Қазақ елі даңқы жер жарған азаматымен, аты аңызға айналған ұлы спортшысы Жақсылық Үшкемпіров балуанмен қоштасуда. Бұл оқыстан келген халқымыз өміріндегі аса ауыр қаза болды. Жер жаһанды қыспаққа алып тұрған осынау алапат індет атпал азаматтың абырой-атағына да қарамайды екен. Тағдырдың жазуы осылай болса, бұған не шара!
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір бауырымыздың өз ғимаратының төрінде Жақсылық балуанды қабылдап, біздерді шақырып алып, басымызды қосқаны күні кеше ғана сияқты еді. Міне, енді қаралы хабарды естіп қабырғамыз қайысып, сең соққандай есеңгіреп отырмыз. Сол жолы әйгілі балуанды, Қазақстанның Еңбек Ері, халықтың қалаулы қайраткер азаматын ортаға ала отырып, ашық жарқын сұхбаттасқан күн болып еді-ау! Біз сонда Жақсылықтың ұлы спортшы, даңқты балуан ғана емес, жайдары мінезді жайсаң жан екеніне көзімізді жеткізіп сүйсініп, қимай қоштасып едік. Ол бізге ежелден таныс, дос-жар адамдай әсер қалдырып еді. Сол жайраңдаған дархан пейіл, жомарт жүректі балуанның бұл күндері арамызда жоқтығына, тіпті, көңілің еш сөнбейді екен. Иә, бәріміздің де көз алдымызда сонау Мәскеу Олимпиадасында әлемнің кілең атақты балуандарының аяғын көктен келтіріп, чемпион атанып, айды аспаннан шығарып еді-ау! Қаншама жылдар империялық пиғылдағы одақ спортының шенеуніктері талай рет аяқтан шалып, сол Мәскеу Олимпиадасына да жібермеуге тырысқан. Сонда Д.А.Қонаевтың тікелей араласып, күш салуымен ғана Жақсылық бауырымыздың жолдамаға қолы жеткен болатын. Елінің қайсар ұланы сенімді ақтады, жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың атын әлемге танытып, дүние жүзінің әлденеше дүркін чемпионы атанған Қажымұқан атасының жеңісті жолын жаңғыртқан еді. Тоқпақтай перзентіне сүйсініп, қол соққан барша қазақ «Тусаң ту!» деп бөркін аспанға атып, шартарап алдында мәртебесі асқақтаған. Сонда оның күресін көруге арнайы ұшып барып, чемпиондық тұғырға көтерілгеніне куә болған Дінмұхамед Ахметұлы шыдай алмай аренаға шығып кетіп, Жақсылық інісін бауырына басып тұрып «чемпион балуаным, өзің бір жапырақ қана екенсің-ау!» деп толқып тұрып, қалжың айтқан екен. Міне, қазақ баласының сын сағатта намыс-жігері от болып тұтанып, жалындай лаулайтынын Жақсылық жер жүзіне осылайша дәлелдеп еді-ау! Осындайда қолтоқпақтай қазақ перзенті Жақсылықтың сондай жұлдызды шағы сонау тарихымыздағы Әбілмансұр-Абылайдың қолтоқпақтай бозбала шағында қалмақтың батыр қолбасшысы Шарышпен жекпе-жекке шығып, жеңіп, қалмақ-жоңғар қолынан жеңісті тартып алып «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» соғысының тағдырын шешкені, қазақтың аруағын асырып, рухын асқақтатқаны елестейді.
Жақсылықтың Мәскеу Олимпиадасындағы жеңісінің де тарихи маңызы халық үшін аса жоғары, әрі қымбат болатын. Иә, қазақ деген ұлы халықтың намыс-жігері әр замандарда осы Абылай, Еңсегей бойлы Ер Есім, қасқа жолды Қасым, Кенесары-Наурызбай, Махамбет, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Қажымұқан, Балуан Шолақ, Жақсылықтай перзенттері арқылы танылып келгені рас. Империя олар арқылы қазақ жұртын таныды.
Жақсылық Үшкемпіров ата-бабаларының оянған рухындай, айға шабардай арыстан жүректі, ұлтының марғасқа перзенті еді. Әттең, ерте сөніп кетті. Жақсылықтай ұлтының намысты ұланы ғасырлық ғұмыр кешуге лайықты болатын.
Ол спортпен қоштасса да, халқынан бір сәтке де ажыраған жоқ, ұлтының мұңын мұңдап, жырын жырлап өмір сүрді.
Кәсіпкерлікке бет бұрып, бұл салада да нағыз ерен азаматтығын танытты. Ол қаншама спорт мектептерін, балабақшалар салдырып, ашуға мұрындық болды. Ұлтының жоқ-жітігін түгендеуге үнемі атсалысып отырды.
«Балуанға оң-солы бірдей» деген сөз, нақ Жақсылыққа бағытталғандай еді. Оның қолы тиген іс жанданып сала бергеніне барша жұрты куә болып отырды.
Қайран, Жақсылық ер, жеңіліс дегенді білмеген қазақ халқының батыр балуаны, сені жұртың «Жауырыны жер иіскемеген Жақсылық» деп, көтермелеп, дәріптеуші еді, міне, енді, сенің де жауырының жер иіскеп, жамбасың жер қойнына тапсырылар шақ жеткен екен, бақұл бол, барша ұлттың бауыры!
Қазақ деген халық барда сенің есімің ешқашан өшпейді, Сен халқыңмен мәңгі біргесің!
Ардағы елдің, асыл туған, Жақсылық!
Алаш ұлы, асып туған, Жақсылық!
Атаңа нәлет, алып ұрып, мына індет,
Қайран ерді, алып кетті-ау, асқынып.
Намысы боп туған елдің, Жақсылық!
Биігі боп тұрған елдің, Жақсылық!
Тым тәкаппар, асқақтаған Мәскеудің,
Тұрдың-ау, ер, тұғырында қасқиып.
Ғасырларда жарық көрер біртуар,
Талай ұрпақ өз жолыңа ұмтылар.
Сендей ердің ісі мәңгі, өйткені,
Ардақтысын аялайтын жұртың бар!
Көкшетау қаласы зиялы қауымының атынан: Тельман Мұқышев, Төлеген Қажыбаев, Шабдан Тоқмурзин, Сәбит Шағыров, Марат Сырлыбаев, Нұртас Ахат, Дәулет Әмірұлы.