Батыр атындағы мектепке жөндеу жүргізілуде

Целиноград ауданындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 Қосшы орта мектебіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын оқу жылы аяқталысымен бастаған мердігер компания «Сарыарқа LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі білім ошағын бірінші қыркүйекке дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Былтыр Президент аталған мектепте болғанында оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалу қажеттігін айтқан болатын. Сол кезде күрделі жөндеу мәселесі шешім табумен қатар, мектепке отыз ноутбук әкелініп, мультимедиялық кабинет жабдықталды.
Білім ошағының ғимараты 1964 жылы салынған. Мектеп директорының міндетін атқарушы Сұлуай Ілиясованың айтуынша, бұл содан бері жүргізіліп жатқан алғашқы күрделі жөндеу. Одан бұрын ғимарат тек ағымдағы жөндеуден өткен. Қазіргі таңда онда су құбырлары, электр желілері ауыстырылып, үшінші қабатында ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат орталықтандырылған су, жылу жүйелеріне қосылған.
Жалпы, мектеп 1438 балаға арналған. Осыдан үш-төрт жыл бұрын жергілікті әкімдік бастап, аудандық мәслихат депутаты Сайра Матайбаева қолдап, мектепке қосымша ғимарат беріліпті. Қазіргі таңда онда бастауыш сыныптар оқиды.
– Мектебіміз 1998 жылдан Рақымжан Қошқарбаев атындағы №18 мектеп болып аталды. Ал, 2015 жылдан бері батыр атындағы №1 Қосшы орта мектебі аталып келеді. 2019-2020 оқу жылында 1464 оқушы білім алса, оның 600-ге жуығы бастауыш сынып оқушылары. Биыл 11-сыныпты 42 оқушы тәмамдады. Бес оқушыны «Алтын белгіге» ұсынғанбыз, оның екеуі ақтады. Үшеуінің балдары сәл жетпей қалды. ҰБТ-ның көрсеткіші былтырғыға қарағанда төмендеу, 63 пайызды құрады, – деді мектеп директорының міндетін атқарушы. Қазіргі таңда мұнда 120 мұғалім еңбек етеді. Жетпіс пайызы еңбекақыны жаңа санат бойынша алады.
Оқушыларды қашықтықтан оқыту кезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларының балаларына мектептен 56 ноутбук пен компьютер беріліпті. Айта кетейік, білім ошағында Қосшы ауылының оқушылары ғана емес, жақын маңдағы Тайтөбе ауылы мен саяжай учаскелерінде тұратын балалар да келіп оқиды. Себебі, Тайтөбеде орыс сыныптары жоқ. Қосшыдағы екі тілде білім беретін мектепке оқушыларды арнайы автобус тасымалдайды. Директордың айтуынша, батыр атындағы мектепте орыс сыныптарына қарағанда қазақ сыныптары көп. Мәселен, былтыр сегіз бірінші сынып болса, оның алтауы қазақ тілінде дәріс алады.
– Жаңа оқу жылында мектебіміз оқушыларды жаңа бір леппен қарсы алғалы отыр. Тек, пандемиядан аман-есен шығып, бұрынғы дәстүрлі оқыту жүйемізді жалғастырсақ екен дейміз. Барша ұстаздардың тілегі осы, – дейді Сұлуай Ілиясова.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар