Өнегелі ғұмырдың жемісі

Арамызда адамгершілікті, адалдықты, кішіпейілділікті, ар-намысты ту етіп ұстайтын жандар аз емес. Мұндай жақсы кісілер жарқыраған күн секілді адамдарға жан жылуын бөліп, айналасын шуақтандырып жүреді. Солардың бірі – мемлекеттік қызмет саласында адал қызмет етіп, жоғары кәсібилік пен іскерліктің үлгісін көрсете білген ұйымдастырушы, білікті маман Күләш Жүсіпова.

Күләш Абдуахитқызы 1956 жылы Торғай облысы Жақсы ауданының Терісаққан ауылында дүниеге келген. 1980 жылы С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік институтын тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол әріптестері арасында еңбекқорлығы, парасаттылығымен көзге түседі. Осы саланың суығына тоңып, ыстығына күйіп, қаншама ауыртпалығын басынан өткерді. Ел болашағының жарқын болуы үшін ең бастысы, білім қажеттігін жан дүниесімен сезінген ол әрбір шәкіртінің жанына үңіліп, көкірегінде жылт еткен бір қасиетті байқаса, оның шырағын жағып, жалынын лаулатуға тырысатын. Ол қызмет істеген мектептің жұлдызы әрдайым жарқырап жанып, тәрбиелеген шәкірттері биік белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жетті. Өйткені, ол жан-жақты білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, алыстан ойлайтын алғыр да ардақты жан ретінде танылды.
«Ұлы адам ұлық болмайды, мәуелі ағаш биік болмайды» демекші үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін өте қарапайым, кішіпейіл жан ұжымды әрдайым бір отбасындай ұйытып, еңбекке жұмылдырды. Еңбекқорлығы мен табандылығы, тапсырылған істі жоғары жауапкершілікпен атқаруға деген ынтасымен танылған Күләш Жүсіпова 1980-1983 жылдары Терісаққан ауылдық кеңесінің депутаты, 1980-1985 жылдары Терісаққан орта мектебі кәсіподақ комитетінің, кейін бастауыш партия ұйымының төрайымы болды. Әртүрлі салада құрылған комиссиялармен, депутаттармен жұмыс істеп, оларды халықтың мүддесін ойлауға жұмылдырып, үнемі игі істердің ұйытқысы болып жүреді. Әлі күнге дейін әріптестері оның мінезінің қарапайымдылығын, елгезектігін, көпшілдігін тебіреніспен еске алып отырады. Кейін өмірін жаңа арнаға бұрып, мемлекеттік қызмет саласына ауысады. Әр жылдары Жарқайың ауданының халықты әлеуметтік қорғау бөлімінде, Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы, Ақмола облысының еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Президентінің мәдениет орталығы, Білім және ғылым министрлігінде абыройлы еңбек етті. 2011 жылдан Ақмола облысының білім саласындағы бақылау департаментінің білім беру сапасын сырттай бағалау бөлімінің бас маманы болып еңбек етті. Кәсібінің қиындығына төтеп беріп, әділдігі мен адалдығының арқасында үлкен абырой мен беделге ие болып, осы ұжымнан құрметті еңбек демалысына шығады.
Мемлекеттік қызметшінің бойында аса жоғары жауапкершілік, отансүйгіштік қасиет пен елге деген жанашырлық болуы тиіс. Сонда ғана ол жақсы маман атанбақ. Бұл ұзақ жыл мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен Күләш Жүсіпованың пікірі. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған жан абыройлы міндет арқалаған жылдарын жастарға үлгі етеді.
–Осы жылдар ішінде түрлі салада еңбек ету арқылы жан-жақты білім мен дағдылар, тәжірибе жинақтадым. Бұл маған мемлекеттік қызметке дейін жұмыс істеген салаларда тиімді шешім қабылдау кезінде септігін тигізіп келді. Мемлекеттік қызмет – ең әуелі үлкен жауапкершілік пен біліктілікті, өз ісіңде үнемі шыңдалуды талап етеді. Адам жеке тұлға ретінде өзін-өзі тұрақты жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы қажет. Бұл ретте, қай салада еңбек етсек те, кейін соңымызда өзіміз ұялмайтындай, үлгі боларлық іс қалдырғанымыз жөн. Қазақта жиі айтылатын «наныңды адал тауып жеу» қағидасы осыған саяды. Мемлекеттік қызметте жүріп, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді және еңбекқор жандармен көп араластым. «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп ұлыларымыз айтқандай, ортақ мүдде үдесінен шығуды алдымызға міндет ретінде қоя алсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген салада үздік, білікті маман болса, елдің де келешегі кемел болмақ. Мемлекеттік қызмет – қоғамның саған деген сенімі. Осы сенімге селкеу түсірмеу керек, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Өз жұмысына адал, іскер маман көпке, әсіресе, жастарға, жас қызметшілерге үлгі-өнеге. Жаңа қызметке тұрған мамандарға жол көрсетіп, қолтығынан демеудің пайдасы зор. Бұрын тәжірибелі мамандардан ұстаз тағайындалып, маманның қателігіне сол жауапты болатын. Жоғары кәсібилік пен іскерліктің үлгісін көрсете білген Күләш Абдуахитқызы осындай тәлімгерлік мектепті жаңғыртып, мемлекеттік қызметке алғаш орналасқан талай жас маманның әрі қарай қызметте кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ықпал етті. Қызметтік міндеттерді түсіндіріп, оларды сапалы орындаудың әдістері мен тәсілдерін көрсетіп, жас мемлекеттік қызметшілердің бо-
йына адамгершілік, жауапкершілік, бастамашылық, кәсіби шеберлік, мұқияттылық секілді қасиеттерді сіңірді.
Күләш Жүсіпованың жемісті еңбек еткен жылдары ел тәуелсіздігінің нығаю жылдарымен тұспа-тұс келеді. Оның тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына, өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі зор. Елге сіңірген еңбектері мен атқарған қызметі үшін Күләш апайдың алған марапаттары да бір төбе. Ұстаздық қызметінде 1986 жылы Қазақ ССР Ағарту министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. Мемлекеттік қызмет саласында да бірнеше марапатқа қол жеткізді.
Барлық қажыр-қайратын, күш-жігерін аянбай, алдыңғы қатарда еңбек етіп, бүгінде сол қажыр-қайратының зейнетін көріп отырған ардагер апамыз талай жыл жинаған оң тәжірибесін жас мамандарға үйретуден жалыққан емес. Өмірін өнегемен өрген Күләш Абдуахитқызындай білікті маманның бар саналы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Біз де биігіңіз аласармасын, ел алдындағы абыройыңыз асқақтай берсін демекпіз мемлекеттік қызметтің ардагеріне.

Манат ӘБІЛМӘЖЕНОВ,
Ақмола облысының білім саласында
сапаны қамтамасыз ету департаментінің
бөлім басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар