Ақмола облысының жұртшылығы үшін аса қадырлы және қарапайым еңбек адамының тамаша үлгісі болған Социалистік Еңбек Ері Сағила Аманжолқызы Есенжолова қайтыс болды.
Бар саналы ғұмырын еңбекпен өткізген Сағила Аманжолқызы 1942 жыл Ақмола облсының Жақсы ауданының Киров селосында туған. 1959 жылы өзінің еңбек жолын сауыншы болып бастап,он сегіз жыл бойы осы салада қол үзбестен еңбек етті. 1977 жылдан бастап Целиноград ауданындағы Киров атындағы совхоздың мал шаруашылығы фермасының бригадирі болып, осы жауапты саланы зейнетке шыққанша басқарды.
Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1981 жылғы 19 ақпандағы Жарлығымен еңбектегі аса үздік табыстары үшін Сағила Аманжолова апамызға Социалистік Еңбек Ері атағы берілген болатын. Жерлестері зор сенім көрсетіп, Қазақ Кеңестік Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланып та, осы зор сенімді қалтқысыз қызметімен ақтай білді. Қазақстанның еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері атанды. Кеңес Одағының Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды.
Өз өмірінің соңына дейін біздің облыстың Целиноград ауданындағы Көктал ауылында тұрған Сағила Аманжолқызы Есенжолова қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпақты отаншылдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде белсенділік танытып, үнемі ортақ істің жанашыры болды.
Қарапайым еңбектің даңқты адамы, ардақты ана, асыл әже Сағила Аманжолқызы Есенжолованың қазасына орай барлық ақмолалықтарға, марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына көңіл айтамын. Анамыздың жатқан жері жарық болсын!
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.