипатын жаңа аштым.
Өзбек, қазақ, қарақалпақ, түрікмен,
Ынтымағын сақтау үшін жарастым.
Кім кінәлі?
Бар жауапқа қанықпын,
Дауды қайтем?
Ел мұқтажын жаңа ұқтым.
Ауыр жара тым асқынып кетіпті-ау,
Қауырт қимыл – ісі барша халықтың – деп, Орталық Азиядағы барлық туысқан халықтардың басын қосып, қан майдандағы хас батырларша оларды өздеріне төніп келе жатқан Арал апатына қарсы күреске бастады. Сөйтіп, сарбаз ерткен нағыз сардарларша кеудесін қиындықтарға тосып, осы күрестің алғы шебінде жүрді, Орталық Азияны мекендеген ұлттарды біріктірген Көшбасшыға айнала бастады.
(Жалғасы бар).

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Мәдениет қайраткері.

(Арнайы «Арқа ажары» үшін).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар