Құрбан айтты үйде намаз оқып, дұға жасап қарсы алуға да болады – ҚМДБ өкілі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат. Елдегі карантинге байланысты биыл мұсылман қауымының Құрбан айт мейрамын қарсы алу рәсіміне өзгерістер енгізілді. Басты талап – сақтық шараларын бұзбау. Коронавирус кезінде аталған мерекені қарсы алу мен оның ереже-талаптары туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков әңгімелеп берді.

«Әлемді жайлаған коронавирус індетін жою мақсатында әрбір азамат алдымен сақтық шараларын ұстанған жөн. Бұл індет көптеген жоспарлар мен белгіленген шаралардың сол сияқты айтулы мерекелердің аталып өтілуіне шек қойып отыр. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша қауымнан өз қауіпсіздіктері үшін карантин ережелерін бұзбауға шақырады. Сонымен қатар халықтан биылғы Құрбан айт мейрамын бұрынғыдай базарға барып мал алып сойып, қонақ шақырып, қонаққа барып айттауды тоқтата тұруын өтінеміз», – деді Смайыл Сейтбеков.

Оның айтуынша, аталған мейрамды әр пенде өз отбасымен қарсы алып, үйде отырып дұға-тілек жасағаны абзал.

«Азаматтарымыз мешітке бармадық, айт намазы оқылмады, бұрғынғыдай құрбандық шалмадық деп қынжылмауы тиіс. Құрбан айтты әрбір пенде үйде отырып намаз оқып, дұға жасап қарсы алуға да болады. Биылғы Құрбан айтты қарсы алудың ерекшелігі сол, мешіттерде айт намазының оқылмауы. Дегенмен әр пенде өз үйінде оқуына болады. Қауіпсіздік мақсатында еліміздің бас санитар дәрігерінің талабы бойынша құрбандық шалуға рұқсат жоқ. Ал ауылдық жерде халықтың шоғырлануы аз және жер үй болғандықтан құрбандық шалуға кедергі жоқ. Қалалық жерде құрбандық шалуға тыйым салынған. Ал ниетті кісілер үшін біздің басқарма Qurban2020.kz сайтын іске қосты», – дейді ол.

Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Құрбан айтты қарсы алу сәтінде әрбір азамат қауіпсіздік қағидасын қатаң ұстанып, ортақ ережеге бағынғаны жөн.

«Құрбандық шалуға қатысты айтып өтетін тағы бір мәселе бар. Құрбандық иесі бұрынғыдай еттің үштен бір бөлігін өзіне алып кете алмайды. Сол үшін азаматтардан түсініспеушілікпен қарауын сұраймыз. Өйткені құрбандықтың үштен бір бөлігін алуға адамдар келсе, кезекке тұру басталады, ондай жағдайда санитарлық шара сақталмайды деген сөз. Құрбандыққа шалынған етке келсек, бізде мұқтаж жандардың тізімі бар, сол кісілерге теңдей үлестіріледі», – деді С. Сейтбеков.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар