Арғымақ ат алты ай жүрсе таусылмайтын, ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың белі кетіп тұяғы тозатын, мол пішілген қазақы шапанның өңіріндей қазақ даласы, соның ішінде Арқа алабының бір пұшпағы, әсем табиғаты жүректі тербеп көңілдің хошын кіргізер дертке дауа жанға шипа сап ауасы, жұпары аңқыған бетегелі боз даласы, қыз қарағай ақ қайыңы, арудың жанарындай таза күміс көлі еріксіз өзіне баурайтын көрікті Көкше ықылымнан өнердің тал бесігі болған киелі мекен.
Арқаның әншілік мектебінің биік тұғырын қалыптастырған ән алыбы Біржан салдан бастау алатын алтын қоңыраулы жез бұйдалы өнер керуені күні бүгінге дейін толастаған емес, тоқтамайды да.
Айтайын дегенім, үш жүзді әнмен әлдилеген кешегі Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың заңды жалғасы, ізбасары, мұрасын жалғастырушы һәм насихаттаушы Көкшенің Айбозымы атанған, Көкшенің ғана емес-ау, Алаштың Айбозымына айналған Қажыбай бауырымыз жайлы бір үзік естелік еді.
Мизам шуағы сынды аз ғана ғұмырында бабадан балаға аманат болған қасиетті ән өнерінің қасиетін кетірмей, туын жықпай, босағада қалдырмай төрге сүйреген асылымыз еді. Киелі өнердің көшбасындағы үкілеп ұстап, тұмар ғып байлаған бозтайлағымыз, бозала таңнан боз даласын әні мен оятқан ақтаңгеріміз еді.
Сұм өмір тонап жатыр ісің бар ма,
Баяғы күш баяғы түсің бар ма.
Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,
Желігін жерге тықпас кісің бар ма, –
деп хакім Абай айтқан сөз ақиқат. Жазмыштан озмыш жоқ, ортамыз ойсырап қалды, амал не, қамшының сабындай қысқа өмірге бәріміз де қонақпыз.
Өткен жылы Біржан сал бабамыздың 185 жылдық торқалы тойына арнайы шақырдым. Баба жолы серілік сәнімен, әсем әнімен, мәйекті мәнімен келіп той сахнасының ажарын ашып, ел мерейін көтерді. Жиналған қауымның құлақ құрышын қандырып, ұлттық өнерге шөлдеген жұрттың шөлін басты десем артық айтқан сөз емес. Қажыбай ән салғанда Көкшенің көк күмбезі күмбірлеп, Оқжетпестің түндігі желпілдеп кететін. Орман-тоғай, дала тегіс Қажыбаймен бірге ән салатындай. Қажыбай әнді найзағайдай жарқылдап, Қопаның көліндей толқып, дауылдай ұйытқытып, самалдай есіп, еркелеп айтатын. Қырандай зәу биікке самғата үзілдіре шырқайтын. Ең нашар деген әннің өзі Қажыбайдың орындауында өңі өзгеріп, құлпырып кететін. Үкілі домбырасы қолында, үкілі бөркі басында, ақ шапанын жамылып сахнаға шыға келгенде залдың іші нұрға толғандай болып, көз қуанып, көңілдің хошы кіретін.
Алғаш Біржан салдың «Айбозым» әнін Алматыда консерватория қабырғасында Қайрат Байбосыновтың алдында орындап, осы әнмен оқуға бірден қабылданып, осы оқиғадан кейін Көкшенің Айбозымы атанып кеткенін біреу білсе, біреу біле бермейтін болар. Қажыбай бауырымыз тек сахнада ғана емес, күнделікті тірлікте де аппақ болып киініп жүретін еді. Ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісі ме дерсің. Ішінің кірі жоқ таза, маңғаз, жатты жақын, алысты бауыр ететін ақ көңіл, өте талғампаздықпен кеңпейілді, мәрт, қазақы мінезді, рухы биік жан болатын.
Осындай асыл азамат, арқалы әнші, біртуар ән майталманы бүгінде мәңгілік жер бесіктің әлдиінде жатыр. Асқақ дауысы құлағымызда, жарқын бейнесі санамызда, шығармашылық жолы өнер тарихында қалары сөзсіз. Отбасы, барлық ағайын туысына қайғырып, көңіл айтамын. Топырағы торқа, жаны жәннатта болсын. Қазақ өнері, қазақ әні, Айбозым деп еркелеткен елі барда Қажыбай да бар. Мәңгі ұмытылмайды!
Ермек НҰҒЫМАНОВ,
Біржан сал ауданының әкімі.